Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 22:46

Ұсыныс-пікірлер назарға алынды

07.06.2022

637

0

Азаттықтың арайлы таңынан бастап елдің санасын сілкінтуге бағытталған батыл бастамалар мен мазмұнды бағдарламалардың байыппен іске асуына руханият өкілдерінің қосқан үлесі өлшеусіз. Өркениетке қадам басқысы келетін әрбір елдің бәсекеге қабілетті білімі, өзгеге үлгі етер тәрбиесі болуы шарт, ал осы екі қасиетті ұстап тұру үшін мәдениетінің жоғары болуы міндетті. Өйткені мықты мәдениет – руханияттың қайнар көзі.

Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пі­кірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қа­лып­тас­тыруға, кеңейтуге өз кезегінде мерзімді басылымдардың да қосқан зор үлесі бар. Елдің жасампаз істерге толы шежіресін жазу жолында Сыр өңіріндегі, оның ішінде аудандағы газет қаламгерлері үнемі ізденіс үстінде жүрді. Әсіресе аймақтың тыныс-тіршілігін, халықтың әлеуметтік жағдайын, жеткен жетістігі мен еңбек адамын насихаттау журналистер атқарған толассыз істердің қатарында екенін айта кеткен жөн. “Жалағаш жаршысы” газеті – аймақта өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқын, аудан жұртшылығы сүйсіне оқитын, тамыры тереңнен бастау алатын беделді басылымдардың бірі. Қазіргі таңда «Жалағаш жаршысы» газеті аудан халқының басты газеті, барлық тіршілікті хабарлап отыратын айнасы іспетті.
Бүгінде газет қаламгерлері – өңір тынысын айшықтап, Президент тапсырмасына сай ауданда атқарылып жатқан толымды істерді өз мақалаларына арқау етіп қана қоймай, елдің мұң-мұқтажын да қағаз бетіне түсіріп, билікке жеткізіп жүрген алтын көпір. Сүбелі де сүйекті мақалалары арқылы, сөз маржанын терген өлең жолдарымен де бардың бағын асырып, жоқтың жоғын жоқтай білетін ерекше маман иелерінің руханият әлеміндегі орны бөлек. Ауданға басшы болып келгелі көптеген сала қызметкерлерімен келелі кездесулер өткізіп үлгерген аудан әкімі Асқарбек Есжанов қалам иелерімен басқосуды кейінге қалдырғанының себебін «Соңғы түйенің жүгі ауыр» деген бір ауыз сөзімен шегелеп берді. Иә, расымен қалам иелеріне жүктелер жүк ауыр. Ол жүктің ауыр болары хақ. Өйткені төртінші билік өкілдері қашанда елмен бірге, халықтың жетістігін де, кем-кетігін де, жалпы елдегі барлық мәселені көтеріп, тиісті деңгейде қажетті орынға жеткізе алатын да осы қызметте жүргендер екені мәлім. Сол үшін журналистер билік пен халық арасындағы алтын көпірге теңеледі.
Аудан әкімдігінде бас қосқан жергілікті ақын-жазушылар, сала ардагерлері мен бүгінгі «Жалағаш жаршысы» газетінің ұжымы аудан басшылығының ыстық ықыласын сезінді. Қаламгерлер қауымы бұл кездесуде емін-еркін елдің жайын, руханият әлемінің озығын да, тозығын да ортаға салды. “Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы” демекші, көбінің ойы бір жерден шықты, мақсаттары бір арнада тоғысты. Яғни ауданда қалам иелерінің басын қосатын, жергілікті ақын-жазушылардың жаңа туындыларына қолдау көрсететін руханият орталығының жоқтығы тілге тиек етілді. Бірақ бұл мәселе тек саланың майталмандарын ғана толғандырмапты, аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы да осындай орталықтың бір ауданға қажет екенін назарда ұстайтынын мәлімдеді.
– Ақпарат айдынында өзіндік орны бар «Жалағаш жаршысы» газетінің қашаннан ешкімге ұқсамайтын өз жолы бар. Басылым материалдарының рухани бағыты мен мазмұндық мәні терең, оқырманға ой сала білетіндігімен ерекшеленеді. Ал кешегі газеттің 85 жылдық тарихында елдің көкейіндегісін айтатын, еңбеккерлердің ерен еңбегін жариялаған, осында әр жылдары қызмет атқарған Т.Сарыбаев, А.Сәдібеков, Т.Дайрабаев, И.Шахаров, С.Баймаханов, Т.Тәше­нов, М.Ілиясов, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев, Қ.Нұр­ға­лиев, А.Бекарыстанов, Б.Уызбаев, І.Мұстафаев, Б.Шайланов, Ж.Әбжәмилов, А.Тілеулиев, Қ.Нұр­ханов, Т.Ахметов сынды қарымды қаламгер­лер өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Бүгінгі қалам иелері сол қаймақтардың ізін жалғаған, алдыңғы буынның аманатын, төл басылымның абыройын арқалап жүрген жандарсыздар, – деген өңір басшысы руханият өкілдерінің еңбегі ешқашан елеусіз қалмайтынын айтады.
Кезінде заманның әлі дами қоймаған уақытында ауданның төл басылымында қызмет еткен ардагерлер де қиын кезеңдерді еске алып, тарихтан сыр шертті. Қазіргідей ғылыми технологиялардың жоқтығы былай тұрсын, тіпті газет қызметкерлері айлап айлық-жалақысыз да еңбек еткен. Баспахана жұмысының қиындығына қарамастан барлығын еңсеріп шыққан сол кездегі қызметкерлердің еңбегі кейінгіге үлгі қыларлықтай. Қазір шүкір, редакцияның ахуалы жақсы, жағдай жаман емес. Көштен кеш қалып қойған да жоқ. Газет ұжымы бүгінгі таңда оқырмандарға сапалы әрі жылдам жаңалық жеткізуде аянбай еңбек етіп келеді.

Алтынай МҰРАТ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
І курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: