Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел» деді. «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы керектігі айтылды. Бұл – жаңа қоғамдық келісімнің іргетасында тұрған маңызды постулат. Қоғамдағы заң мен тәртіптің қатаң сақталуы – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің басты көрсеткіші. Заңның үстемдігі орнаған елде азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалып, әділдік пен теңдік принциптері сақталады.
Соңғы жылдары елімізде құқықтық мемлекетті қалыптастыру мақсатында ауқымды реформалар жүргізіліп, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жобалар қолға алынды. Бұл жүйелі жұмыстар азаматтардың құқықтарын қорғауға, қылмыстың алдын алуға, құқық қорғау органдарына халықтың сенімін арттыруға және қоғамдағы әділеттілікті орнатуға бағытталған.
Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Заң және Тәртіп» қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары» тақырыбында форум өтті. Алқалы жиынға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Абзал Құспан, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, құқық қорғау органдары мен жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Аймақ басшысы қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы бірлескен маңызды міндеттерді айқындады.
– Биыл 1 сәуірде Үкімет қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітіліп, нақты міндеттер белгіленді. Өңірімізде «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыруда облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлымен бірлесіп кешенді шараларды қолға алып, жаңа бастамаларға үздіксіз қолдау көрсетіп келеміз. Құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізілген кешенді әрі үйлесімді шаралардың нәтижесінде өңірімізде ахуал тұрақты. Статистикалық ақпараттарды салыстырмалы түрде қарасақ, аймақта 2015 жылы 6 мыңға жуық қылмыс тіркелген болса, нақты жұмыс нәтижесінде бұл көрсеткіш 1158-ге дейін азайды. Соңғы үш жылда құқық бұзушылық көрсеткіші едәуір қысқарды. Бүгінде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық саны бойынша Қызылорда облысы республикадағы ең төменгі позицияда, яғни 20 өңірдің ішінде 19-шы орындамыз. Біздің міндет – тек көрсеткішті ғана емес, құқық бұзушылықты тұрақты түрде төмендету. Жол-көлік оқиғаларын азайтуда жол инфрақұрылымын дамытуға басымдық бердік. Түрлі гаджеттер мен смартфондағы бағдарламалар көмегімен жасалатын алаяқтық, кибершабуыл схемалары сәт сайын өзгеріп жаңаруда. Қаржы пирамидалары, лудомания, интернет буллинг азаматтарды қиын жағдайда қалдыруда. Мүдделі құқық қорғау органдары қолда бар ресурстармен шектелмей, қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қоятын жаңа тетіктерді дамытуы тиіс. Осы бағыттағы қылмыстарды анықтауда жасанды интеллектті пайдалану – орнықты шешімнің бірі. Бүгінгі форум – біздің алдағы жұмыстарымызды жаңа формацияда жүргізуге өз септігін тигізеді деп сенемін, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Соңғы 3 жылда полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл бұл мақсатқа 2 млрд 800 млн теңге қаралып, заманауи құрылғылармен, жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Республикада алғашқы болып облыстың барлық ауданында полиция бөлімдерінің Жедел басқару орталықтары ашылды. Қауіпсіздікті күшейту, жедел әрекет ету мақсатында бейнебақылау камераларының желісі көбейтілді. Барлық ауданға құны 2 млрд 200 млн теңге болатын 539 бейнебақылау, 49 жылдамдық өлшейтін камера орнатылды. Соңғы жылдары полиция қызметкерлеріне заманауи құрылғылармен жабдықталған 128 жаңа автокөлік табысталды.
Биыл тағы 31 қызметтік автокөлік тапсырылып, арнайы құрал-жабдықтар көбеймек. Бұл мақсаттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ашықтық қағидатына сәйкес қала, аудандарда құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге қоғамдық қабылдаулар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімділігін арттырып, әділетті қоғам құруға тың серпін бермек.
Құқық бұзушылықтардың алдын алуда ерекше белсенділік танытып, киберкеңістіктегі заңсыз әрекеттердің жолын кесуге үлес қосқан мамандарға облыс әкімінің сыйлық сертификаттары мен облыс прокурорының алғыс хаты табысталды. Олардың қатарында Жалағаштан аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Әбзәли Төлеутай да бар. Қызылорда облысы прокурорының 2025 жылғы 22 сәуірдегі өкіміне сәйкес, Қызылорда облысының аумағында «КИБЕРВОЛОНТЕР» атты қадағалау-профилактикалық іс-шарасы басталды. Аталған шара бойынша Жалағаш ауданында бірқатар жұмыс атқарылды.
– Аудан прокуратурасымен бірге қоғамдық орындарда тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер, кибербуллинг, жалған ақпарат пен алаяқтықтың алдын алу жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Әсіресе жасөспірімдер мен балаларды онлайн ортадағы теріс әрекеттерден қорғау бағытын назарға алдық. Мақсат – құқықтық сауаттылықты арттырып, цифрлық қауіпсіз қоғам құруға үлес қосу. Ең бастысы, бұл бағыттағы шаралар бір реттік емес, тұрақты және жүйелі түрде жүзеге асырылуда, – дейді Әбзәли Бозжанұлы.
Жалағашта бұл бағытта жүйелі жұмыс бар. Аудандық полиция бөлімінің нәтижелі жұмысының арқасында Жалағашта халықтың полицияға деген сенімі артқан. Құқық қорғау органдарының кәсіби деңгейінің арқасында қоғамдық тәртіп сақталуда. Бүгінде полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ауданда «Жедел басқару орталығы» құрылып, бейнебақылау жүйесі кеңейтілуде. Бұл қадам қылмыстың алдын алуға және құқық бұзушылықтың азаюына ықпал етуде.
Айта кетейік, бүгінде ауданда, яғни кент және ауылдық округтерде бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр. Жалпы кентте қазіргі уақытта 71 көшеде 1205 жол белгісі орнатылған. Жол белгілерін күтіп ұстау, тозғанын жаңалау, бағаналарын сырлау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Ал жол жүрісін реттеу үшін 4 көше қиылысына бағдаршамдар орнатылған. Мұнан бөлек Жалағаш аудандық полиция бөлімінде жедел басқару орталығы өз жұмысын бастады.
Ауданда 1400 бейнебақылау камерасы, 19 интеллектуалды қиылыс пен 58 жылдамдық өлшегіш орнатылып, жедел басқару орталығы қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар аудан орталығына қосымша 77 бейнебақылау және 7 жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін автоматты түрде анықтайтын жылдамдық өлшеу камерасы орнатылды.
Ж.МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!