Халықтың үніне айналған кез келген басылымның беттері тұнып тұрған тарих. Әр кезеңдердегі қоғамдық саяси өзгерістер, ел, жер тарихы мен шежіресін газет тігінділерінің сарғайған беттерінен оқып білуге болады. Сондай ақпарат құралдарының қатарында Мемлекет басшысының саясатын насихаттап, халық арасында қоғамдық пікір қалыптастыратын, жаңалық пен жақсылықтың жаршысы, нақтылап айтқанда, үгіт-түсінік, насихатшылық және ұйымдастырушылық қызмет атқаратын аудандық басылымның қызметі де ауқымды. Осындай міндеттер үдесінен шығып, уақыт талабына сай өз үнімен жауап беріп келе жатқан ресми басылым аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің жарық көре бастағанына биыл 10 қаңтар күні 90 жыл толады. Оқырмандарының сүйікті басылымына айналған аудандық газеттің тоқсан жылдық мерейтойында өткен тарихын бір таразылап, бүгінгі таңдағы тіршілік тынысына тоқтала кетпеу мүмкін емес.
Аудандық «Жалағаш Жаршысы» газетінің тарихы 1934 жылдың 10 қаңтарынан басталады. Қаракеткен МТС-ның саяси бөлімінің құрылуына байланысты 1934 жылы 10 қаңтарда «Колхозшы» деген атпен бірінші нөмірі шығып, Қармақшы аудандарының колхоздарына партияның саясатын насихаттады. Міне, осы көп тиражды газет аудан құрылғаннан кейін аудандық газет болып «Колхозшы» атымен 1941 жылға дейін шығып келді. Мұнан соң газеттің аты «Күрішшілер» деген атаумен 1958 жылдың тамызына дейін жарық көрді де, сол жылдан бастап аудандық газетке «Коммунизм үшін» деген жаңа ат берілді. Осы атпен 1962 жылғы 6 мамырға дейін шығып, арада бір жыл үзілістен соң Жосалы поселкесінен «Коммунизм шамшырағы» болып оқырманмен қайта қауышты. 1965 жылы қаңтарда Жалағаш ауданының қайта құрылуына байланысты сол жылдың тамыз айынан бастап «Жаңадария» деген атаумен шыға бастады. Кейіннен уақыт талабына орай, яғни 1993 жылдың 1 сәуірінен бастап «Жалағаш жаршысы» деген атаумен өз оқырмандарымен қауышып келеді.
Газеттің алғашқы нөміріне Сахи Жарылқасынов қол қойып (1934-1939) бес жыл редактор болса, әр жылдары Жарылқасын Дүйсенов (1939-1941), Смайл Ақжігітов (1941 жылдың тамыз айына дейін), Мұрат Нұржанов (1941-1943), Сұлтан Қожаниязов (1943-1945), Шілдебай Оңалбаев (1946-1947), Жүсіп Алтынбаев (1947-1948), Әдис Ахетов (1952-1953), Сұлтан Жүсіпов (1953-1954), Төлеш Ахметов (1954-1955), Мырқы Исаев (1955-1957), Мұрат Нұржанов (1957), Айтбай Қойшыбаев (1959-1962), Әзілхан Аманов (1962-1965), Қален Әбдешов (1965-1972), Зордан Салықбаев (1972-1986), Асқар Кіребаев (1986-1988), Мырзамұрат Ілиясов (1988-1996), Тұрсынбай Тәшен (1996-1999), Кенжеғара Сүлейменов (1999-2003), Мәлік Аяпов (2003-2004), Серік Бертаев (2004-2007), Қарлығаш Тәшен (2007-2010), Ғазиза Әбілда (2010-2017), Нағымжан Сауяев (2017-2018), Әзиз Батырбеков (2018-2020), басшылық қызметтерде болды. Ал 2020 жылдан бастап аудандық газеттің бас редакторы Кенжетай Қайрақбаев.
Аудандық газеттердің барлығы аудандық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары аудандық атқару комитетінің құрылтайшылығымен жарық көрді. Кеңестік дәуірде таралу аумағына қарамастан мерзімді басылымдар біртұтас «Жер жүзі пролетарлары бірігіңдер» деген ұранмен шықса, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл ұран «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» деп өзгертілді. Газеттердің ұйымдастырылуы, онда жазылатын тақырыптар, мақалалар барлығы да партияның пәрменімен жүзеге асып, оның орындалуын жергілікті идеологиялық хатшылар қадағалады.
Сынаптай сырғып жатқан уақыт неткен жүйрік. Уақыт өткен сайын заман өзгереді, өзгергенді көз көреді. Газетіміздің тоқсан жылдық тарихында қоғамымызда қаншама саяси-тарихи оқиғалар, жаңалықтар болып жатыр. Аудандық газет солардың барлығына әділ бағасын беріп, халықпен бірге болды. Кешегі 1930-1937 жылдардағы ашаршылық, халықты қатыгездікпен қуғын-сүргінге ұшыратқан Сталиндік репрессия кезінде елді сабырлыққа, бірлікке шақырды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарында елін, жерін неміс басқыншыларынан қорғап, Отан үшін от кешкен Сыр елінің жау жүрек жауынгерлерінің ерліктерін жазып паш етті. Бұдан кейінгі жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың және тыңайған жерлерді игеру, мал шаруашылығы мен егін саласын жетілдіру, ауыл шаруашылығын дамытудағы аудан еңбеккерлерінің ерен істері газет беттерінен орын алды. Қоғам өміріне белсене араласып, әр салада жемісті еңбек еткен дара тұлғалар мен таланттар, еңбек, өнер адамдары, Еңбек Ерлері жайлы газеттің әр жылдардағы тігінділерін қарап танысуға болады.
Уақыттың әр кезеңдерінде аудандық басылымда қаншама қарымды қаламгерлер қызмет етіп қолтаңбаларын қалдырып кетті. Мәселен, өмірлерін газетке арнаған А.Сәдібеков, Ә.Сәдуақасов, С.Махмудов, Т.Сарыбаев, С.Баймаханов, Б.Уызбаев, Қ.Нұрғалиев, А.Бекарыстанов, Ш.Бектасов, И.Шахаров, А.Тілеулиев, І.Мұстафаев, Ө.Оспанов, Б.Шайланов, Ж.Әбжәмилов, фото тілші Т.Ахметовтер өмірден өткенімен артында өшпес іс, өлмес мұралары қалды. «Жалағаш жаршысында» жұмыс жасап, шыңдалып өскен танымал журналистер Ертай Айғалиұлы, Бейбітбек Бүркітбайұлы, Еркін Әбілов, Миуа Байназарова, Бибайша Алпысбаева, Елена Әбдіхалықова, Құлтас Дастандардың есімдерін мақтанышпен атап өткім келеді.
1991 жылы 16 желтоқсанда республикамыз Тәуелсіздік алғаннан кейін ел өмірінде жаңа кезеңдер қайта құру, нарықтық қатынасқа көшу, қоғамды демократияландыру процестері басталды. Міне, осы уақыттарда аудандық басылым халық арасында үгіт түсінік жұмыстарын жүргізіп, тәуелсіздігіміздің жемістері мен жеңістері жайлы жазып келеді. Соңғы жылдары газеттің кезекті сандарында уақыт талабымен үндескен жаңа айдарлар мен арнаулы беттер жарық көре бастады. Онда жекешелендіру мен нарықтық қатынасқа көшу талабы түсіндіріліп, тіл мәртебесін көтеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, кәсіпкерлікті дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері, мәдениет, білім, денсаулық саласындағы жетістіктер қамтылып келеді.
Жасыратын несі бар, еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдардан кейінгі өтпелі кезеңнің нарық қиыншылығы аудандық газеттің уақытылы шығуы мен таралымына кері әсерін тигізбей қоймады. Нарық талабына төтеп бере алмай қаржының тапшылығынан бірқатар мекемелер мен кәсіпорындар жабылып жұмысын тоқтатты. Бюджеттік сала қызметкерлері мен зейнеткерлер жалақылары мен зейнетақыларын уақытылы ала алмауына байланысты газеттің таралымы күрт азайып кетті. Амал жоқ газеттің жазылу қаржысын аудан шаруашылықтарымен күріш, ұн, шөп, мал алу арқылы есептесуге тура келді. Ең алдымен қағаз тапшылығына ұшырадық. Бұрын аптасына үш рет шығып келген газетіміз 1991 жылы сәуір айынан екі реттен, 1992 жылдан бастап бір реттен шығатын болды. Соған байланысты штат кестесі де қысқарды.
Мұның үстіне қаржының тапшылығынан жылу қазандығы ажыратылған баспаханада газет басып шығару оңайға соқпады. Өйткені жылу болмағандықтан баспахананың теру мен баспа машиналары тұрған цехтарда суықтықтан бояулар мен қайнатылған қорғасындар, нәзік детальдар сіресіп қатып қалып жатты. Амал қанша, қолдан орнатылған «буржумка» пешіне от жағып жылынып өлмешінің күнін көрдік. Ал редакцияда мұзханаға айналған кабинеттерде қағаз жазу мүмкін емес еді. Қашан бір екі бөлмеге кантрамарка пеш салып алғанша кезекті нөмірдің материалдарын үйден жазып келетін болдық. Осындай қиыншылықтарға қарамастан редакция мен баспахана ұжымы үлкен ұйымшылдықпен нағыз патриоттықтың үлгісін көрсетті. Жалақы ала алмай жағдайлары жұқарса да қаламы мұқалмады. Түн жарымына дейін, кейде таң атқанша жұмыс істеп, қолмен әріп теріп, газет беттеп, баспа машинасымен газеттің кезекті нөмірін басып шығаратын баспахана қызметкерлерінің еңбегі нағыз ерлікпен пара пар еді. Олар қалыптасқан тәртіп пен береке бірлігінің арқасында уақытпен санаспай жұмыс істеп, өз міндеттерін абыроймен атқара білді.
Тәуелсіздік жылдарында редакция баспаханада бірге қызмет еткен газет қызметкерлері Амангелді Шілдебаев, Қуат Ахетов, Динара Мәлікова, Гүлнұр Атырауова, фото тілші Маханбет Ахметов, хатшы Жанат Иманалиева, компьютерде теріп беттеуші Бақыт Тәшкенбаева, Райхан Тәуірбаева, Ақмарал Сәрсенбаева, Ақмарал Сәндібекова, бухгалтерлер Сәуен Ахметова, Тазагүл Жидебаева, Тұрғанбай Мырзабеков, Орынкүл Тоқмырзаева, техникалық қызметкерлер Гүлбаршын Есетова, Дәмеш Ахметова, Науат Баймаханова, Алтын Ізтілеуова, баспахананың әріп терушілері Сайлаукүл Тәжікенова, Жақсыгүл Тәшенова, Рая Кенжебаева, Тазагүл Ахметова, теру машинасының машинистері Қоғажай Ерғалиева, Маржан Баймаханова, баспа машинистері Жұмабек Уақбаев, Зоя Сейтенова, Еркін Жұмабековтер нарық қиыншылығына қарсы тұрып қажырлылық танытты.
2000 жылдары қоғамдық өмірде оң өзгерістер болып, жаңа бетбұрыс басталды. Газет редакциясына да уақыт талабына бейімделіп, жаңа технологиямен жұмыс атқаруға тура келді. Сөйтіп 2002 жылы «Жалағаш жаршысы» газеті 50-інші нөмірінен бастап редакцияда компьютерде теріліп, беттеліп, Қызылордадағы «Принт» баспаханасынан басылып шыға бастады. Газетпен бірге түрлі бланкалар басып шығаратыны редакция жанындағы баспахана газеттің компьютерде теріліп, беттелуіне орай және өзін өзі ақтай алмауына байланысты 2005 жылы 14 қараша күні жабылып, жұмысын тоқтатты. 2005 жылы «Жалағаш жаршысы» 45-інші санынан бастап аудандық газеттер арасында алғашқы болып түрлі түсті бояумен шығарыла бастады.
Алайда газетімізді «Принт» баспаханасында түрлі түсті бояумен екі үш есе қымбат бағаға басып шығару – онсыз да жағдайы жұқарған редакция ұжымына жығылған үстіне жұдырық болды. Салық, жарық, баспахана, айлық жалақыға берешек қарызымыз қордаланып, жағдайымыз қиындай түсті. 2007 жылы аудан әкіміне жағдайды түсіндіріп, нәтижесінде №3 форматында түрлі түсті бояумен шығып келген газетіміз енді екі түспен (қара, көк) шығатын болды. Осылайша бұған дейін газет бастыруға кететін шығындарды үнемдеуге қол жеткізгенімен ай сайын жалақы алып жарымадық. Аудандық бюджеттен ақпараттық насихат жұмысына бөлінетін 500 мың теңге қай жыртығымызды жамасын. Жасыратын несі бар, аудан әкімі тарапынан газетке жазылуға қолдау көрсетіліп, газетке жазылу бағасы өскенімен қаржылық жағдайымыз жақсара қоймады. Сол тығырыққа тірелген кездері
Жағдайымыз жақсарып, не жаңармай,
Күтеміз кеп бір жаңалық болардай.
Бұл не нарық, қыспағында қалсақта,
Жүрміз әлі бір жауабын таба алмай.
Түсіне алмай келеміз ғой соны әлі,
Сабыр сақта, басыңа бақ қонады.
Көп тойымның бір аштығы секілді,
Аштықтың да бір тойымы болады,- деген өлең шумақтары жазылып қалған еді. «Жағдайымыз жұқармасын, қаламымыз мұқалмасын» деген тілекпен жүріп, тер төккен қаламгерлердің көптен күткен үміті алдамапты. 2014 жылдан бастап барлық аудандық газеттермен бірге «Жалағаш жаршысы» да «Сыр медиа» ЖШС-не қосылғанда қаржылық жағдайымыз қалай болар екен деп күдікпен қарағанымыз рас. Көп ұзамай газетіміз компьютерде теріліп, беттеліп, «Сыр медиа» ЖШС-нің баспаханасында офсеттік тәсілмен аптасына екі рет түрлі түсті бояумен басылып шыға бастады. Редакцияның ғимараты қызметтік көлік, компьютер секілді мәселелер шешімін тауып, материалдық-техникалық жағдайы жақсара түсті. Ең бастысы, қордаланған қарыздардан құтылып, үстімізден ауыр жүк түскендей болды. Ай сайын тұрақты берілетін жалақымен қоса қаламақы, мереке күндері сыйақы алатын болдық. Бір сөзбен айтқанда, қызметкерлердің айлық деп алаңдамай газет шығарып, шығармашылық жұмыспен шұғылдануға толық мүмкіндік туды. Сонымен қатар жаңа заманауи медиа талабына сәйкес аудандық газеттің жанынан ресми тіркелген сайт тұрақты жұмыс істейді және әлеуметтік желілер де ақпарат айдынында көш түзеп келеді.
Қорыта айтқанда, Жалағаштың тарихы мен сырлы шежіресіне айналған аудандық газеттің тойы – халықтың тойы. Олай болса «Жалағаш жаршысы» газетінің шығармашылық ұжымы мен қызметкерлерін, аудандық газет редакциясы мен баспахана ардагерлерін, барша қаламгерлерді аудандық басылымның тоқсан жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға аманшылық, шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілеймін. Ең бастысы оқырмандарыңыз көбейіп, еңбектеріңіздің игілігін көре беріңіздер.
Серік БЕРТАЕВ,
аудандық газеттің
бұрынғы редакторы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!