Жалағаш жері салауатты өмір салтын ұстанып, сол салада қажырлы еңбек етіп, ел спортына серпін берген тұлғаларға кенде емес. Солардың қатарында КСРО спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Болат Тасмаханұлының орны бөлек. Саналы ғұмырын ұлттық спортты дамытуға сарп еткен атпал азаматтың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болары анық. Сондықтан біз ел дамуына еңбек еткен осындай азаматтардың тағылымға толы ғұмыр жолын кейінгі ұрпаққа дәріптеуге міндеттіміз.
Жалпы өткенін ұлықтап, өшкенін қайта жаңғыртуда жалағаштықтар жолынан жаңылған емес. Жуырда білікті бапкер Болат Тасмаханұлының есімін жерлестері ұлықтап, тағылымды турнир өткізді. КСРО спорт шебері, республикаға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Болат Тасмаханұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2013-2014 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы облыстық турнир жоғары деңгейде өтті. Турнирдің ашылу салтанатында аудандық мәслихаттың төрағасы, халық қалаулысы Өмірзақ Елеусінов атпал азаматтың өмір жолына тоқталды, оның тек ауданның, аймақтың ғана емес, ел спортына серпін бергенін тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінде аудан спорты алға басып, салада серпін қалыптасты. Бұл сөзімізге соңғы жылдары жастардың түрлі додаларда топ жаруы дәлел. Мұның бәрі бір күннің немесе бір жылдың жемісі емес. Үлкен жетістікте спорт саласында бұрын да қажырлы еңбек еткен атпал азаматтардың қолтаңбасы бар. Болат Тасмаханұлы да осындай жандардың бірі еді. «Ол саналы ғұмырын тұтастай спорт саласына арнады» десек, артық айтқанымыз болмас. Әсіресе қазақ күресін дамытуда, жергілікті жерден аталған спорт түрінен чемпиондар шығаруда білікті бапкердің өзіндік орны бар және оны ешкім жоққа шығара алмайды. Міне, сондықтан бүгінгі шараның үлкен мәні бар. Біз Болаттай азаматтарымыздың еңбегін, өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа өсиет етіп, осындай тағылымды шаралар ұйымдастыруымыз керек. Барлық қатысушыға тек сәттілік тілеймін. Осындай білікті бапкерлер бүгінгі жастардан қалыптасады, сондықтан спорт саласындағы ізденістеріңізге, жарыс жолдарыңызда тек жеңіс тілеймін, – деді Өмірзақ Елеусінов.
Мұнан кейін спорт саласының ардагері Сұлтан Бекжанов, шәкірттері атынан Батыржан Шәйгөзов ардагердің ел спортының дамуына қосқан үлесі жайлы өнегелі естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ ардагердің ағасы Базарбай Ержанов саналы ғұмырын спортқа арнаған, бірнеше мемлекеттік марапаттың иесі Болат Ержановтың елжандылығын, саланың дамуына қосқан үлесін тілге тиек етіп, тағылымға толы ғұмырын жастарға өсиет етті.
Айта кетейік, Ержанов Болат Тасмаханұлы 1958 жылы Жалағаш кентінде дуниеге келген. 1965 жылы кенттегі 202 мектеп табалдырығын аттап, оқушы кезінен ауданда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барып, жаттықтырушы К.Көбеевтен тәжірибе жинады. 1975 жылы мектепті тәмамдаған Болат ағамыз 1976-1978 жылдары әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеді. 1978 жылдан бастап Спорт мектебіне жаттықтырушы болып қабылданған ол 1981-1986 жылдары аралығында Алматы дене мәдениеті институтының сырттай бөлімін бітірді. Аз уақытта спорт саласының дамуына мол үлес қосқан сала саңлағы қазақ күресінен аудан балаларын облыска, қалаберді республикалық жарыстарға шығарып, мықты спортшылар қалыптастырды.
Ол 1987-1991 жылдары аралығында облыстың аға жаттықтырушысы болды. Осы уақытта облыстың жас палуандарын Алматы, Семей, Қарағанды, Жамбыл, Жезқазған, Ақтөбе, Орал, Шымкент қалаларына жарысқа шығарып, олардың жеңіс жолын қалыптастырды. Садық Мұстафаев, Айтбек Сүндетбаев, Данабек Баймаханов, Өмір Теженов, Мирабек Оразбаев, Марат Рахметов, Б.Баетов, Болат Ноғаев, Батыржан Шайгөзов сынды талай додада топ жарған шәкірттері әлі де спорт саласында қажырлы еңбек етіп келеді.
Республикалық жарыстардан талай рет өзі де, шәкірттері де топ жарған бапкердің еңбегі еленіп, бірнеше рет марапат төрінен көрінді. Ол еңбек жолында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, облыстық білім және спорт басқармаларының «Құрмет» грамоталарымен, дипломдарымен марапатталған. «Лениншіл жас» газетінің жүлдесі үшін күресіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Білім және спорт саласынан 40-қа жуық грамота, дипломдармен марапатталды.
Жалпы аудан көлемінде белгілі спортшыларды тәрбиелеуде бапкердің еңбегі зор. Қазақша күрестен Кызылорда облысын республикаға танытқан таңдаулы спортшылардың бірі болды. Білікті бапкер, даңқты спортшы небәрі 33 жасында айықпас дертке шалдығып, 47 жасында дүниеден өтті. Отбасында үш бала тәрбиелеп өсірді.
Облыстық турнирге Қызылорда қаласы мен аудандардан 200-ге жуық спортшы қатысып, жүлделерді сарапқа салды. Жалпы қатысушылардың бұл додаға тыңғылықты дайындықпен келгенін аңғару қиын емес. Қазақ күресін еркін меңгерген жас палуандар турнирдің көркін қыздырды. Сайыс соңында жеңімпаздар арнайы дипломдармен, медалдармен марапатталды. Сондай-ақ жүлдегер 3 командаға кубок табысталды.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!