Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Сейсенбі, 27 қаңтар, 16:14

ЖАСАНДЫ ТҮСІК:
Таяқ боп тиетін қателік

27.01.2026

3

0

Қазақстанда жыл сайын 70 мыңнан астам аборт жасалады екен. Бұл – 2025 жылдың қазан айындағы дерек. Сол уақытта денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Хамитова осылай мәлімдепті. Сонда 70 мыңнан астам сәби жарық дүниені көрмейді деген сөз ғой. Жасанды түсік жасататындардың басым көпшілігі 25-35 жас аралығындағы арулар деген де дерек бар. 70 мың деген аз емес. Үлкен бір ауданның халқымен тең. Былай қарасаң, жыл сайын бір ауданның халқын қырып тастағанмен бірдей. Бұл сан Жалағаш жұртынан анағұрлым көп. Оның үстіне түсік жасатқан әйелдің денсаулығы да сыр беруі мүмкін.

100 әйелдің 20-сы аборт жасатады

Статистикалық деректерге сүйен­сек, елімізде әрбір бесінші аяғы ауыр әйел жүктілікті үзуге мәжбүр. Бұл 100 жүкті әйелдің 20-сы жасанды түсік жа­сатады дегенді білдіреді. Меди­ци­налық topdoc.kz сайтындағы дерек­ке сәйкес, Қазақстанда жүктілікті жа­­­санды жолмен тоқтату әйелдің өз еркімен жасалады. Негізінен жүк­ті­­ліктің 12-ші аптасына дейін, одан бө­лек әлеуметтік көрсеткіштер бойын­ша 22-ші аптаға дейін жүктілікті жасанды жолмен тоқтатуы мүмкін. Акушер-гинеколог Шакизат Халықова BAQ.KZ-ке берген сұхбатында жүктілікті үзудің екі әдісі барын айтқан. Ол: «Жүктілікті үзудің екі әдісі бар: ме­ди­циналық және хирургиялық жол. 12-22 апта аралығында жүктілікті үзу ме­дициналық көрсеткіш бойынша, яғни ананың денсаулығына қауіп төн­­ген немесе нәрестенің туабітті ақауы болуы мүмкін жағдайда жаса­ла­ды. Қазақстанда жүктілікті үзу ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұй­рығы бойынша медициналық меке­ме­лерде жүргізіледі» деп маман ретінде пікір білдірген.

Денсаулығын ойлаған әйел жасан­ды түсік жасатпауы керек

Әлемдік медицинада құрсақтағы шарана 3-4 аптаның өзінде тірі ағза болатыны дәлелденген. Мамандар жасанды түсіктің әйел денсаулығына зиян екенін ескертіп-ақ келеді.
Медицина ғылымдарының канди­даты, жоғары санатты дәрігер, ден­саулық сақтау ісінің үздігі Жұпар На­ханова «Егемен Қазақстан» газе­тіне ден­саулығы мен болашағын ойлаған әйел жасанды түсік жасатпай, оның алдын алғаны жөн деп пікір білдірген.
– Жасанды түсік жасалғанда жүкті әйелдің гормоналды жүйесі табан асты жүріп келе жатқан жолынан жа­ңы­­лып қалады. Осы гормоналды го­меостаз – гормоналдық статустың бұ­зы­луы әйелдің түрлі ауруға ұшырау ық­ти­малдығын ұлғайтады. Жасанды түсік сайын әйел ағзасы соққы ала­ды. Оның соңы жатыр миомасына айна­луы мүмкін. Ал оған мән бер­мей миома ұлғая берсе, қатерлі онко­ауруға ұласады. Сондықтан ден­сау­лығы мен болашағын ойлаған әйел жасанды түсік жасатпай, оның ал­дын алғаны жөн. Жүктіліктің өзін жос­парлап, ана­лық міндетіне жауап­кер­шілікпен қа­ра­ған әйелдің өзі де, ұрпағы да сау бо­ла­ды. Ағзасын тексеріп, тіпті тісін құрт жеп жатса да алдын ала емделгені жөн. Әйтпесе қаны аз, тісі түсіп, бүйрегі дұрыс жұ­мыс істемейтін әйелден қа­лай­ша сау бала туады? Қоғамда қа­зір туабітті сырқат балалардың дү­ние­­ге келуі азаяр емес. Оның басты се­бе­бі – ана ден­саулығының ақауында, – дей­ді жо­ғары санатты дәрігер.

Министр не дейді?

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2025 жылғы 7 қазанда өткен Үкімет бри­фин­­гінде елімізде жыл сайын шама­мен 75 мың түсік жасалатынын айтқан.
Министр қазіргі таңда емхана­ларда әйелдерге заманауи отбасын жоспарлау құралдарын тегін алу мүм­кіндігі жасалғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, денсаулық сақтау ми­нистр­лігі мен жергілікті атқарушы ор­гандар бұл жұмысты кеңейту бағы­тын­да жұмыс істеп жатыр.
– Қазақстанда жыл сайын шама­мен 75 мың түсік жасалады. Отбасын жоспарлаудың заманауи әдістері бар кезде бұл көрсеткішті азайтуымыз керек. Себебі әрбір аборт – әйелдің өмірі мен денсаулығына қауіп төнді­реді. Сондықтан денсаулық сақтау ми­нистрлігі жергілікті органдармен бір­лесіп, нақты шаралар қабылдап жа­тыр. Қазір әлеуметтік осал топтағы әйел­дерге қажетті құралдарды ем­ха­налар тегін береді, – деді министр.

Дін үкімі

Жасанды түсікке деген діннің үкімін білу мақсатында облыстық «Ақ­­мешіт-Сырдария» мешітінің пәтуа бө­ліміне жауапты маман Айболат Төле­байұлына хабарласқан едік. Ол шариғат бойынша себепсіз жасанды түсік жасату харам екенін жеткізді.
– Жатырдағы балаға жан беріл­ген­­нен кейін түсік жасатуға тыйым са­­­лынады. Алайда сенімді әрі әділ бір­­неше дәрігердің қорытындысы бо­йын­­ша құрсақтағы бала ананың өмі­ріне қауіп төндірсе, ананың өмірін сақ­тау мақ­сатында жасанды түсік жа­­сатуға рұқ­сат етіледі, – деп жауап бер­­ді.
Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масына қарасты fatua.kz сай­тында түсік жасату жазықсыз бір адам­­­ның өмірін қиғанмен тең екені жа­­зылған.
«Ғалымдар ананың құрсағындағы бала 120 күнге жететін болса, яғни ол рух берілетін мерзім, онда құрсақтағы баланы түсіруге және жасанды түсік жасауға бірауыздан қатаң түрде ты­йым салған. Абдулла ибн Масғуд (Ал­ла оған разы болсын) жеткізген ха­дис­те Пайғамбарымыз (Алланың оған сә­лемі мен игілігі болсын) бы­лай деді: «Сен­дердің әрбіріңнің ана құр­сағында жара­ты­луларың қырық күннен тұ­ра­ды. Ұрық алдымен (қырық күнде) тамшы, (қырық күнде) ұйыған қан, сонан соң (келесі қырық күнде) кесек ет болады. Осыдан кейін ана құр­са­ғын­дағы балаға періште жі­беріледі де, ол балаға жан беріп, төрт нәрсені бел­гілейді:1) ризығын; 2) қанша өмір сүретінін; 3) істейтін амалын; 4) ба­қытты не бақытсыз болатынын». Ра­сында, түсік жасату жазықсыз бір адам­­ның өмірін қиған­мен тең», – де­лін­­ген fatua.kz сайтында.

Содан кейін бала
көтере алмадым

Қыз-келіншектерге түсік жасатуға түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Ма­­мандардың айтуынша, әлеуметтік ахуал да, денсаулық та әсер етеді. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ алда­нып қалған немесе зорланғаннан кейін жүкті болғандар да осы қадамға ба­­­рып жатады.
Астаналық дәрігер-гинеколог Ша­ра Ілиясқызы түсік жасатудың соңы бедеулікке әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Дәрігер stan.kz-ке берген сұх­батында: «Әйелдер маған түсік жасатуға бекініп келеді. Оның себебі көп: балалы болуды қаламайды, ана болуға дайын емес, әлеуметтік жағ­дайы төмен. Мен жағдайдың мән-жайын білу үшін олармен сөй­ле­семін. Аборт жасатқаннан кейін пси­­хологиялық және моральдық тұр­ғыда дайын болу керегін ескертемін. Түсік жасатып, кейін өкініп, өз-өзін кінәләйтін болса оның соңы бе­деу­лікке әкеліп соғуы ғажап емес. Себебі әйелдің психологиялық, эмо­ционалдық күйі өте маңызды фак­тор», – деп атап өткен.
Құрсақтағы баласын жасанды тү­сік арқылы алдырған Айгүл (аты өзгертілді) есімді ару аборттан кейін бала көтере алмай жүргенін жеткізді.
– Студент күнімде бір жігітке ал­да­нып, жүкті болып қалдым. Сүйемін, күйемін деген азаматым ақыр со­ңында менен де, баладан да бас тарт­ты. Бұл жағдайды әке-шешеме ай­та алмадым. Амалдың жоғынан аборт жасаттым. Дәрігерлер оның ден­сау­лыққа қауіпті екенін қаншама рет ес­кертті. Алайда менде басқа жол жоқ еді. Содан бері он жылдан аса уақыт өтті. Тұрмыс құрдым, жұмысым да бар. Бірақ бала жоқ. Аборт жасатқан соң бала көтере алмай жүрмін. Қарал­маған дәрігер қалмады. Әлде де бол­са үміт үзгіміз келмейді, – деді Айгүл көз жасына ерік беріп.

Жылына 500 мыңға жуық әйел қайтыс болады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­­мының мәліметіне сүйенсек, бір рет түсік жасатқан анадан туған сә­бидің көбі гемотологиялық ауруға шал­­дығуы ықтимал. Ең өкініштісі, өмір­­ге келмей жатып мүгедек болуы не­­месе туысымен шетінеп кетуі де мүм­­кін.
Статистикалық дерек бойынша Қа­­зақстанда бала тууға қабілетті 4 млн-нан астам ару бар. Одан бөлек 1 млн-ға жуық жасөспірім қыз бар. Бұл сандарды неге тәптіштеп айтып отыр­мыз? Өйткені елімізде ерте жүкті болу дерегі де артқан. Кейінгі бірнеше жылда 15-18 жас аралығындағы қыздардың бала туу көрсеткіші 50,5 пайызға артыпты. 2023 жылғы күз­де Ranking.kz агенттігі елде 2017 жы­лы 3,4 мың, ал 2022 жылы 5,2 мың­ға жуық кәмелетке тол­маған қыз жүк­ті болғанын жазды. 2023 жылғы көр­сеткіш 5 мыңға жуықтаған. 2024 жыл­ғы көрсеткіштер де көңіл көн­шітпейді.
Мамандар бедеулік диагнозы қойы­латын 100 әйелдің 75-сінде оның бір­ден-бір себебі алғашқы жүктілікте жасатқан түсік болып саналатынын айтуда. Ерте жүктілік салдарынан бір рет түсік жасатқан ағзада жүктіліктің ас­қынуы жиілеп және кейінгі боса­ну­ларда қан кету, уақытынан бұрын босану 2 есе артады, кейде қайта ба­ла көтере алмау секілді зардаптары болуы әбден мүмкін. Ал әлемде түсік тас­таудың асқынуы салдарынан жыл сайын 500 мыңға жуық әйел қайтыс болады. Түптеп келгенде бұл мәселе ха­­лық саулығына да тікелей әсер ете­тінін ұмытпау керек.

Түйін
Мақаланың басында елімізде жы­лына 70 мыңнан аса түсік жасала­ты­нын айттық. Оның басым көпшілігі 25-35 жас аралығындағы әйелдер екенін де тілге тиек еттік. Тіпті жасына жетпей жүкті болатындардың саны 5 мыңнан асқанын да алға тарттық. Бұның бар­лығы жәй дерек емес. Халықтың де­мо­графиясы мен елдің саулығына әсер етіп жатқан проблема. Аборттың са­нын қарапайым арифметикамен бір айда 30 күн бар деп есептегенде кү­ніне 200 әйел құрсақтағы баласын ал­дырады екен. Сонда 200 адамды өз қолымызбен өлтіріп отырмыз деген сөз. Министр айтқан 75 мыңды негізге алсақ, бұл сан одан да көбейе түседі. Бұл медицина мекемелеріне тіркелгені ғана, ал тіркелмей жасалған аборттың санын біз білмейміз. Оның үстіне ден­саулық сақтау министрі елімізде аборт­қа тыйым салынбайтынын да ашық айтты. Не істемек керек? Басқа қан­дай амалы бар? Ар-ұятқа ғана сүйеніп отыра берудің нәтижесін он­сыз да көріп отырмыз. Әйтсе де жа­сан­ды түсікке келгенде қандай да бір жолын қарастырмаса болмайды.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: