Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Сейсенбі, 24 маусым, 14:45

«Жасыл ел» жастары белсенді

24.06.2025

18

0

Жаз келсе, Жалағаш көшелерінен «Жасыл ел» жастар еңбек сарбаздарын жиі кездестіреміз. Олар жай жүрген жоқ, туған өлкеміздің көркейіп-көгалдануына өз еңбектерімен үлес қосып жүр. Жалпы бұл – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс.

Иә, «Жасыл ел» өңірдегі әрбір жасқа етене таныс. Жоба сонау 2005 жылдан бастап тұрақты жүзеге асырылып ке­леді. Кешенді бағдарлама біраз жас буын­ның Отанға деген сүйіспеншілігін, Табиғат Анаға деген жанашырлығын арт­тырып қана қоймай, өлкемізді жа­сыл желекке айналдыру мақсатында ола­рдың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстырды. Оның үстіне жазғы демалыстарында бос сенделумен уа­қыт өткізбей, еңбек етіп, қосымша қар­жы табуына жол ашты. Ұлттық бас­тама жастарымыздың ортақ идеялар төңірегінде топтасуына сеп болды.
– Жасыл ел – біз асыға күтетін ең маңызды жобалардың бірі. Жыл бойы жастар табыс тауып қана қой­май, жаңа достар табады, өз қабілет­терін ұштайды, жаңа мүмкін­дік­тер­ді ашады. Жасақтарды іріктеу ке­­зінде біз әсіресе халықтың әлеуметтік осал топта­ры­нан шыққан балаларға өзде­рін көр­сетуге, демалыс кезінде ақша та­буына көңіл бөлеміз. Биыл 100-ден аса аудан жастарын жұмысқа орна­лас­­тыруды жоспарлап отырмыз. Бү­­­гінде маусым айында басталған жо­баға 40 сарбазды қамтыдық. Жас­тар белсенді, жауапкершіліктері жо­ғары. Жалағаштың жайқалуына өз үлес­те­рін қосуда. Мәселен, аудандағы сая­бақ­­тарды, орталық алаңды, көше бой­ларын тазартады. Бастысы, жа­ла­ғаш­тық жастар бұл еңбектерін мақ­тан тұтады, – дейді аудандағы жоба үй­лестіруші Құралай Аймұратқызы.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Та­за Қазақстан» акциясы бастау ал­­­ды. Мұндағы басты мақсат – қор­ша­ған орта мен тұрғындар үшін қо­лайлы жағдайларды қамтамасыз ету, аза­маттық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және ны­ғайту мақсатында құрылған қоғам­дық игілікке ұқыптылықпен қарау қа­ғи­дат­тарын қалыптастыру. Аталған рес­пуб­ликалық деңгейдегі экология­­лық акцияға «Жасыл ел» жасағы да елеулі үлесін қосуда. Жастар бұл жо­баның аясын кеңейтіп, оны әртүрлі әлеуметтік мәртебедегі азаматтарға қол­жетімді және қызықты етуде. Тіпті эко­чел­ленджге айналды. Мәселен, өт­кен сен­біде ау­дандық сарбаздар Дәуім­бай елді ме­кеніндегі Ілияс Қабылов сая­бағын қо­қыс-қалдықтан тазалап, де­­ма­лыс ор­нының көркін келтіріп қойды.
Иә, жастың ойы мен қиялы ұшқыр болған соң идея да көп болады емес пе?! Соның дәлелі, еңбек жасақтарының жауынгерлері жастар арасында эко­ло­гиялық мәдениетті көтеру мақса­тын­да экологиялық квесттер мен ойындар, эко­плогинг өткізеді екен. Нәти­жесі де жоқ емес, ауданның көркеюіне үлес қос­қысы келетін жастардың қатары едәуір артыпты.
– Жазғы демалысты тиімді өткізу­демін. Қол жұмысынан бөлек қоғамдық өмірге араласу үшін түрлі экологиялық акциялар мен челлендждер, тре­нинг­тер сияқты қызықты іс-шараларға қатысудамын. Сол арқылы көп дос­тар таптым. Мәселен, жастар ресурстық орталығының волонтерлері мен «Жа­сыл ел» еңбек жасағы аудан арда­герлерімен жүздестік. Кездесуде от­басы құндылықтарын насихаттау, өс­келең ұрпақ арасында ұлттық салт-дәс­түрлердің кеңінен таралуына ықпал ету, жастарды еңбекқорлыққа баулу, ту­ған өлкеміздің патриоттары болуға ша­қыру төңірегінде ой қозғалып, қазы­налы қарттарымыздың ақыл-ке­ңес­ін тыңдадық. Мен Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқимын, биыл 1 курсты аяқтадым. Жа­лағашта «Жасыл ел» жасақтарын жинап жат­қанынан хабардар болып, жазғы демалыста туған жерде еңбек ету­ді жөн көрдім. Өкінбеймін, барлығы ұнап жатыр, – дейді жалағаштық жас өрен Ердәулет Жеткерген.
«Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Қаншама жалынды жастарымыз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып, еліне қызмет етіп жүр. Қоғамға, өз ұлтына пайдасын ти­гізер кезде аянып қалмайтын жас­тары­мызға алдағы уақытта сәттілік тілейміз!

Ж.МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: