9 мамыр – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Өйткені бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен халқымыздың бейбітшілікте ғұмыр кешуі ата-бабаларымыздың батырлығының, ерлігінің, жанкештігінің арқасында келіп отыр.
Жалпы, Ұлы Отан соғысына 35 млн адам, соның ішінде 1,5 млн қазақстандық қатысты. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектердің 70 пайызы. Ұрыстардың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанын қия қорғап, Украина мен Беларусьті, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты.
Ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық жинағының иегері атанды.
Десе де бұл дата – ресми Жеңіс күні ретінде мереке болып саналғанымен, мейрамнан гөрі тарихи салмағы басым, өткеннен сабақ алуға лайықты күн. Өйткені тіршіліктің қасіреті саналатын зұлмат соғысқа әр шаңырақтың үміт артып отырған баласы, ағасы-інісі, асқар таудай әкесі, ақыл айтар атасы аттанды. Иә, сұрапыл соғыс әр қазақтың тағдырына әсер етпей қоймады. Шеңгелін ең әуелі жетім бала мен жесір әйелге қатты батырды. Ауданымыздан сұрапыл соғысқа 2316 азамат аттанса, олардың 695-і ғана елге аман-есен оралған. Иә, өкініштісі, қазір майдангер аталарымыз бен әкелеремізден көзі тірісі ешкім қалған жоқ. Бірақ олардың жауынгерлік жорық жолдары, ерлік рухы, өнегелі өмірі кеінгі ұрпаққа үлгі болып келеді.
Осы орайда, өңір басшысы Асқарбек Темірбекұлы Ұлы Жеңіс күніне орай аудан орталығындағы «Ер есімі, ел есінде» ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысып, тұрғындармен бірге батырларымыздың әруағына тағзым етті.
Мұнан бөлек атаулы күнде ауданымызда бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылып, жалағаштықтар Жеңіс күнін өнегелі істер арқылы атап өтті. Мәселен Ұлы Отан соғысының жауынгері, гвардия кіші лейтенанты, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері Сауда Ормановтың атына Жалағаш кентінен көше берілді. Батыр атындағы көшенің ашылу салтанатына аудан әкімі Асқарбек Есжанов қатысты.
Бүгін Сауда Мәдиұлы әкеміз сексен жылдан кейін елмен қайта қауышып жатыр. Елім деген ерлердің есімін ардақтау, ұлықтау – кейінгі толқын, жас ұрпақты елді, туған жерді сүюге, ерлікке бастайды.
Бүгінгі салтанатта Сауда Мәдиұлы әкеміздің есімімен аудан орталығындағы бір көшенің аталуы құптарлық іс, ерлікке тағзым деп білемін, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы тылда тынбай еңбек майданын бағындырған Мұхамеджан Дәндібаевтың және Ұлы Отан соғысының ардагері Медетбай Байжановтың жұбайы Оразкүл Байданованың шаңырағына арнайы барып, Жеңіс күні мерекесімен құттықтады.
Иә, Ұлы жеңісті жақындатуға абзал арыстандарымыздың майдан даласында, отандастарымыздың тылда қосқан еңбегі өлшеусіз. Ағалардың ардақты ісін бүгінгі күні кейінгі ұрпақ лайықты табыстармен жалғастырып келеді.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!