Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 22 қаңтар, 11:11

Жері жомарт Жалағаш

21.01.2026

4

0

Жалағаш елінің үлкендері айтатын «Шегіртке де Аламесек деп ұшады» деген сөз бар. Өйткені аудан құрылмай тұрып, Аламесек елді мекені 1925 жылы болыстық атқару комитеті, ал 1928-1930 жылдары аудан орталығы болыпты. Негізгі іргесі ХІХ ғасырда қаланған. Жанында өзімен аттас көл де болған деседі. Ал деректерде Қазалы, Төрткүл, Шымбай уездерінің саудагерлері мұнда жиі жәрмеңке өткізгені, жер-жердегі халық қатынасы жақсы дамығаны айтылады. Базарлаған жұрттың Аламесекке көп келетіні де сол. Ел аузындағы «шегіртке де Аламесек деп ұшатыны» осындағы құж-құж қайнаған тіршілікті меңзеп тұрса керек.

Архивті ақтарсақ…
Жалағаш ауданы әу бастан суар­ма­лы егіншілікке бейімделген. Тарихи де­ректерде 1939 жылдан кейін егінге қажетті барлық техника Қаракеткен, Қаратөбе МТС-теріне шоғырланып, сол уақыттағы егіске бейімделген 33 колхоз ерен еңбек үлгісін көрсетіпті. 1955-1956 жылдары аудан­ның Сырдария жағалауындағы кол­­­хоздарын қамтитын каналдар қазы­лып, су жүйелерін реттейтін тоспа мен то­ғандар құрылысы аяқталады. Ал жал­пы 1965-1970 жылдардан бастап ау­дан шаруашылықтарында егіншілік мә­де­ниеті артты. Астық бастыруда керекті тех­­­ника 100 пайызға жеткен.
Ғылым мен техниканың осындай же­тістіктерін тиімді пайдаланған аудан ша­руашылықтары еңбек өнімділігін арттыра түсті. Бірнеше азамат Еңбек Ері атанып, озаттар мен еңбек адамдары көптеп шық­ты. Архивті ақтарсақ, 1984-1985 жыл­­дары Жалағаш ауданы 84 мың тонна күріш жинағанын көруге болады. 17 800 гек­тардан осындай көрсеткішке жеткен. Сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдары ау­дан­да 10500 басқа жуық ірі қара, 83 860 бас қой-ешкі, 4 355 бас жылқы және 785 бас түйе тіркелген.
1950 жылдардың аяғында колхоз­дар­­да мал басын өсіру, оның өнімділігін арт­тыру, тұқымын асылдандыру жұмыс­тары қолға алыныпты. 1960 жылдарға дейін колхоздар өз жағдайына қарай ор­та есеппен 7-10 мың қой, мыңның үс­­тінде ірі қара, 300-500 басқа дейін жыл­қы, көші-қон және өндірістік мақсатта түйе ұстаған. Сондай-ақ ауданда сүт пен май өнімі тұрақты шығып, мемлекетке өз жос­парымен күзде ет тапсыру науқаны өтіп тұрған.
Аудан еңбеккерлері
алдыңғы сапта

Туған жерге тері тамған талай ердің даңқын көтерген Жалағаштан еңбек тай­қазанын қайнатқан мықты майтал­ман­дарды айтпасақ болмас. Исатай Әбдікәрімов, Ысқақ Жолмырзаев, Қа­зына Жүсіпова, Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Тұршабек Елеусінов, Не­сіп­бай Әпірезов Социалистік Еңбек Ері деген сол кездегі ең жоғары мәртебелі атақты алып, кеуделеріне «Алтын Жұл­дызды» тақты. Ұлмекен Төлегенова, Ай­наш Балғабаева СССР Жоғарғы Ке­ңе­сінің, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Қырманда алтын дән­нен тау тұрғызған диқандар мен Қара­құм мен Қызылқұм жайлауын малға тол­тыр­ған шопандардың жасампаз еңбегінің ар­қасында бүгінгі берекелі тірліктің негізі қаланды десек, әбден болады.
Бүгінде 19 мың гектардан астам Сыр салысын өсіретін ауданда егістікпен айна­лысатын 162 шаруашылық бар. Жал­пы Жалағаш былтыр 37 мың гек­тар­ға жуық жерге егін екті. Күріштен өз­ге бидай, жүгері, арпа, мақсары, қант құ­майы, соя, сұлы, жоңышқа, картоп және бақ­ша өнімдері бар. Егілген күріштің әр гек­тарынан 60,1 центнер өнім жинады.
– Аудандағы шаруашылықтар өзде­рін­дегі техника паркін ұдайы жаңартып келеді. Серіктестіктер өткен жылы 691,7 млн теңгеге 18 ауыл шаруашылығы тех­ни­каларын сатып алды. Айта кету ке­рек, барлық ауданда да су тапшылығы орын алып, бұл қиындықпен біздің ай­мақ­тың диқандары да бетпе-бет келді. Бірақ Президент пен Үкімет және облыс әкімдігінің қолдауымен өңірдегі шаруалар жаңа заманауи технологиялар мен тех­никаларды тиімді пайдалана отырып, жер несібесін ысырапсыз жинап алдық. Ал егін жинау қорытындысымен Жалағаш ау­даны облыста «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» номинациясын жеңіп алды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас­шы­сы Алтынбек Дәрібаев.
Елде егіннен бөлек төрт түлік санын арттыруда да атқарылған жұмыс нәти­жесін беріп келеді. Жалағашта мал өсі­ру­мен 138 шаруа қожалық айна­лы­сады. Ал аудан көлемінде 34 777 бас ірі қара, 27 573 бас уақ мал, 29 268 жылқы, 752 бас түйе, 10 189 бас үй құсы тіркелген.
– Аудан бойынша үш шаруашылық асыл­тұқымды мүйізді ірі қара өсірсе, бір шаруашылық асылтұқымды қой түлігін көбейтіп отыр. Алдағы уақытта сүт тауар­лы фермасын ашу мақсатында «Адал» шаруашылығы өз қаражатына сүт бағытындағы асыл тұқымды 30 бас «Сим­менталь» қашарын сатып алып, 2027 жылы шаруашылық жанынан сүт өңдеу цехын ашуды жоспарлап отыр. Ал «Бақдаулет-57» шаруа қожалығы Че­хия мемлекетінен асылтұқымды әрі сүт бағытындағы 95 бас «Симменталь» мүйізді ірі қара аналығын сатып алды. Қазір алынған малдың 72 пайызы төлдеп, тәулігіне 700 литр сүт өндірілуде, – дейді аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Нұржан Есеналиев.
Айта кетейік, ауданның жер қоры 2 873 640 гектарды құрайды. Оның ішін­де 591 563 гектар жер Қарағанды об­лы­сынан ұзақмерзімді пайдалануға алын­­ған. Сонымен қатар Жалағашта 33016 гектар инженерлік тұрғыда әзірлен­ген егіс жүйелері жұмыс істеп тұр.
Сөз соңы. Жалағашта алдыңғы тол­қын аға буынның ізімен елге еңбек етіп, ха­лықтың ықыласына ие болып жүрген азаматтар қазір де бар. Қазақстанның Еңбек Ері, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имам­зада Шағыртаев, «Ер-Әлі» шаруа қо­жалығының басшысы Әліби Бекжанов және тағы басқа азаматтарды дәл бү­гінгі еңбек майданының ерлері десек жа­ра­сар. Бұлар туған жерді түлетіп, елді ме­кенді көркейтіп қана қоймай, жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырғаны да – шын жанашырлық іс.

Ержан БЕКМЫРЗА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: