Наурыз–сәуір айларында Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында 10-11(12) сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәндерінен республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті. Аталған білім додасы ҚР Оқу–ағарту министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми–практикалық орталығы ұйымдастырған.
Олимпиадаға еліміздің әр өңірінен іріктелген 163 оқушы қатысқан болатын. Нәтижесінде 76 оқушы жүлдегер атанып, 39 қола, 21 күміс және 16 алтын жүлде үлестірілді.
Қызылорда облысынан 9 оқушы қатысып, 6 оқушы жүлделі орындардан көрінді. Республикалық олимпиадада аймақ абыройын асқақтатқандар қатарында жалағаштық жастар да бар. Мәселен, Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ақбота Жәли ІІ орын иеленді. Мұнан бөлек ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім грантын жеңіп алды.
– Білім бәйгелерінде бұған дейін де аймақтың, ауданның, өзім білім алатын алтын ұямның намысын қорғадым. Бұл жолы да дайындық еш кеткен жоқ. Бұл тек менің ізденісімнің ғана жемісі емес, ұстаздарымның да үлкен еңбегі деп білемін. Алдағы уақытта қалаған мамандығым бойынша жоғары оқу орнында білім алып, елдің ертеңіне қызмет етемін. Ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарым жоқ, мұндай білім бәйгелері оқушылардың білім алуға, ізденуіне үлкен шабыт болары сөзсіз, – дейді Ақбота Жәли.
Пәндік олимпиаданың республикалық кезеңі 2 тур бойынша өткен. Алғашқы кезеңде қатысушыларға 3 тақырып беріледі. Соның ішінен үміткерлер бір тақырып бойынша эссе жазады. Бұл бөлімде Ақбота Жәли қазақтың заңғар жазушылары Жүсіпбек Аймуытов пен Мұхтар Әуезовтың шығармаларындағы жыл мезгілін суреттеу үндестігіне үңілген.
Эссе жазуда және тақырыпты аша білуде ол дараланды. 40 оқушының ішінде 43 ұпай жинап, көш бастады. Ал келесі бөлімде қазақ тілі мен әдебиетінен қатар тапсырмалар берілген. Мұнда да жалағаштық оқушы 32 ұпай жинап, қорытындысында 40 қатысушының ішінен білімімен дараланды.
Айта кетейік, пәндік олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша еліміздегі 3 жоғары оқу орнына 5 грант бөлінген. Оның екеуі атыру облысының еншісінде, екеуі Түркістан облысына тиесілі. Ал соңғысы Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде. Бұл мүмкіндікті бірінші орын жеңімпазы ғана пайдалана алады.
Ақбота Жәлидің бірақ арманы басқа, ол алдағы уақытта елордадағы Еуразия ұлттық универсиетінде білім алуды көздеп отыр. Сондықтан алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға талаптанып отыр. Осыған дейінгі дайындық жұмыстарында жоғары балл жинап жүрген қарындасымыз алдағы ҰБТ-да да сол жетістігін қайталағысы келеді. Біз де оның арманына жетуіне тілекшіміз.
Талантты оқушының жетекшісі Салтанат Қосжанова да шәкіртінің алдағы білім сынағынан сүрінбей өтетініне сенімді. Бұған дейінгі білім бәйгелерінде де жетекшілік еткен ұстазы Ақботаның болашағына сеніммен қарайды.
– Ақботаның болашағы жарқын, себебі ол көп ізденеді. Бойындағы осындай жақсы қасиеттер оны ортасынан ерекшелеп тұрады. Ол тоқмейілсу дегеннен ада. Бір салада ізденіп жетістікке жетсе де, ізденуін тоқтатпайды. Бұл оқушы үшін бірінші керек дүние екені айтпаса да түсінікті. Осыған дейін де қаншама жарысқа қатысты, барлығында өзім жетекшілік еттім. Жеңісімізге талай бірге марқайып, қуанып қайтқан күндер болды. Бұл сол жеңісті күндердің жалғасы ғой. Қазір мектеп бітірмей ЖОО-ға грант жеңіп алды. Бұл да екінің біріне бұйыра бермейтін бақ қой. Бірақ шәкіртім алдағы уақытта Астана қаласында оқуды мақсат етіп отыр екен. Сол мақсаты орындалсын, оған қол жеткізу де шәкіртімнің қолынан келеді, – дейді Салтанат Қосжанова.
Айта кетейік, Ақбота Жәли расында осыған дейін талай білім додаларында топ жарған болатын. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында өткен 1 республикалық Төлеген Айбергенов оқуларының «эссе» жазу бағытында топ жарды. «Жарқын болашақ қазақ тілі олимпиадасының» әңгіме жазу бағыты бойынша аудандық,облыстық кезеңдерде көш бастап республикалық кезеңдерінде де өнер көрсеткен еді.
Ол 2024-2025 оқу жылында өткен «Рухани болмысты жаңғырту – ұрпақ ұлағаты» атты дәстүрлі облыстық ділмар-шешендер байқауынан бас жүлде иеленді. Ал 2024-2025 оқу жылында өткен республикалық пәндік олимпиаданың аудандық, облыстық кезеңдерінде І орын, республикалық кезеңінде 2 орын иеленді.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!