Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 15:24

Жер – адамзаттың ортақ үйі

10.03.2021

1302

0

Жер шарындағы экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы жайында біздің елімізде өткен ғасырдың соңына қарай айтыла бастады. Ал ХХІ ғасыр басталысымен бұл мәселе ғаламдық сипат алып, күрделене түсті. Тіпті жер бүйірінің күрт жылынуын адамзат баласына, жасыл планетамызға төніп тұрған қорқынышты қауіп екені ғалымдар тарапынан жиі-жиі айтылып, дабыл қағылып келеді. Бірақ оған елең еткен ешкім байқалмайды. Қайта ірі мемлекеттер арасындағы өзара экономикалық бәсекелестіктің салдары биік мұнара мұржаларынан күніне көкке будақтатып бірнеше тонна түтін көтеріп, өте зиянды көмірқышқыл газын ауаға тарататын ірі-ірі зауыттар мен фабрикалар және басқа да өндіріс орындары көбейтіп жіберді. Оның бергі жағында ауыл, кент, қала тұрғындары күнделікті үйлерінен шығатын күл-қоқыс, тұрмыстық заттардың қалдығымен-ақ айналасын ластап, экологиялық қауіптің артуына себепкер болып отыр.

Төбемізден саулап құйылған гептил, ғарышқа жетпей жарылып, жерге құлаған зымырандардың бөлшектері жердің топырағын улап, сол топырақ арқылы уын шөптің тамырына сіңіріп, одан малдың сүті мен етіне еніп, одан соң мал өнімдері арқылы адамның ағзасын улап, бүгінгі дамыған медицинаның өзіне жұмбақ қатерлі аурулар тудыруда. Мұнай тасымалдайтын алып кемелер (танкер) апатқа ұшырап, одан төгілген шикі мұнай өнімдері теңіздер мен мұхиттың суын және ондағы барлық тіршілік иелерін қырып тастап жатыр. Бірақ оған да жүрегіміз селт етпейді. Бәрінен де адамзат үшін ең қауіптісі һәм қорқыныштысы – жаһандық жылыну. Күн сайын аспан пердесін сөгіп, ғарышқа аттанған зымырандар азон қабатын жарақаттап, одан құйылған радиация мен күннің тікелей сәулесі жылдан-жылға жер бетінің температурасын арттырып келеді. Жаһандық жылынудың салдарынан жер жаралғалы бері көбесі сөгілмеген Антарктиданың мұзды қабатының бес сантиметрдей ерігені және қойнауы пайдалы қазбаларға толы Арктикадағы мәңгі мұздықтардың көлемі жыл сайын қысқарып келе жатқаны ғалымдардың өзін алаңдатып, адамзаттың үрейін алып отыр. Біз өмір сүріп отырған жер шарының жетпіс пайызы судан тұратыны белгілі ғой. Жерді мекен еткен жеті миллиардқа жуық адам жердің отыз пайызын ғана құрайтын құрлықта өмір сүріп жатыр. Егер ғалымдардың болжамы дөп келіп, мұзды материк түгел еріп кететін болса, сұмдық климаттық катастрофа орын алып, жер бетін топан су басады. Яғни өз перзенттерінің көрсеткен жәбірінен әбден қалжырап, амалы таусылған Жер-Ана соңғы рет ауыр бір дем алады да, тіршілігін тоқтатады.

Алайда адамзатқа осы қауіптің алдын алуға әлі де кеш емес. Ол үшін аспанның тесігін бітеп, жердің жыртығын жамаудың керегі жоқ. Бар болғаны күн сайын өзіміз қолымызбен кесіп, тып-типыл қылған бір кездегі ну ормандарды қайта қалпына келтірсек жетіп жатыр. Тұрмысымызға пайдаланған әрбір ағашпен бірге біздің бір жыл жұтатын ауамыз жоғалады екен. Жердегі өсімдіктерден бастап, көшедегі қатарласқан жасыл желек тал-теректер, ауламыздағы жайқалған бақ, даламыздағы сыңсыған орман-тоғай – оттегінің бай қоры. Сол оттегін, яғни өзіміз жұтып жүрген ауамызды өзіміз азайтып, экологиялық апатты қолдан жасап отырмыз. Осы күнгі кішкентай баланың тіпті мектеп оқушыларының өзінде табиғатты аялау тұрғысындағы таным-түсінігі тым таяз. Сондықтан да бүгінде біздің ауламыз кенезесі кепкен тақырға айналған, көшелеріміздегі тал-теректеріміз қурап, тамырынан суалған, ормандарымыз өз қолымызбен оталып таусылған. Осындай экологиялық апатқа бастайтын сұмдық үдерістің барлығы да адамзат баласының өмірінен тыс болып жатқан жоқ, көз алдымызда өтіп жатыр. Біз сонда да селт етпейміз. Өзіміз үшін емес, тым болмаса келер ұрпағымыз үшін бір сәт төңірегімізді тазалап, айналамызды көгертіп қойсақ қой. Бұрынғы бабаларымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» дегенді тек елінің, жерінің, ауылының көркейуі үшін айтпағанын енді түсініп келеміз. Оның арғы жағында бабаларымыздың тіршіліктің бастауы – көктем шығып, Наурыз мерекесі келіп, жер бауыры жібіп, күн мен түн теңелгенде ұйқысынан ояна сала таңғы тіршілігін көшет отырғызудан бастауында да терең астарлы мән жатыр ғой…

Қызылқұмдағы Аққыр ауылы алпысыншы жылдардың ортасында құрылды және қазір ауданға қарасты елді мекендердің ішіндегі ең көріктісі де осы ауыл. Аққырдың көркін арттырып тұрған жаңарған тұрғын үйлер немесе әсем ғимараттар емес, оқтай түзу тартылған көшелеріндегі тұтаса өскен тал-теректері. Аталған ауылдың алғашқы басшысы Камал Бердәулетов көшелерге қара тал мен көк теректің көшеттерін отырғызбас бұрын, ауылдағы төрт түлік малды түгел ауыл сыртындағы жайлауға апарып орналастырады. Көшеде бір бас мал жүрмейді. Әсіресе ешкінің санын азайтады. Егер көшеде ешкі жүрсе, жас көшеттерді күтіп-баптап, қарауға бөлінген жұмысшылар сол жерде ұстап алып сойып, етін жіліктеп егесіне апарып береді. Ол ауыл басшысының қатаң тапсырмасы. Оған ешкім ренжімейді, шағымданбайды. Өйткені, ауыл тұрғындарына алдын ала ескертілген. Міне, сол еңбектің жемісін Аққырда туып-өскен төртінші буын ұрпақ өкілдері көріп отыр. Баяғы аталары жайқалтып егіп кеткен саялы ағаштардың астында асыр салып жүр. Расында, жасыл желек мол өскен жерде оттегі де көп болады. Ауылға барғанда тынысы ашылатынын ауыл тұрғындарынан бөлек, Аққырға барған қонақтардың өзі айтып кетеді…

Көктем шықты. Жылда бұл мезгілде дәстүрлі сенбіліктер мен көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүреді. Көшелер мен үй аулалары тазаланады, көше бойына көшеттер егіледі. Шындығында, бұл жай ғана көктемгі тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары ғана емес, адамзаттың көктеммен бірге оянуы, тіршілік тірілген мезгілде алдағы ыстық күндерде болатын экологиялық апаттың алдын алады. Ендеше, ауданымызда да сенбілік басталар күн алыс емес. Ауламызды күл-қоқыстан тазартып, көшемізге тал егіп, табиғатты түлетуге, экологиялық зардаптарды болдырмауға баршамыз атсалысуға тиіспіз. Өйткені, Жер – адамзаттың ортақ үйі. Үйдің бір қабырғасы зақымдалса, басқа бөлмелеріне де қауіп төнетінін ескергеніміз жөн.

Қуат ҮБІСТЕГІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: