Бүгін мереке қарсаңында аудан әкімдігінде спортшылар бас қосқанын айттық. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов шама-шарқынша оларға құрмет көрсетті. Сала ардагерлері мен спортшыларды марапаттады. Сөз кезегі сала ардагерлеріне келгенде Сұлтан Бекжанов ағамыз Өмірбек Кәлменовтың есімін ерекше атап өтті. Естуімізше, Өмірбек отызды енді еңсерген бапкер екен, небары 33 жасында спортшы ардагерлер естелігіне арқау болатындай не тындырды, салаға қандай еңбек сіңірді? Шыны керек, шара бітісімен осы сауалдардың түйінін тарқатуға асықтық.
Өмірбек Кәлменов бүгінде аудандық №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс жасайды. 2008 жылы алғаш еңбек жолын бастаған бозбала бүгінде салада 15 жылдық тәжірибесі бар білікті бапкер.
Дзюдодан жастайынан топ жарып жүрген Өмекеңнен тәжірибелі жаттықтырушының қалыптасуы да заңдылық. Мектеп жасынан салада үлкен белестерді бағындырған бапкердің бүгінде шәкірттері де дүбірлі додаларда топ жарып, аудан, облыс, қалаберді ел мерейін үстем етуде. Алайда оған кейіпкеріміз тоқмейілсуден ада. Керісінше шәкірттерін шыңдап, одан да жоғары биіктерден көрінуіне тер төгіп жүр.
– Бапкер болу – баланың ісі емес, керісінше сол балалардан мықты спортшы қалыптастыру. Алдыңдағы шәкірттеріңнің барлығы бірдей емес, бірі спорттың айла-тәсілдерін тез қағып алса, енді бірі енжар келеді. Бірақ спортқа селқос қарайтын шәкіртіңнен үміт үзу қиянатпен бірдей. Негізгі міндетімізге адал болу үшін олардың барлығын спортқа епті етуге күш саламыз. Артық айтып не қылайын, қазір шәкірттерімнің алды халықаралық, әлемдік додаларда жүлделі орындардан бой көрсетіп келеді. Шәкірттеріммен мақтанамын, жеңісіне марқаямын, бірақ тоқмейілсуге тағы болмайды, Сыр спортына, оның ішінде аудан спортының алға басуына тамшыдай болса да үлес қоссам, сол менің салаға сіңірген еңбегім, адалдығым деп білемін. Алдағы уақытта да үлкен жарыстар күтіп тұр. Бұйыртса, ол додаларда бірнеше шәкіртім бақ сынайды, қазір алдағы жарыстарға қызу дайындық үстіндеміз, қалғанын уақыт көрсетеді, – дейді Өмірбек Кәлменов.
Білікті бапкер – Қазақстан республикасының спорт шебері. Өзі де уақытында республикалық турнирлерде топ жарып, халықаралық жарыстарда дзюдодан байрағымызды желбіреткен. Бүгінде оның шәкірттері ізін басып, үлкен додаларда топ жарып жүр.
2016 жылы шәкірті Тынарбай Тілеген Сарыағаш қаласында өткен ел біріншілігінде қоржынға қола салса, 2019 жылы Тараз қаласындағы Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмепті. Дәл осы додада тағы бір шәкірті Жаныс Бекарыс үздік үштікті түйіндеген.
Әлгі Тынарбай Тілеген кейін Тайпейде өткен Азия чемпионатында ел қоржынына алтын салды. Жалпы, бұл спортшының жетістігін толық жазар болсақ, бір еңбекке жүк болары анық. Ал 2021 жылы Орал қаласындағы жастар ойындарында Әсел Бейсенбай қоржынға қола салған. Былтыр тағы бір шәкірті Нұрсұлтан Серік ел чемпионатында қола жүлдеге ие болса, тағы бір шәкірті Темірболат Ерсұлтан мен Альбина Смайыл Талдықорғандағы жазғы ойындарында үздік үштікті түйіндеген.
Өмекеңнің үлкен додаларда топ жарып жүрген басқа да шәкірттері жетерлік, қарап отырсақ, шағын ауданнан осынша спортшы шығарудың артында үлкен еңбек жатыр. Оған төзімі мықты, тәжірибесі мол бапкер ғана еңбек ететіні сөзсіз. Бұл сөзімізге білікті бапкердің салаға сіңірген еңбегі дәлел.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!