Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:27

Брежнев кепілдік берген қайраткер

17.08.2023

330

0

Тәуелсіз еліміздің өткен тарихи кезеңдердегі жүріп өткен ауыр да қиын жылдарында халқымыздың басынан кешкен, қоғам тудырған қайғы-қасіретті төзімділікпен жеңе отырып, заманына қарай адамы, тарихы жасаушы халық десек те олардың ұйытқысы, көшбасшысы қандай қиындық болсын оны жеңе білген жеке тұлғалар болғанын жақсы білеміз.

Ал солардың есімін еліне, өзі өмір сүрген қоғамындағы жанкешті еңбектерін бүгінгі жастарға хабардар ету аға ұрпақтың міндеті деп білемін. Мен осы мақсатта ұлтымыздан шыққан тұңғыш генерал, Ұлы Отан соғысы, қауіпсіздік органдары мен ішкі істер саласының генерал майоры Нұрұлла Әлмағанбетов жайлы «Елімдеп соққан жүрегі» деген естелік кітап жазған болатынмын.

Осы еңбегімді жазу барысында көптеген дерек көздерін ақтарып, еңбек етуге тура келді. Осындай жұмыс барысында Нұрекеңмен ұзақ жылдар бірге қыз­меттес болған, Н.Әлмағанбетовтен 11 жас үлкен, өмір жолын ұстаздықтан бастаған партия қызметінің төменгі баспалдағынан 1950 жылы Қазақстан Орталық Партия комитетінің әкімшілік органдары бөлімі меңгеруші болып, 1954 жылы Қазақ ССР-ның ұлтымыздан шыққан алғашқы Ішкі істер министрі болған, Кеңес заманында генерал лей­тенат атағын алған Шырақбек Қа­был­баев жайлы көптеген мәліметке қа­нық болған едім.

Нұрұлла Әлмағанбеттің негізгі ма­ман­ды­ғы – дәрігер. Соғыстан жеңіс­пен оралған соң өз мамандығы бо­й­ын­ша еңбек еткен. Қызылорда об­лы­сының партия комитетінде нұсқау­шы, Қызылорда қа­лалық партия ко­ми­тетінің хатшысы. Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы жоғары партия мек­тебін бітірген. Сырдария өзенінде са­лынып жатқан Қызылорда плотина құрылысының КОКП ОК-ның дербес парторгы қызметін атқарған. Плотина кұрылысы аяқталғаннан кейін Қазақ Рес­публикасының қауіпсіздік ко­ми­тетіне жауапты қызметке жіберілген.

1962 жылы Қазақстан орталық пар­тия комитеті Н.Әлмағанбетовты Қазақ ССР-ның ішкі істер министрінің бірінші орынбасары қызметіне жібереді. Осы жылдары бірі ұстаз, тәрбиеші, екіншісі адам жанының арашашысы болған екі тұлға үлкен азаматтық, адамгершілік сый­ластықта түсіністікпен, сол бір ала-сапырынға толы, аумалы-төкпелі кезең­де қоғам тудырған қиындықтарға төзіп, оны жеңе білген.

Әңгіме кезіндегі министр, рефор­матор атанған Шы­рақ­бек Қабыл­баев жайлы болмақ. Ол 1908 жылы 9 наурызда бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданы, Қай­­нар селосындағы Қарашоқы деген жер­де, кедей шаруаның отбасында дү­­ниеге келген. Жастайынан пысық, оқу-білімге құштар Шырақбек «Қаратұмақ» мектебінің 9 сыныбын бі­тір­ген соң, Семейдегі педогогика техни­кумына түсіп, бұл оқу орнын үздік біті­­реді. Арада бір жыл салып әскер қата­рына алынады.

Алматыдағы атты әскер полкінде азаматтық борышын өтейді. Семей қалалық халық ағарту бөлі­мінде инспектор, қалалық жұмыс­шы жастар мектебінде директор болып қызмет атқарады. 1938 жылы Қазақ­стан Коммунистік (большевиктік) пар­­тиясы Орталық Комитетіне жұ­мысқа шақырылып, нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі, Орталық Комитет хатшы­сының көмекшісі қызметтерін мінсіз атқарады. 1952 жылы Шырақбек Қа­былбаев СОКП ОК жанындағы жо­ғарғы партия мектебін бітіреді. Ал 1954 жылы Қазақ КСР-нің ішкі істер министрі болып тағайындалады. Қазақстан Ком­­пар­тиясы Орталық Комитетінің бю­росы Ш.Қабылбаевқа ұсыныс жасап, мінездеме берген. Сол тұстағы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Л.Брежнев Ш.Қабылбаевтың орталық партия ко­митетінің аппаратында жұмыс істеген кезінде өз жұмысына сергектікпен қа­райтын тәртіпті қызметкер екендігіне кепілдеме берген. Орталық Комитетінің екінші хатшысы кім көрінгенге кепілдеме бермесі анық. Болашаққа сәуегейлік жасап болмайтын заманда Л.Брежнев СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы болған кезде Шырақбек Қабылбаевты ұмытпай, қажетті кезінде қолдау біл­діріп отырған.

Ол кісі үшін дүниеге адам болып келген соң, адамгершілікті жоғалтпай өту оның басты мұрат болған. Он екі жыл министр қызметінде замандастары мен қызмет­тестері беделді, абыройлы болғандығын айтып жүрген. Дүниетанымы бойынша адам бойын­дағы қабілет қарымы оның алғашқы бі­лімінің негізінде болатыны анық. Ол шын мәнінде ірі педогог бол­ған. Жазалау жеңіл, ал тәрбиелеу қа­шан­да ауыр екенін жақсы сезе білген Шы­рақбек Қабылбаев адам тағдырын шешерде жеті өлшеп бір-ақ кесуді әрбір басшының алдына талап етіп қойған. Соның арқасында барлық саланың құ­ры­­лым­дарда саяси және тәрбие жұмыс­тары мен айналысатын бөлімдер ашылып, олар нақты жұмыстармен айна­­лысқан. Дегенмен де тарихи күшке, империялық зорлыққа бағытталған өк­­темдік өз әмірін жүргізумен болды. Тоталитарлық жүйенің сол кездегі іс басындағы жауапты қызметкерлерге жасаған зардаптары көп болды. Кеңес өкіметі, Компартияның саясаты барлық мәселені түбегейлі шешті деп жүргенде, қазір сол оқиғалардың болуын, шығуын зерттеп, талдап қарағанда ол оқиғалар бір жақты шешілгенін көрсетеді. Осының салдарынан қаншама азаматтар зардап шекті. Олар бір кемшілік болса, ол кіршіксіз тазалығым еді деп бойындағы қуат-жігермен қиындыққа қарсы тұрды, күресе білді. Осындай жайттарды Шырақбек Қабылбаев Қазақ ССР-і Ішкі істер министірі кезінде басынан өт­­кіз­ді. Бұл оқиғалар жұмсақ жүректі Шәке­ңе қатты батқан болатын. Бұл 1959 жылы Теміртау, кейіннен 1962 жылғы Шым­кенттегі оқиғалар еді.

Кезінде оқи­­ға­лардың шығу себептері ашыл­май қалды. Бір жақты баға берілді. Бұл ХХ ғасырдың 50-60 жылдардағы алып Кеңес империясының бір жақты зорлыққа негізделген әрекеті еді. Оқи­ғалардың мән-жайы ашылмай қойды. Бұл жағдайлар Кеңестік одақтың ұзаққа бармайтынын көрсеткен алғашқы қақ­ты­ғыстар еді. Мұндай оқиғалар мен қақтығыстар Кеңес одағының бір­қатар өңірлеріне етек алып жатса, бұл оқи­ғалардың бәрі еліміздің тарихы Кеңестер одағының іргесінің шай­қалуының ал­ғашқы нышандары болды. Қоғам алға жылжыған сайын адам­дардың санасы өзгеріп, сананы тұрмыс билеген заманда әділетті қоғамды орнатуға жасалынған бой көтеру болды. Бұл қақтығыстар 70-80 жылдары Орта­лықтың әкімшілік-әміршілдік жүйесіне қарсы батыл да өзіндік ұстанымы бар, халықтың бас көте­руіне ұласып жатты. Атап айтқанда, Новочеркалск, Сумгайт, Вильюстегі және басқа да аймақтардағы оқиғалар, 1986 жылғы Алматыдағы «Желтоқсан оқи­ғасы» алып Кеңестер одағы ерте ме-кеш пе шаңырағы шай­қалып, ыдырап ке­тетінін білдірген еді. Әңгіменің төркіні сол оқиғалардан алғаш­қылардың бірі болып, зардап шеккен Шырақбек Қабыл­баев болатын.

Оқиғалар қалай болған еді? Теміртау оқиғасы 1959 жылы тамыз айының 2,3-і күндері болды. Теміртаудағы алып Маг­нитка Бүкіл Одақтық екпінді құрылыс болып жарияланып, оған комсомолдық жолдамамен еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған жастар келді. Олардың ішінде негізгі тұрағы жоқтар да, барар жері басар тауы жоқ түрмеден босағандар да болған. Еліміздің ірі қалаларынан жұмыс іздеп келгендер жатақханаларға ұлттық ерекшеліктеріне қарай топтасып ор­на­ластырылған. Тұрмыстық-әлеу­мет­тік жағ­­­дай­­лары ауыр болып, олардың ру­ха­ни жан дүниесіне көңіл бөлінбеген. Бұның бәрі Республика басшылығына белгілі болса да оқиғаның алдын алу мақ­­сатында жұмыстар нашар жүргізілген. Бұл жөнінде Ш.Қабылбаев Республика үкіметіне Қарағанды облыстық партия комитетіне ұсыныс жасаған. Өкінішке орай бұл мәселелері қаперге алынбаған. 1959 жылы маусым айында СОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы А.Хрущевтің атына Теміртауда еңбек етіп жүрген болгар жұмысшыларынан арыз түседі. Болгар жұмысшысы А.Нож­ков бір топ жұмысшылардың атынан жолдаған арызында өздерінің тұр­мыс­тық жағдайын жасырмай жазып, әлеу­меттік ахуалдың өршіп тұрғанын мә­лімдейді. Алайда тиісті орган да бұдан қорытынды жасамайды. Өздерінің тұр­мыс жағдайын оңтайлы шеше ал­масына көздері жеткен жұмысшылар ашу-ызамен 1959 жылы тамызда кө­теріліске шығады.

Жаппай тәртіпсіздіктің салда­ры­нан мемлекет мүліктері талан-та­ражға түседі. Қалалық тәртіп сақтау ор­ган­дарының күші жетпегесін кө­те­­­рі­ліс­шілерді таратуға Карлагтың әс­ке­ри құрамынан 500 сарбаз, КСРО ішкі істер министрлігіне қарасты ішкі әскер­ден 1400 сарбаз қосымша шақырылады. Жұ­мысшыларды басу мүмкін болмаған соң суық қару қолданылады. Қақтығыс салдарынан 15 адам өліп, 28 адам жараланады. Қоғамдық тәртіпті бұзған және мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін 140 адам қамауға алынады. Әскерлерден 28 сарбаз жара­ланып, 74 сарбаз, бір офицер әртүрлі жарақат алған. Биліктегілер оқи­ғаның шығу салдарын толық зерт­темей, бар кінәні ішкі істер органдарына, оның министері Шырақбек Қабылбаевты кінәлайды. Алдымен Қарағанды облыс­тық ішкі істер басқармасының бастығы Генерал майор Н.Любых қызметінен босатылады. Партиялық басшылықты әлсіретіп алған Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Беляев өз басын арашалау үшін Ш.Қабылбаевтың ісін тергеу органдарының қарауына беруге бар күшін салады. Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің 1959 жылы 19 қазандағы Республика ішкі істер министрлігінің жұмысындағы елеу­лі кемшіліктер туралы қаулысымен Шы­рақбек Қабылбаев министр қызметінен босатылады, партия қатарынан шыға­рылып, ісі сотқа тапсырылады.

Бұл мәселе Теміртау оқиғасы СОКП Орталық Комитетінде төрт рет қаралған. Әрине партиялас достарының арасында қол­данылып отырған жазаның әділетсіз, оған өзінің келіспейтінін айтқан жал­ғыз адам. Ол Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес президумының төрағасы Жұмабек Тәшенов болған. Азшылық, көпшілікке бағынатын партиялық принцип бойынша шешім өзгерусіз қалған. Жұмабек Тә­шенов өзінің ескі досы, сол тұстағы КСРО-ның Бас прокуроры Р.Руденкоға шығып, Ш.Қабылбаевтың Одақ көле­міндегі белгілі басшы екенін айтып, мұндай орынсыз қудалауға жол бер­мейтінін ескертеді. Өмірдің ыстық–суығынан партия мемлекеттік басқару қыз­метінің баспалдағынан өткен, қо­лы да, жаны да таза Ш.Қабылбаев ұсын­ған қызметтің үлкен-кішісіне қарамай атқарып, әділдіктің болатынына сеніп, еңбектене береді. Белгіленген уақыт жеткенде жабық әскери сот төрағасы, профессор Мамытов Ш.Қабылбаевтың ісінде қылмыстық құрамның жоқтығын анықтап оны ақтап жібереді. Одан кейін Ш.Қабылбаев Алматы облысының іш­кі істер басқармасының бастығының орын­басары, кейіннен бастығы болып қызметін жалғастырады.

Алматы облы­сында Ш.Қабылбаев тағы да екінші рет сынаққа түседі. 1961 жылы Қаратал ауданына қарасты Кәлпе стан­ция­сындағы кәсіптік-техникалық учи­­ли­ще оқушыларының екі топқа қазақ және шешен балалары болып бөлініп тө­белесуі ұлт араздығын туғыза жаз­дады. Ш.Қабылбаевтың тікелей ара­ласуымен жастарды райынан қайтарып, өзінің азаматтық позициясымен шешкен еді.

Ш.Қабылбаев Қазақстан компартиясы Орталық Комитеті бюросының қау­лысымен Қазақ ССР қоғамдық тәртіпті сақтау министрі болып тағайындалады. Білгір азаматтың өз орнына қайта оралуын халық әділет салтанат құрды деп бағалады. Тарихта СОКП Орталық Комитетінің саяси бюросында ішкі істер министрінің мәселесі екі рет қаралған оқиға бұрын-соңды болмапты. СОКП ОК-нің бірінші хатшысы Хрущевтің ұсынысымен Ш.Қабылбаев орнынан босатылса, екінші мәжілісте СОКП ОК-нің бірінші хатшысы Л.Брежнев оны қайтадан бұрынғы қызметіне жаңа құрылымда басшылық тағайындауға рұқсат жасаған. Ішкі істер органдарының тынымсыз жұмысы Ш.Қабылбаев үшін қайта басталды. Құрылымдық жү­йе мен облыстың басқармалардың жұ­мы­­сын жолға қоюдың болашақта іс-жоспары жасалып, жүзеге асырылып жатты. Жаңа техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар алып материалдың техниканың бағасы нығайып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүре бастады.

Арада біршама уақыт өткенде 1967 жылы 13 маусым күні Шымкент қаласында көп адам қатысқан тағы бір тәртіпсіздік орын алды. Оның мәнісі Шымкент қаласында автобус паркінің жүргізушісі Н.Остроуховты ішкі істер органдарының қызметкерлері мас күйін­де айықтырғышқа алып келген. Ертеңіне ол осында жатып қайтыс болады. Сот медициналық сараптауды алдын ала жасап, қорытындысында Остроуховтың өлімі миына қан құйылғандықтан болған деп табады. Тексеріс толық бітпей жатып-ақ автопарктің директоры Остроуховтың өліміне милиция қызметкерлері кінәлі деп лақап таратып жібереді. Сол күні 800-дей адамның қатысуымен автопарк ұжымы қаланың ішкі істер бөліміне шабуыл жасап кезекші бөлімін қиратады, басқарма кеңсесін өртеп жібереді. Олар 3500-дей айыпты отырған түрменің қоршауларын, қосалқы шаруашылық бөлмесін, екі өрт сөндіретін машинаны өртеп жібереді. Өрт сөндірушілердің машиналарын тартып алып өз мақсат­тарына пайдаланады. Бас-көзсіз, орын­сыздықтың салдарынан бірнеше адам ауыр жараланады. Ескерту үшін оқ атылады. Алайда жүргізушілер оған бағына қоймайды. Амалсыз Түркістан әскери округінен көмекке жалпы саны 1150 әскери қызметшілер келіп толқуды басады. Остроуховтың өліміне өзінің танысы спортшы жігіттің себеп болғаны белгілі болады. Өзінің қарсыласынан қатты соққы алған жүргізуші далада ес-түссіз құлап қалған екен. Ал ішкі істер қызметкерлері оны тексерместен оны мас екен деп айықтырғышқа алып келген. Бірауыз автопарк директорының сөзінен іс асқынып кеткен.

Бұл оқиғаға байланысты Шымкент қаласына СОКП Орталық Комитеті саяси бюросының мүшесі, Орталық Ко­митетінің хатшысы А.П.Кириленко, КСРО ішкі істер министрі Н.А.Щелоков келеді. Құқық қорғау орган­дары бас­шылары қатысқан актив жина­лы­сында Ш.Қабылбаев ішкі істер қызмет­кер­лерінің іс-қимылына жақсы баға беріп, қалыптасқан жағдайдан шы­ғу­дағы қа­рас­тырған бірнеше ұсыныстар жасайды. Оның ұсынысын орталық министр қол­дайды.

ХХ ғасырдың 50-60 жылдары Қазақ­станда тың және тыңайған жерлерді игеру халық шаруашылығының барлық салалары өсу, өркендеу үстінде еді. Партия кеңес органдарының қа­был­даған қау­лылары мен саяси шаруа­шылық шарт­тары пәрменді түрде жүзеге асырып жатқан болатын. Сол кездегі елдегі саяси-әлеуметтік ша­раларды жү­зе­ге асыруда өзінің өмірлік мол тәжіри­бесі бар, азаматтарды үкімет ІІМ орталық аппаратын нығайту мақ­сатында басшылық қызметке жолдап отырды. Сол жылдары елдегі саяси-әлеуметтік жағдайларға байла­нысты, елде түрме­дегі жазаланған 1181260 адамға амнис­­тия беріліп бостандыққа шыққан бола­тын, олардың көбісі тың игеруге Қазақстанға ағылып жатты. Олардың ішінде рецидивистер, қоғамға ауыр қылмыс жасаушылар тағы басқа қылмыс­керлер көп болды. Олармен бейбіт өмірде жұмыс жүргізу, азаматтардың тыныш­тығын сақтау күн тәртібінде тұрды. Осы кездегі Ш.Қа­был­баев өмірдің ыстық-суығынан өт­кен, май­дангер ҰҚК-де басшы және партия жұмысында болған ұлтымыздан шыққан алғашқы гене­ралдың бірі шен­дегі өзінің бірінші орынбасары Нұрулла Әлмаған­бетовпен тізе қосып, қауіпті де жауапты қызметке басшылық жасай білді.

Атап айтатын болсақ түрлі түзету коло­ниялар мен мекемелердегі бас бос­­­тандықтарынан айырылған аза­мат­тарды халық шаруашылығының түрлі са­лалары бойынша өндіріске тар­ту, пай­далы еңбекке пайдалану, сол арқылы халық тұтынатын өнімдерді шығару, мамандықтарға оқыту, қалалар мен қыс­тақтарда тұрғын үйлер салу, өндіріс орындарының құрылысына қатысу, егін егу, мал ұстау жұмыстары негізінде ең­бекпен тәрбиелеу шаралары жүргізіліп, еңбек тәрбиесін алған түзел­гендер, айыптылар отбасына оралып жатты.

Әңгіме Ш.Қабылбаевтің өмір жо­лы, қызметі туралы болғаннан кейін, ол кісінің мына бір ерлікке толы қай­сарлығын айтпай кетуге болмас. 1937-1938 жылдардағы қырғын араға бірнеше жыл салып 1950 жылдары қайтадан қылаң бере бастады. Ол кезде Шырақбек Қабылбаев Қазақстан ком­партиясы Орталық Комитетінің әкім­шілік органы бөлімінің меңгерушісі еді. Бұл қызмет оған Республикадағы барлық күш қолдану органдарына басшылық жасауға міндеттейтін. Бірде Респуб­ликаның мемлекеттік қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы Ш.Қабылбаевтан атақты жазушы Мұхтар Әуезовты қа­мауға алу үшін рұқсат сұрайды. Әрбір қадамыңды аңдып, жүрісінен кінәрат іздейтін тыңшылардың ниетін Шәкең сол тұстағы Орталық Комитетінің бірін­ші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке баяндап, бұл жөнсіздікті тоқтатып, жазу­шыға араша болуына қолқа салады. Ж.Шаяхметов бұл мәселе бойынша ВКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы Г.Н.Маленковпен сөйлесіп, соның ар­қасында Мұхтар Әуезов қауіпсіздік ко­митетінің шеңгелінен аман қалады. Ш.Қабылбаев өмірінің 16 жылында Ор­талық Комитетте әртүрлі қызметтер атқарған. 25 жыл ішкі істер минис­трлігінде, оның 12 жылында министр қызметінде болған. ОК мүшесі, 4 рет шақы­рылған Жоғарғы Кеңеске депутат болған, 20-дан астам үкімет награ­даларымен марапатталған. Ол Қа­ра­ғанды қаласында жоғары, Алматыда орта арнаулы милиция мектебін ашу үшін одақтың министрлікпен үкімет ор­гандарымен шешімін шығаруға бар кү­шін салған. Мәскеуге қайта-қайта ба­­­рып жүріп, 1969 жылы 10 қазанда Қа­ра­ғанды жоғары милиция мектебін ашу туралы КСРО министрлер кеңесінің қау­лысын шығаруға қол жеткізген. Оның басшылығымен Қазақстанның бірнеше қалаларында кіші және орта басшылық құрамындағы қызметкерлерді даяр­лай­тын облысаралық милиция мек­теп­тері ашылған.

Заманына қарай адамы дегендей, саналы ғұмырын елінің өсіп-өркендеуіне, тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда, сол бір аумалы-төкпелі за­манда таза қолымен, ыстық жүрегімен, азаматтық ар-ожданымен еңбек еткен қайраткердің жарқын істері бүгінгі егеменді еліміздің азаматтары мен жастарына үлгі болып қала береді. Олардың өмір жолдары, бас­тарынан өткізген оқиғалары ел тари­хының бір парасы деуге болады.

Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: