Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Сейсенбі, 07 мамыр, 02:26

Текті тұлға Текей батыр

31.07.2023

478

0

Еңсегей бойлы ерлер мен аузы дуалы би-шешендердің ұлттық рух жолындағы қажыр-қайраты бүгінгі ұрпаққа бағдар болары белгілі. Бабалардың өнегелі ісі мен өміршең сөздерін танып, талдап, келешекке аманаттау да үлкен жауапкершілік жүктейді. Көптеген тарихшы-ғалымдар мен қаламгерлер бұл бағытта еселі еңбек етіп, тұлғалар есімін жаңғыртуда. Қарпықұлы Текей батырдың да есімі зиялы қауымның жіті назарына ілігіп, біршама зерттеуге түрткі болды.

Текей Қарпықұлы – елдік жолында батырлықтың үлгісін көрсетіп, Тәуке ханның бас батыры болған даңқты тұлға. 1680-1715 жылдары билікке келген Әз Тәуке халықтың мамыражай тірлік кешуіне күш салып, сыртқы-ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге басымдық берген. Осы бағытта Ата Заңға арқау болған «Жеті жарғыны» қалыптастырып, бейбіт күнге жол ашқан қадам жасады. Әсіресе ханның бас батыры Текей Қарпықұлының сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Оған жергілікті аңыз-әңгімелер мен хатқа түскен ақпараттар нақты дәлел бола алады.

Бірде Текей батыр Жетірудағы Керейттің батыры Бидаспен бірге жорыққа аттанбақшы болады. Алайда қос батыр тым жас болғандықтан әскербасылар оларды елде қал­ды­рады. Содан Текей мен Бидас батыр жорыққа аттанған хан әскерінің соңынан жасырынып жолға шығады. Жасақ соңынан келе жатқан екі батыр алып айдаһарға тап болады. Ай­даһар таудан асып өтетін жолды бөгеп, адамды, аң-құс, малды жұтып жатқан көрінеді. Ал ұзап кеткен әскерге жылдам жетудің жалғыз тәсілі – айдаһар бөгеп жатқан жолмен өту. Әйтпесе әскерден көз жазып қалуы ықтимал. Сонда өзінен бірер жас кішілігі бар Бидасқа Текей: – Бидас бауырым, айдаһарға мен барайын. Жол менікі ғой. Сен менің атымды ұстап, осы жерде қал, – деп, қолына қылышын алып, жүріп кеткен екен.

Текей батыр ұзаңқырап кетіп, артына бұрылып тағы да: – Бидас, мен жақтан бұрқырап шаң көрінсе келерсің, көрінбесе жолды айналып өтерсің, – дейді. Аңыз бойынша Текей айдаһармен алысып, оны шауып өлтірген екен. Сол кезде жас батыр кеткен жақтан бұрқыраған шаң көтеріліпті. Текейдің атын жетегіне алып, шауып жеткен Бидас Текей досын топыраққа жартылай көмілген жерінен аршып алады. Сөйтсе алып айдаһар жантәсілім етерде құйрығымен жер сабалап, Текей батыр бұрқыраған топыраққа көміліп қалған екен. Осылайша екі дос алғашқы батырлық қадамын жасайды.

Алып айдаһардың басын кесіп алған Текей батыр Бидас досы екеуі қаруластарына аман-есен қосылып, жау қамалына да алдымен кірген жауын­герлер қатарында болады. Со­дан жауды жеңген қуаныш үстінде Текей батыр мен Бидас екеуі ханға тау асуындағы айдаһардың басын көрсетеді. Сол сәтте мерейі тасыған хан екі жас батырға: – Тұтқынға түскен­дердің арасында екі сұлу қыз бар, әйелдікке алыңдар, – деген екен.

Бұл тек ел аузындағы әңгіме емес, шежіреге бергісіз көркем шығар­ма­лар­да да нақтыланған. Мысалы, Сыр бойына белгілі қаламгер-шежіреші Түйім­бетов Майдан «Жетіру Керейт шежіресі» атты көлемді еңбегінде Текей батыр жайлы егжей-тегжейлі айтып өтеді. Ал Шегебай Бектасұлы болса, «Би-батырларды жырлаймын» атты толғауында батыр туралы былайша сыр шертеді:
«…Енді бермен келейін,
Қарпықтың ұлы Текейге.
Айдаһардың таудағы,
Басын кесіп ерлеген.
Уақытында тақымын,
Қалды ма жан көрмеген» деп жырға қосады.

Текей батыр туралы жазба дерек­тердегі мәлімет мұнымен шектелмейді. Тіпті Б.Ахметбектің «Сыр бойының батырлары» атты еңбегінде Текей ба­тырдың әкесі Асанұлы Қарпықтың (ХVII ғасыр) ерлік жолы мен даңқты және Қарпықтың үлкен ұлы Құдайназардың қайсарлығы кеңінен суреттеліп, баян­далған. Оған қоса Текейден тараған Абақанның, одан кейінгі балалары Ақкөбек пен Кегеннің де ел қорғаған батырлар болғаны нақты айтылады.

Халық ауызында батырдың ұрпақ­тары туралы біршама аңыз-әңгімелер сақталған. Соның ішінде Текейұлы Кеген батыр көп айтылады. Мысалы, Жалағаш өңірін зерттеуге үлес қосқан ғалым Ахмет Тілеулиев бір сөзінде Жосалы қонысындағы бір ақсақалдан естіген мына бір қызық аңызды мысалға келтіреді.

«Бұқарбай батырдың ауылының жігіттері сарбаздардың ас-ауқатына ар­нап сойылатын жылқы, ірі-қара малды Қарақұмға айдап бара жа­тады. Олар жолда Алтын, Кете, Қара­тамыр ауылдарының үстімен өт­кенде малдарына бірнеше бөтен мал қосылған екен. Малға қарап жүр­гендер 13-14 жастағы балалар көрі­неді. Сол балалар шырылдап, батыр ауылының малдарына қосылған өз малдарын айыра алмай әлекке түсе бастайды. Олардың асып-сасқан қы­лық­тарын тамашалап тұрған Бұқар­бай батыр ауылының бір жігіті дауыс­тап: «Әй, балалар, соншама неге шуыл­дай­сыңдар, көп болса бір-екі тай-тор­пақтарың батырдың ауылының малына қосылар» дейді. Сонда оған жалт қараған көзі өткір бір бала: «Батырдың алдына мал салып беретін біз оған берешек емеспіз» дейді. Сонда әлгі баланың тайсалмай айтқан сөзіне жігіттердің бірі шамданып, қамшы үйірмекке ұмтылса, оны басқалары тоқтатқан екен. Сол егделеу кісінің бірі балаға сүйсіне қарап: «Жігітім, қай жақсы боласың?» дейді. «Жігіт» деп өзінің дәрежесін өсіріп, жылы сөйлеген егде кісіге риза болған әлгі бала: «Руым Кете, оның ішінде Кеген боламыз» дейді. Сонда қатты сөйлегенге қатулы жауап беріп, жылы сөзге жөн сөз айтып тұрған балаға әбден сүйсінген егде кісі: «Е, Кеген батырдың ұрпағы болсаң боларсың, бойыңда атаң Текей батырдың қаны бар жігіт екенсің, оны шапыраштанған көзің айтып тұр» деген екен.

Бұл жай айтылған ауызекі әңгіме емес, нақты дерекке ұқсайды. Себебі профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың «Бөрлі сұлу» еңбегінде осы жайында қызықты ақпар келтіреді. Ғалымның сөзінше, ел ауызындағы аңыз бен жыршы-жыраулар жырында кездесетін Бөрлі сұлу қырғыз ханы Елікейдің қызы Бөке сұлу деседі. Тәуке ханның өзі Текей батырға некелеп қосқан Бөке сұлу ақылы мен көркі сай дана болыпты. Профессор аңызда айтылған «Текей батырдың өжет Кегені» сол Бөкеден туған ұл деген дерекке сүйенген. Міне, батырдың бойдағы күші ұрпаққа дарып, болмысқа сіңетінінің тағы бір айқын дәлелі.

Ел арасында Текей батырдың төртінші баласы Құтманбет балуан ту­ралы да аңыз-әңгіме көп. Халық батыр ұрпағын алапат балуан болған деседі. Оған әкесі Текей батыр: «қырғыздың Әуіп балуаны сияқты кез келгенді «әуіп» деп лақтырып жіберемін дегенде өзің қалпақтай ұшы­татын балуан болма. Күш-қай­ратыңды тиімді пайдаланатын ұстамды балуан болғайсың» деп бата беріпті. Текей батырдың өзі бозбала кезінде қырғыздың Әуіп балуанын оңдырмай жығып, аты шыққаны көп айтылады. Қазір де сол Құтманбеттен тарайтын ұрпақтары туралы естеліктер ел есінде сақталған.
Текей батырдан тек күш иесі ғана емес, сөз киесін түсінетін қаламгерлер де тарайды. Мысалы, Текей батырдың үлкен ұлы Абақанның ұрпағы, елімізге белгілі журналист-қаламгер Мырқы Исаұлы көпке таныс. Кезінде «қырғи тілші» атанған қаламгер туралықтан таймай, адамның кемшілігін тіке айтып, әділеттің ақ туын түсірмеуге күш салды. Ол ерлігін жазған-сызған еңбегінен де аңғару қиын емес. Талантты тұлға баба ерлігін, болмысын келер буынға жеткізу жолында да еңбек етіп, 1996 жылы Алматыдан «Әз Тәукенің Текей батыры» атты зерттеу еңбек шығарды. Онда Тәуке ханның бас батыры Текей Қарпықұлы жайлы ел арасында тараған аңыз-әңгімелер, ғылыми деректер қамтылып, батыр ерлігінің ел тарихына ұшан-теңіз үлесі барын қалың жұртқа дәлелдегендей еді. Сонымен қатар бұл еңбек қазақтың мемлекет болып қалыптасуына айтулы үлес қосқан Текей Қарпықұлының өмірі мен ерлігін айшықтаған алғашқы зерттеудің бірі болды.

Кітап авторы Мырқы Исаұлы ауыз­ша айтылған мәліметтермен қа­тар хатқа түскен деректерді де кіріс­тіре білген. Мысалы, орыс елшісі М.Тевкелевтің Ресей патшайымының сыртқы істер алқасына 1732 жылғы 5 қаңтарда жазған хабарламасын өз еңбегіне енгізуі кітаптың құндылығын арттыра түскен еді. Аталған құжатта қазақ батырлары Қарпықұлы Текей мен Қарпықұлы Құдайназар, Бөкембай батыр мен Есет батырдың қазақ халқына ортақ батыр екені анық айтылған. Кейіннен тарихи құнды құжат 1993 жылғы «Ақиқат» журналының №2 санында толық көлемде жарияланды.
Жалпы, Текей батырдың ерлігі кіші жүзге ғана емес, дүйім қазаққа ортақ мұра-тарих екені даусыз. Ол – Тәуке ханның тұсында қолбасшы болып, ұлт тұтастығын сақтауға үлес қосқан дарабоз. Ол аз десеңіз, батыр ұлт қаһарманы атануға да лайық. Оған көптеген хатқа түскен дәйектер мен нақты деректер негіз болары анық. Текей Қарпықұлының аты мәлім теңдессіз батыр болғаны «Қазақ энциклопедиясы», «Қазақ шежіресі» секілді кітаптарда тайға таңба басқандай айтылған. Сондай-ақ Текейдің аты мен оның ел қорғаудағы ерліктері жайлы деректер «Ана тілі» газетіне де этнограф-зерттеуші, про­фес­сор Тынышбек Дайрабайдың «Те­кей батыр» деген көлемді зерт­теу мақаласында жарияланды. Ал қы­тайдың «Шилу» жазбасында тікелей айтылмаса да Текей батырдың ер­ліктерін айғақтайтын бірнеше дерек кездеседі. Атап айтқанда, қытай де­регінде Тәуке ханның қалмақтармен қақтығыстағы ірі шайқастары айты­лады. Ол уақыт Текей батырдың Сайрам шайқасындағы ерлігімен тұспа-тұс келгендіктен құнды саналады. Әрине аңыздың түбі шындыққа тіре­летінін қазақ бұрын да айтып кеткен. Текей батыр жайлы кешегі айтылған аңыз-әңгімелердің дені бүгінгі нақты деректермен ұштасуы батыр бол­мы­сының айқындалып, ерлік ісінің айшық­талғанының дәлелі.

Жоғарыда айтылған еңбектерден қаһарман тұлғаның тарихи жолын аңғардық. Осы күнге дейін белгісіз болып немесе қате топшыланып келген Текей батырдың өмірге келген және өмірден өткен жылдары әлі де нақтылауды талап еткен еді. Әрбір аңыз-әңгіме, тарихи деректе түрлі дата көрсетілгендіктен ел шарасыз болып келді. Алайда соңғы уақытта бұл мәселенің де нүктесі қойылғандай.

Ежелден Алаш жұрты қасиетті Түркістан топырағындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңына жер­ленуді үлкен бақ санап, рухани сабақ­тас­тықтың белгісі, ұлағатты өнеге деп бағалағаны шындық. Бұл үрдіс бекерден-бекер қалыптаспаса керек. Себебі қазақ ұғымында фәни дүниеден өткен соң Әзірет Сұлтанның жанына жерлену, бір жерде мәңгі дамыл табу кемелдікке жеткендіктің айқын көрінісі саналған. Содан болар, әулие қабірінің жанына қазақ халқының жиырмадан астам хан-сұлтаны, көптеген батыр­лары мен билері, игі жақсылары жерленген.

Текей батырдың туған жылын нақтылауда Қожа Ахмет Яссауи ба­баның кесенесін сөз етуіміз тегін емес. Өйткені Текей батыр да Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген. Мәдениет және спорт министрлігінің «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы РМКК мекемесінің құжатында (03.02.2017 ж. №06-05\43 санды анықтама) әулие кесенесіне жерленгендер тұлғалар тізімінде Текей батыр 66-шы болып тіркелген. Сәйкесінше аталған құжатта кіші жүздегі қазақ батыры Текей Қарпықұлы 1667 жылдары дүниеге келіп, 27 жасында Тәуке ханның қасында қызмет еткені және оның 1752 жылы қайтыс болғаны көрсетілген. Демек батырдың туған, өлген жылында ешқандай күдік болмауы тиіс деген сөз.

Барша түркі жұртының рухани астанасына айналған Түркістан жерінде әулие-әмбиелерді, батырлар мен би-шешендерді, абыз-оқымыстыларды жә­не ақын-жырауларды ұлықтап, олар­­дың есімін мәңгі есте қалдыру ша­­раларын ұйымдастыру жақсы жолға қойылған. Мәселен, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерекесін тойлау кезінде Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары әкімдерінің келісімдерімен Сыр бойы­ның азаматтары Текей батыр атынан 2 киіз үй тігіп, спорттық және мәдени шараларға жүлделер байлады. Осы­лайша үш жүздің басы қосылып, мемлекеттігіміздің нығаюының бастауы болған қасиетті өңірде батырдың есімі қайта жаңғырды.

Бұрын да айтып өткеніміздей, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Текей батыр жайлы айтып, зерттеу жүргізген алғашқылардың бірі – тікелей ұрпағы, қаламгер Мырқы Исаұлы. Сол кезге дейін батырдың туып-өскен өлкесі Сыр бойында деректер тек ауызекі әңгімелер түрінде ғана айтылып таралған еді. Алайда Текей батырдың Абақан атты батыр ұрпа­ғынан тараған жұрағаты Мырқы Иса­ұлының «Әз Тәукенің Текей батыры» атты еңбегі сеңді бұзып, кейінгі зерттеулерге жол салды. Тіпті қасиетті мекен Түркістанның 1500 жылдығында батырға бағышталған шаралар, республикалық, облыстық газет-журналдарда жарияланған мақа­ла­лардың дені осы зерттеу ең­бектің нәтижесі десек, артық емес. Бүгінде Мырқы Исаұлының баба та­рихын жаңғыртуға салған жолын пер­зенті Мейрамбек Мырқыұлы жалғас­тыруда.

Соңғы уақытта қазақ батырла­рының тұлғалық келбеті мен олар­дың ел қорғаудағы елеулі ерліктері тарихшылар мен этнограф-зерттеу­шілер, әдебиетші-қаламгерлер мен журналистердің жіті бақылауына ай­налды. Тіпті ғалымдардың зерде­леуінен кейін батырларды аумақтық-ықпалдық топқа бөлу, елге сіңірген еңбегіне қарай саралау жолға қойылған. Содан болар, батырларды ұлттық батыр, жүздік батыр, рулық батыр деп шартты түрде екшеу қалыптасып келеді. Әрине қазақ қоғамы батырлыққа бейім, сондықтан қаһарман тұлғалардың көп болғанын білеміз. Осы тұста, кей зерттеушілер Текей батырға «ұлт батыры» деген теңеу жарасады деген пікірде. Әрине Тәуке ханның тұсында қолбасшы болып, көптеген шайқастарға қатысқан батырдың ерлік көрсеткен аумағы мен ауқымы көл-көсір екені даусыз. Алайда мұндай топқа бөлу аттас батырларды шатастырмауға ғана қолданылса жақ­сы. Әйтпесе, елге жасалған ерліктің үлкен-кішісі болмайтыны белгілі емес пе?! Бізге қажеті тұлғаларды салыс­тырып, жіктеу емес, әр батырды «ұлт­тық батырымыз» деп дәріптеп, есімін ұлықтауға күш салу. Сонда ғана келер буын өткен тарихты ұмытпай, ұрпақтар сабақтастығын үзбесі белгілі.

А.БЕК,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: