Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сейсенбі, 10 желтоқсан, 01:47

Қалша батыр

19.11.2024

621

0

Тарихи деректерге зер салсақ, жоңғар-қалмақтардың қазақтармен соғысы үш жүз жылға созылғанын білеміз. Олар қазақ жеріне аттандап, ауылдарды шауып, қанға бөктірген. Төрт түлік малдарын айдап кетіп, еркектерін құл, әйелдерін күң еткен. Жас балаларын да қоса алып кетіп, жалшы, күң етіп, малын бақтырып қойған. Мұндай азапқа көнбеген қазақтар жан-жақтан бас қосып, кек қайтаруға қауымдасады.

Өшпенділік өршіп тұрған сегінші ғасырдың ішінде қалмақтарға қарай шабуылға аттанады. Жалпы ХІІІ ғасырда өмір сүрген тұлғалар қазақ жерін жоңғар, қалмақ, башқұрттардан қорғап күрессе, ХІХ ғасырда олар орыс, хиуа, қоқан басқыншыларымен отаршылдық саясатқа қарсы ұлт-азат­тық қозғалысын ұйымдастырды. Сырт жаулармен күрес ке­зінде хан-сұлтандармен бірге қазақ қоға­мын­дағы беделді әлеуметтік тап батыр­лармен би шешендер, ахун, ишандар да үлкен рөл атқарды. Солардың қа­тарында ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Қалша Егізбайұлы ауылын жаудан қор­ғап, ерлік көрсеткен жаужүрек ба­тыр болған. Ол барда ауыл халқы «жау бар» деп жалтақтамай, еркін өмір сүрген.
Көнекөз қариялардың айтуынша, батыр бабамыздың алдынан жол көр­сетіп жүретін түлкісі болған кө­рінеді. Сол түлкісі жол бастап, айсыз қараңғыда адаспай жүре береді екен. Соның арқасында Қалша батыр жау­ларына түнде шабуылдап, қапы қалдырып жеңіске жетіп отырған.
Кезінде орыстармен соғысқан кіші жүз Өмірқұл табын Асау-Барақтың есімі, ерліктері ел есінде. Сол Барақ батыр және билері Қалшаның даңқын естіп, көмекке шақырған деседі. Бұл ұсынысты қабыл алған Қалша ауыл азаматтарынан құрылған аз қолмен жауларын ойсырата жеңіп көзге түс­кен. Ел тынышталған соң ерлігіне тән­ті болған Барақ Қалшаға туған қарындасын беріпті. Сол Қалшадан дүниеге екі ұл келіп, есімін Барақ, Асау қойған. Бала Барақ есейіп ер жеткен соң қайтпас қайсарлығымен, қайраттылығымен елдің көзіне түскен.
Барақтың ұрпағы, марқұм Бұқа­баев Каммаладин Садуа­қасұлының «Неге келдің бұл жаққа?» де­ген әңгі­месінің мазмұны былай бас­талады.
Торыбай Барақ Қалшаұлы Аста­раханға жылқы айдап, Бұхара, Хиуаға керуен жіберіп тұратын Ырғыз өңі­ріндегі ауқатты шөмекейлердің бірі болған деседі. Бір жылы Бұхараға керуен тартып бара жатып Қызылқұм шөлінің жиегінде отырған жапандағы жалғыз үйге келіп түседі. Түскен үйдің кісілері жарлы-жақыбайлар бол­са керек. Бұны байқаған Барақ өзі­нің бір малын сойдырып, қазанға сал­дырып, қоржынындағы бар дәмін дас­тарханға төгеді. Шешесі отын теруге, әкесі бірер тұяғын жаюға кет­кен үйдің 16 жастағы қызы келген қонақтарды бір өзі жайғап, шай-суын береді. Келбеті келіскен, салмақты, тындырымды пысық қызды Барақ ә дегеннен ұнатып қалыпты.
Сол үйде бірер күн аялдаған Ба­рақ аттанарда қызға көңілін біл­діріпті. Батыр тұлғалы жігіттің тегін емесін сезген қыз да кетәрі емес­тігін сездіріпті. Содан не керек, ыр­ғыз­дықтар қыздың әке-шешесінің ке­лісімін алып құдаласады, келер жылы жинап келіп, құда түсу рәсімін жа­сап, қызды алып кететінін айтып аттанады.
Әйтсе де уәделескен жылы Ба­рақтан хабар болмайды. Сөйтіп жүр­­генде 17-ге толған қызға жан-жақ­тан келіп құда түсушілер көбейе бастайды. Қыз көңілі қалаған жігітін күтіп, қамығып жүргенде бір күні Ырғызға бет алған жолаушылар бұ­лардың үйіне түсіп түстенеді. Сон­да қыз қонақтардан Бараққа хат жа­зып жібереді. Хатты оқыған Ба­рақ қасындағы бірер серігін ертіп, ауыл­дан суыт аттанып кетеді. Сондағы қыздың сәлемі былай екен:
Еліне барсаң сәлем айт,
Қалша ұлы Бараққа.
Былтыр еккен егіні,
Биыл келді ораққа,
Жинап теріп алмаса,
Кететін болды жыраққа.
Соға алмаса бір айналып,
Неге келді бұл жаққа?
Барақ сол қызға үйленіп, екеуінен біраз ұрпақ тараған. Ал әкесі Қалша батыр туралы деректерді жинақтап толықтыруды алдағы уақыттың ен­ші­сіне қалдырамыз. Біздің бар біле­тініміз «Қызылорда-Ақтөбе» бағы­ты­мен Ырғызға жақындағанда ас­­­­фальт жолдың жиегінде Қал­­­ша батырдың белгісі тұрған де­се­ді.
Бұл сөзімізді ХІХ ғасырда өмір сүрген Торыбай атамыз Молжан Көм­бі­сұлы­ның жазып қалдырып кеткен мына өлең жолдары айғақтай түседі.
Бабамыз Қалша батыр жауға шапқан,
Ерлікпен ат үстінде таңдары атқан.
Жоңғар, Қалмақ жауларын ойсыратып,
Ырғыз-Нұра өңірі барға мақтан.
Тау тұлға батыр болған атағы ірі,
Болашаққа жасаған Сапарұлы.
Жаудан айла асырған даналықпен,
Халқының жүрек жұтқан бахадүрі.
Бабамыз Қалша батыр беделді ерім,
Ел мәңгі ардақтайды ер еңбегін.
Мың жылдық мұра болар ғұмыр жасың,
Жүз жылда бір туатын кемеңгерім.
Тарихта тұлға болып дара шығар,
Ырғызға бара қалсаң, түсініп ал.
Бабаға тағзым етіп бас иіп өт,
Жол шетінде Қалшаның белгісі бар.
Қорыта айтқанда, ел басына күн туғанда қорғаны болған Қалша Егіз­байұлының өмірі, ерліктері – кейіңгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Тарих деген қа­ра­пайым тілмен айтқанда, ата-ба­ба­мыздың өмірбаяны, басынан кеш­кен тарихи әлеуметтік оқиғалары, сол тарихымызды түгендеп, тұлға­ла­ры­мыздың ұлы істерін, ерліктерін дәріп­теу – бізге міндет.

Серік БЕРТАЕВ,
ардагер журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: