«Егін ексең, ебін тап,
Ебін тапсаң, жерін тап» демекші, биыл аудандағы Жаңадария ауылында бақша өнімдеріне басымдық берілді. Ауылда еткен еңбектің жемісін көру үшін тұрғындар көктем мезгілінен бастап дайындалады. Содан кейін күзден бастап халыққа өнімдерін ұсынады. Бақшаның бабын білген халықтың да көңілі тоқ.
Жаңадария десе аудан халқының көз алдына қауын-қарбыз елестейтіні анық. Себебі жыл сайын шалғайдағы ағайын бақша өнімдерін баптауды қолға алады. Ал бұл өнімді халыққа ұсынып жатқан шаруашылық иелерін көбіне бағаламай жатамыз, кейде кәсіптің бұл түріне қызығатынымыз тағы бар.
Жаңадария – аудан орталығынан шалғай демесеңіз, ауыл шаруашы-лығын дамытуға қолайлы елді мекен. Жергілікті тұрғындар ауылдың абаттануына, елді мекен халқының әлеуетінің артуына, экономикасының нығаюына жұмыс жасауды әдетке айналдырған. Сонымен қатар тұрғындардың талап-тілегі де, шешімін табуы тиіс мәселелер де баршылық. Сол мәселелердің бірі – аяқ су тапшылығы. Аяқ су тапшылығының алдын алу ауыл үшін өте маңызды екені сөзсіз. Өйткені ауыл халқының барлығыдерлік егін шаруашылығымен айналысады. Егін егіп, алажаздай еңбектеніп, қоңыр күзде өнімінің берекесін көруді әдетке айналдырған. Сондықтан ауыл азаматтарына қолбайлау болатын мәселенің ең әуелгісі де осы.
Жаңадарияда бақша өсіруді қолға алумен шектелмей, кәсібі арқылы халыққа да пайдасын тигізіп отырған шаруашылық иелері өте көп. Солардың бірі – Нартай Зинуллаұлы.
– Жаңадарияның қауын-қарбыздары ауданның, сонымен қатар қала тұрғындарының көңілінен шығып жататыны қуантарлық жайт. Дәл осындай дәмді әрі мол өнімді алу үшін біз көктем мезгілінен бастап, жер жыртып, дән егіп, суарып дайындаламыз. Содан кейін халыққа тұтынуға дәмді бақша өнімдерін алып келеміз. Менің бұл кәсіп түрімен айналысып жатқаныма көп уақыт болған жоқ, биыл алғаш рет бастадым. Нәтижесін көру үшін үлкен күш, еңбек қажет. Биыл аяқ су аз болып, өнімнің шығуына кішкене кедергі болғаны бар, бірақ қол жайып отыра берсек, істің нәтижесі болмайтыны белгілі ғой. Еңбек етсең, түбінде бәрін жеңіп шығасың. Біз де барынша еңбектеніп, осынша өнімнен үміт күттік, нәтижесінде Жер анамыз ренжітпей мол өнім берді. Күніне жүк көлігіне тиеп алып келеміз, күніне 100-150-ге жуық қауын сатылады. Нәтижесінде күз аяғына дейін 15-20 тоннадай өнімді халыққа ұсынамыз. Бұл еңбектің арқасында тек өзіме ғана емес, халыққа да пайдам тиетініне қуаныштымын, – деді шаруа адамы Нартай Пірманов.
Шаруашылық иелерінің көбісімен сөйлесіп, қауын-қарбыз секілді бақша өнімдері мен олардың күтімі жайында біраз дерекке қанықтық, жалпы бақшаның жайы, оларды халыққа ұсыну мен қиындықтар жайында сұраған болатынбыз. Басты шешімі табылмай тұрған мәселенің бірі ауылдан ат терлетіп қауындарын сатуға келгендердің сату кезінде тұратын жалдамалы орны көңіл көншітпейді екен. Тұтынушыларға қажетті бақша өнімдерін ұсыну үшін жалдап тұрған орындары өздеріне қолайсыз екен. Бірақ басқа орын жоқ, амалсыздан осы жерді жалдап тұруға тура келеді дейді шаруа иелері. Тіпті жалға алған жердің төлейтін ақысы да сол жерге лайықты емес, тым құрығанда жерге су сеуіп, шаң басуға да жұмыс жасалмаған, бақша өнімдерін сататын басқа орын болмағандықтан олар бақша өнімдерін осында сатылымға шығарады. Біз барғанда шаруашылық иелері ең алдымен осындай бір өкпесімен бөліскен болатын.
Десе де өтпей жатқан өнім жоқ, Жаңадарияның қауын-қарбызын аудан орталығындағы ағайын таласып алып жатыр. Дәмі де тіл үйіреді, бағасы да қалтаға қонымды. Бақша баптауды дәстүрге айналдырған Нартай ағамыз келер жылы егіс көлемін ұлғайтып, басқа да өнімдерге басымдық беретінін айтады.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!