Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 18:05

Сапалы өнім сұранысқа ие

12.09.2023

266

0

«Егін ексең, ебін тап,
Ебін тапсаң, жерін тап» демекші, биыл аудандағы Жаңадария ауылында бақша өнімдеріне басымдық берілді. Ауылда еткен еңбектің жемісін көру үшін тұрғындар көктем мезгілінен бастап дайындалады. Содан кейін күзден бастап халыққа өнімдерін ұсынады. Бақшаның бабын білген халықтың да көңілі тоқ.

Жаңадария десе аудан халқының көз алдына қауын-қарбыз елестейтіні анық. Себебі жыл сайын шалғайдағы ағайын бақша өнімдерін баптауды қолға алады. Ал бұл өнімді халыққа ұсынып жатқан шаруашылық иелерін көбіне бағаламай жатамыз, кейде кәсіптің бұл түріне қызығатынымыз тағы бар.
Жаңадария – аудан орталығынан шалғай демесеңіз, ауыл шаруашы-лығын дамытуға қолайлы елді мекен. Жергілікті тұрғындар ауылдың абат­та­нуына, елді мекен халқының әлеуетінің артуына, экономикасының ны­­ғаюына жұмыс жасауды әдетке ай­нал­­дырған. Сонымен қатар тұрғындардың та­лап-ті­легі де, шешімін табуы тиіс мәсе­ле­­лер де баршылық. Сол мәселе­лер­дің бірі – аяқ су тапшылығы. Аяқ су тап­шы­лығының алдын алу ауыл үшін өте маңызды екені сөзсіз. Өйт­кені ауыл халқының барлығыдерлік егін ша­руа­шы­лығымен айналысады. Егін егіп, ала­жаздай еңбектеніп, қоңыр күзде өні­­мінің берекесін көруді әдетке айнал­дыр­ған. Сондықтан ауыл азаматтарына қолбайлау болатын мәселенің ең әуелгісі де осы.
Жаңадарияда бақша өсіруді қолға алумен шектелмей, кәсібі арқылы халыққа да пайдасын тигізіп отырған шаруашылық иелері өте көп. Солардың бірі – Нартай Зинуллаұлы.
– Жаңадарияның қауын-қарбызда­ры ауданның, сонымен қатар қала­ тұрғындарының көңілінен шығып жататыны қуантарлық жайт. Дәл осындай дәмді әрі мол өнімді алу үшін біз көктем мезгілінен бастап, жер жыртып, дән егіп, суарып дайындаламыз. Содан кейін халыққа тұтынуға дәмді бақша өнімдерін алып келеміз. Менің бұл кәсіп түрімен айналысып жат­қаныма көп уақыт болған жоқ, биыл алғаш рет бастадым. Нәтижесін көру үшін үлкен күш, еңбек қажет. Биыл аяқ су аз болып, өнімнің шығуына кішкене кедергі болғаны бар, бірақ қол жайып отыра берсек, істің нәтижесі болмайтыны белгілі ғой. Еңбек етсең, түбінде бәрін жеңіп шығасың. Біз де барынша еңбектеніп, осынша өнімнен үміт күттік, нәтижесінде Жер анамыз ренжітпей мол өнім берді. Күніне жүк көлігіне тиеп алып келеміз, күніне 100-150-ге жуық қауын сатылады. Нәтижесінде күз аяғына дейін 15-20 тоннадай өнімді халыққа ұсынамыз. Бұл еңбектің арқасында тек өзіме ғана емес, халыққа да пайдам тиетініне қуаныштымын, – деді шаруа адамы Нартай Пірманов.
Шаруашылық иелерінің көбісімен сөйлесіп, қауын-қарбыз секілді бақша өнімдері мен олардың күтімі жайында біраз дерекке қанықтық, жалпы бақшаның жайы, оларды халыққа ұсыну мен қиындықтар жайында сұраған бо­ла­тынбыз. Басты шешімі табылмай тұрған мәселенің бірі ауылдан ат тер­летіп қауындарын сатуға келгендердің сату кезінде тұратын жалда­малы орны көңіл көншітпейді екен. Тұтынушыларға қажетті бақша өнімдерін ұсыну үшін жалдап тұрған орындары өздеріне қолайсыз екен. Бірақ басқа орын жоқ, амалсыздан осы жерді жалдап тұ­руға тура келеді дейді шаруа иелері. Тіпті жалға алған жердің төлейтін ақысы да сол жерге лайықты емес, тым құрығанда жерге су сеуіп, шаң басуға да жұмыс жасалмаған, бақша өнімдерін сататын басқа орын болмағандықтан олар бақша өнімдерін осында сатылымға шығарады. Біз барғанда шаруашылық иелері ең алдымен осындай бір өк­песімен бөліскен болатын.
Десе де өтпей жатқан өнім жоқ, Жаңадарияның қауын-қарбызын аудан орталығындағы ағайын таласып алып жатыр. Дәмі де тіл үйіреді, бағасы да қалтаға қонымды. Бақша баптауды дәстүрге айналдырған Нартай ағамыз келер жылы егіс көлемін ұлғайтып, басқа да өнімдерге басымдық беретінін айтады.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: