Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жексенбі, 24 қараша, 07:40

Балалардағы қызылша ауруының белгілері қандай?

08.10.2023

3665

0

Қазақстанда қызылша ауруы өршіп жатыр. Қызылша жұқтырғандардың көпшілігі – балалар. Сондай-ақ олардың 70%-ы екпе алмаған балалар екен. Балалардағы қызылша ауруының белгілері қандай және оның алдын алу үшін не істеу керек? 

Қызылша – жоғары дене температурасымен, катаральды белгілермен және бөртпемен жүретін жіті вирустық ауру. Ол асқынса, кішкентай науқастардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Қызылша вирусы адамнан адамға ауа-тамшылы жолмен жұғады. Ол мұрын, көз және тамақ шырыштысына түсіп, содан соң жұқпа қанға еніп, бүкіл ағза бойымен таралады. 

Қызылшаның белгілері басқа аурулардың белгілеріне ұқсас болуы мүмкін. Алайда оның өзіне тән де белгісі бар. Балалар дәрігері Кабделова Замира қызылша ауруының белгілері жайлы айтып берді.

«Қызылша – құрамында РНҚ-сы (рибонуклеин қышқылы) бар қызылша вирусымен тудырылатын, ауа-тамшылы жолмен таралатын жоғары контагиозды жедел вирустық жұқпалы ауру. Қызылша дене температурасының 38-39°C-қа көтерілуімен, интоксикация, дақты-папулезді бөртпелердің сатылы шығуы, энантема, жарықтан қорқу, жоғары тыныс алу жолдарының зақымдалуымен сипатталады. 

Бізде қызылшаны ажырататын ең басты белгісі – ауыз қуысы сілекейлі қабығындағы Филатов Коплик дақтары. Егер біз ауыз қуысынан сол дақтарды байқасақ, бірден қызылша диагнозын қоямыз», – деді дәрігер.

Қызылшамен ауырған жағдайда оның арнайы емі жоқ. Тек симптоматикалық ем жүргізіледі.  Ал қызылша жұқтырудың алдын алу үшін оған қарсы вакцинаны уақытылы салдыру керек.

«Қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жолы – «Ұлттық екпе күнтізбесіне» енгізілген вакцинация алу. Ол ауа-тамшылы жолмен жұғатын болғандықтан, контагиоздығы өте жоғары. Елімізде қызылшаға қарсы екпе балаға «Ұлттық екпе күнтізбесі» бойынша 1 жасында және ревакцинация 6 жасында салынады. Қызылшаға қарсы екпе комбинирленген құрамында эпидемиялық паротитке және қызамыққа қарсы салынады. Егер қызылшамен байланыс болған жағдайда қарым-қатынаста болғандарға 72 сағат ішінде вакцина салынуы тиіс. 

Қазіргі таңда вакцинадан бас тартатындар өте көп. Оларға қызылшамен ауырған жағдайда қандай асқынуы, салдары болатыны туралы түсіндіру шараларын жүргіземіз. Кей жағдайда үйлеріне барып, қызылша жайлы түсіндірме-брошюралар таратамыз. Бірақ, өкінішке қарай вакцина алмайтындар саны вакцина алатындарға қарағанда көп болып тұр», – деді Кабделова Замира.

Педиатр маман қызылшаны асқындырып алса, қандай ауруларға әкелуі мүмкін екенін айтты.

«ҚҚП екпесін алмаған, қызылшамен ауырып шыққан балалар 7 жыл ішінде склероздаушы панэнцефалитке шалдығуы мүмкін, яғни ол бірден көрініс бермейді. Қызылша сондай-ақ мынадай асқынуларымен қауіпті: миокардит, энцефалит, пневмония, соқырлық және есту қабілетінің жоғалуы. Ауыр жағдайларда тіпті, мүгедектікке және өлімге әкелуі мүмкін», – деп ескертті дәрігер.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: