Оңалту орталығы – өмірдің қиын жағдайына тап болған ерекше жандардың басын қосатын, оларды жаңа өмірге бейімдейтін, қалыпты өмір дағдыларына оралуына ықпал ететін мекеме. Өткен аптада аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен, облыста орналасқан оңалту орталығының мамандарымен кездесу өтті. Оған аудан тұрғындары мен бірқатар сала мамандары қатысты.
Орталықтың негізгі міндеті қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың даму деңгейін арттыру, әлеуметтену және ықпалдасу деңгейін арттыруға бағдарланған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылықтың, қорлаудың, дөрекі қарым-қатынастың барлық нысандарынан қорғау болып табылады.
– Мекеме қызметін 2012 жылы бастады. Мұнда 60 стационар, 50 жартылай стационар, тірек-қимыл аппараты бұзылған, аутизм және ментальды бұзылысы бар балаларға арналған 20 орындық оңалту орталығы бар. Ғимарат үшқабатты, қызмет алушылар 1-2 қабаттағы блоктарда орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатында асхана, жаттығу залы, спорт залы, акт залы, еңбек терапиясына арналған тігін шеберханасы, жатын бөлмелер, ойын бөлмелері, медициналық блок, оқшаулау бөлімі, қабылдау пункті, дәріхана, емшара бөлмесі, дезинфектор кабинеті, массаж, емдік дене шынықтыру кабинеті, мамандар кабинеттері, нақтырақ айтсақ, психолог, логопед, дефектолог, музыкалық терапия кабинеті, әлеуметтік тұрмыстық бағдар кабинеті, монтессори кабинеті және сенсорлық кабинет орналасқан. Ғимараттың екінші қабатында асхана, жатын бөлмелер, медициналық блок, емшара кабинеті, дәрігерлер, невропатолог, психиатр, педиатр, реабилитолог кабинеттері, ультра сәулелі терапия және емдік дене шынықтыру кабинеттері орналасқан. Сондай-ақ 50 орынға есептелген күндізгі болу бөлімшесі де бар. Әр блокта бейнебақылау камералары орнатылған.Қызмет алушылар 5 мезгіл тамақтанады. Қызмет алушылардың сенсорлы қызметтерін, көру және есту арқылы қабылдауын, өзін-өзі қалыпты бақылау, қарым-қатынасқа түсу дағдыларын қалыптастыру мақсатында сенсорлық кабинеті, балаларға өздігінен жұмыс жасауға, жеке тұлға ретінде қалыптасуға, өзіндік ойлау дағдысының дамуына арналған монтессори кабинеттері бар, – деді орталық директорының орынбасары Дариға Нұрмұхамбетқызы.
Мекемеде қызмет алушылардың өз-өзіне қызмет көрсетуін жетілдіру, жаны жаралы жандардың өмір сүруге деген құлшынысын оятып, дүниетанымын кеңейту, еңбек ету қабілетін арттыруда әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, дәрігерлер, аяжандар, психолог секілді 217 қызметкер еңбек етеді. Олар ем алушыларға медициналық және оңалту шараларын жүргізумен шектелмейді. Мамандар олардың диагноздарына сәйкес жеке-жеке арнайы жоспар бекітіп, жұмыс жасайды. Қызмет алушылардың әр күні, әр сағаты жоспарға сәйкес жүргізіледі. Олардың қимыл-қозғалысын дамыту мақсатында мамандар уақытпен санаспай жұмыс жасайды. Кездесу соңында ата-аналардан сұрақтар қойылып, мамандар тарпынан мардымды жауап айтылды.
Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Өйткені кез келген елдің негізгі байлығы – оның халқы. Осы тұста, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық ортаға бейімдей отырып, өмір сүруге деген құлшынысын арттырып, денсаулығын қалыпқа келтіруде оңалту орталықтарының маңызы жоғары.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!