Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:48

Елдің болашағы – заң мен әділдікте

12.10.2023

693

0

Жаза – қылмыс  істелді деп танылған азаматтарға Қылмыстық заңнамаға сәйкес көрсетілетін, әр елде бөлек түрде жүретін мәжбүрлеу шарасы. Әрбір қылмыстың соңы жаза екені анық. Бірінде жеңіл, бірінде ауыр жаза тағайындалады. Ал жәбірленуші мен қылмыскер арасында әділдікті орнатушы – сот үкімі.

Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялаған жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғанын баршамызға белгілі. Заң бойынша мемлекеттік билік заңнамалық деңгейде: заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлінді.  Сол жылдардан  бері сот жүйесінің ел тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды заңдарды қабылдау да, заңдарды шығару да кеңінен жүргізілді. Сот жүйесінің тәуелсіздігі қағидаттарының негізгі кепілдіктері Конституцияда қаланды және тағайындалатын жазалар да соған негізделеді. Сот жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды. Осының негізінде Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Халық арасында әділдік орнатып жүргенҚызылорда облыстық сотына биыл 85 жыл толып отыр.

1938 жылы 15 қаңтардағы арнайы қаулы бойынша  облыс құрылды. Ал дәл сол жылы 4 наурызда облыстық сот құрылды. Демек, облыстық соттың жаңа тарихи кезеңі жоғарыда айтқанымыздай, Қызылорданың облыс ретінде құрылуымен тығыз байланысты. Осынау ғасырға жуық тарихта Қызылорда  облыстық  соттары еліміздің тұрақты дамуына зор үлесін де қосты. Сондай-ақ  қоғам және мемлекет өмірінде туындайтын жанжалдар мен дауларды әділ шешу бағытында небір күрделі, тағдырлы істерге төрелік етті.  Сол кезден бастап қабылданған заңдар, қаулылар, шешімдер кезең-кезеңімен жетіліп, өзгеріске еніп, жаңарып келеді.

Міржақып Дулатов айтпақшы, халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмейтін сот – сот емес, сор. Сот үкімі тек жаза тағайындап, үкім шығару емес, азаматтарды қылмыстан тиып, қайта ортаға қосу немесе алдағы уақыттарды қайта қылмыс істемеуге ескерту жасау болып табылады.

85 жылдық тарихы бар Қызылорда облыстық соттары жаңа технологияларды қолданудың арқасында сот қызметі ашық, жедел әрі  қолжетімді бола түсті. Сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейнежазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары түгелдей дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технологиялар  азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауын қолжетімді етті. Сондай-ақ электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі енгізіліп, сот ісін жүргізуде заманауи бағдарламалық өнімдер пайдаланылып келеді. Ақпараттық технологиялар арқылы халыққа көптеген ақпараттық қызметтер де көрсетіледі. Ең алдымен  азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін, сот жүйесінің тиімділігін, қолжетімділігі және ашықтығын, одан әрі арттыру үшін осы секілді халыққа қолжетімді жағдайлар ұйымдастырылып келеді.

Халық арасында әділдікті орнату үшін тек ол нәрселер болуы жеткіліксіз. Сот залына кірген әрбір судья бір сәтке ағайын-туыс, жора-жолдас атаулыны ұмытып, тек заңға ғана бағынуы тиіс. Себебі бізге көмек сұрап келетін халық  «мен әділет үйіне келдім, ол жерде мені күтеді, түсінеді, қабылдайды, мәселемді әділ шешеді» деп келеді. Сондықтан біз осындай құрмет пен сенімді ақтап, өз қызметімізді тиісті дәрежеде атқару, халықтың сотқа деген сенімін арттыру басты міндетіміз һәм парызымыз десек те артық айтқандық емес.

Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы жолдауында «Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің  санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді» деген болатын. Қазіргі таңда Қызылорда облыстық сотында сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуде міне осы  алқабилер институты енгізілген болатын.Сондай-ақ  тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітіліп, экономикалық, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып қызметін атқаруда.

Жоғарыда айтылғандай сот жүйесіне жаңа технологиялар енгізіліп, сервистер де жаңартылды. Сот жүктемесі азайтылып, сот актілерін ұғынықты тілде түсіндіру тәжірибесі  де енгізілді. Осы секілді батыл қадамдар мен сан салалы жұмыстар сот жүйесін белсенді дамытудың жаңа қырын қалыптастырып, судьялардың жұмысына тың серпін бергендігі көрініп-ақ тұр. Осындай жаңашаландыру жұмыстарының көрінісі – облыстық сот жүйесі құқықтық мемлекеттің қажеттілігіне және заман талабына сәйкес үздіксіз жетілдіріліп келе жатқанын көрсетеді.

Болат Исағабылов,

Жалағаш аудандық сотының бас маманы,

Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: