Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жексенбі, 24 қараша, 08:40

«Жүрек, ми, өкпе онкологиясы». Вейп шегу жасөспірімдер ағзасына қалай әсер етіп жатыр?

18.10.2023

585

0

Жасөспірімдер арасында танымал вейп шегетін болсаңыз, денсаулығыңызға мұқият болуыңыз керек, өйткені вейпинг қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін екенін шетелдік ғалымдар дәлелдеген. Massaget.kz тілшісі дәрігер-терапевт, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиологы Мадина Құдайбергеннен вейп шегу қаупі туралы және алғашқы белгілері қандай болатынын сұрады. 

Кардиологтың сөзінше, өндірушілердің темекі шегу сияқты жаман әдеттен құтылу үшін вейп көмектесетініне қатысты айтатын сөздері шындыққа жанаспайды. Себебі, вейптің зияны кәдімгі темекімен бірдей. 

«Әдетте өнеркәсіп иелері 1 ай бойы вейп шегу адамды темекі шегуден толық құтылуға көмектеседі деп кеңес беріп, бұл құрылғыны темекіні тастау үшін ұсынып жатады. Бірақ мұның әсері басқаша. Ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, вейптің тура темекі секілді зияны бар. Вейп жүрек, ми, өкпе және бауырға кері әсер етеді», – дейді дәрігер. 

Вейп – темекі шегетін сұйықтықтарды буландыруға арналған электронды темекінің бір түрі. Вейп сұйықтықтарының құрамына 4 негізгі және бірнеше қосымша компонент кіреді. Олар: никотин, пропиленгликоль, глицерин, хош иістендіргіш, сукралоза, этилмальтол, салқындатқыш.

Маманның айтуынша, дәл осы компоненттер, оның ішінде никотин адам ағзасына айтарлықтай зиян тигізеді. 

«Вейптің құрамында никотин және көптеген концерогенді улы зат бар. Вейп шеккен кезде ағзаға никотин түседі. Никотиннің миға жетуіне 7 секунд жеткілікті болғанымен, қанның құрамында 2 сағат бойы айналып жүреді. Осы 2 сағаттың ішінде ол жинақтаушы әсер беріп, никотин жинала береді, ал көп уақыт жиналған никотин ағза торының өзгеруіне алып келеді. Өз кезегінде тордың өзгеруі қатерлі ісік тудырады», – деп түсіндірді Мадина Құдайберген. 

Сонымен қатар, адам ағзасында жиналған никотиннің шамадан тыс мөлшері тыныс алу ағзаларын бірқатар ауруға шалдықтырады.

«Вейп шегу бірінші орында тыныс алу ағзаларына әсер ететіндіктен, адамда өкпе мәселелері пайда болады. Жиналған никотин өкпе ауруларына, яғни фиброз, пневмония, тромбозға әкеледі. Сонымен қатар, миға да кері әсер етеді», – деді дәрігер-терапевт.

Дәрігер никотин мидың дұрыс жұмыс істемеуіне әсер ететінін айтып, алғашқы белгілері қандай болатынын сипаттады. Олар:

Ашушаңдық;
Депрессия;
Апатия;
Маниакальды ойлар пайда болады.
Егер адамда бұған дейін психологиялық ауытқулар болса, никотин жағдайды ушықтырып жібереді, – дәрігер. 

Вейптің құрамындағы никотин жүрек қантамырларына да келтірер зияны бар. Ол жалпы жүрек қантамырларын әлсіз етіп, оның жарылуына алып келеді. Салдарынан қан қысымы жоғарылап, тромбоз, артериялық жүрек бляшкалар және аритмия пайда болуы мүмкін, сондай-ақ инфаркт алу ықтималдылығы артады.

Мадина Құдайберген никотин тек өкпеге емес, оған қоса асқазан мен бауыр жұмысын нашарлататынын да атап өтті.

«Азғадағы никотиннің көп мөлшері асқазанның шырышты қабатын зақымдап, жара пайда болуына әкеледі. Сонымен бірге бауыр қанның депо функциясына жауап беретіндіктен, қан бауырда тазаланады. Ал қанға түскен никотин бауырдың жұмысын нашарлатып, зиян тигізеді», – дейді кардиолог.

Мұнымен вейп шегудің зиянының тізімі бітпейді. Вейп құрамындағы никотин адамдардың қорқып, үреймен қарайтын онкологиялық ауруға шалдықтырады.

«Вейп өкпе, ми, жүрек қатерлі ісігіне шалдықтырып, бауырды зақымдайды.

Бірінші кезекте вейп шегу адамды өкпе онкологиясына шалдықтырады. Оның ерте кезеңде анықталуы үшін жыл сайын кезекті тексерістен өту керек. Бірақ біздің қарапайым халық мұндай медициналық тексеруден өтуге аса мән бермейтіндіктен, ауру асқынған кезде ғана біліп жатады. Мысалы, вейптің кесірінен өкпе қатерлі ісігі пайда болса, ол туралы 2 не 3 сатысында ғана біледі», – деп пікір білдірді маман.

Өкпе онкологиясының алғашқы белгілері:

Жөтел;
Қиын бөлінетін қақырық, оның түсі сарғыш, қан аралас болуы мүмкін;
Өкпе тұсында ауырсыну;
Тершеңдік;
Ентігу;
Салмақ тастау және тағы басқа.
Айта кетейік, бұған дейін адамда қатерлі ісік бар-жоғын қалай анықтауға болатыны хабарланған еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: