28 қазан күні сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Костенко» шахтасында жарылыс болды. Қайғылы жағдай қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 205 кенші жер бетіне шығарылған.
Бас прокуратура Костенко атындағы шахтадағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Болжам бойынша, лавада газ метанының жарылысы болған. Оқиға орнына сол күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барды. Мемлекет басшысы қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Президент тапсырмасы бойынша оларға жан-жақты көмек көрсетіледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты 8 шахтаның жұмысы тоқтатылды.
– Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма берді.
– Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі уақытта кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе қарастырылып жатқанын айтты. Сол күні Президент шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді. Ең алдымен құтқару жұмыстарының барысы және қазіргі ахуал туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов баяндады. Мұнан соң Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният зардап шеккен азаматтарға көрсетіліп жатқан медициналық көмек туралы мәлімдеді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты.
Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Тиісті қаражат республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан қаралады. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатса, 23 жасқа дейін төленеді. Министрдің айтуынша, әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынға тиесілі меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені ресімдеу процесі аяқталуға жақын екенін баяндады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қарағанды облысы «Костенко» шахтасында қаза тапқан кеншілерді жерлеу рәсімі кеше басталды.
Ерлан ӘНУАРҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!