Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 21:56

Шахтадағы апат: 45 кенші көз жұмды

31.10.2023

504

0

28 қазан күні сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Костенко» шахтасында жарылыс болды. Қайғылы жағдай қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 205 кенші жер бетіне шығарылған.

Бас прокуратура Костенко атын­дағы шахтадағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Болжам бойынша, лавада газ метанының жарылысы болған. Оқиға орнына сол күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барды. Мемлекет басшысы қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Президент тапсырмасы бойынша оларға жан-жақты көмек көрсетіледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Темір­тау» компаниясымен инвести­ция­лық ынтымақтастықты тоқ­­татуды тапсырды. Қазір «Арсе­лор­Миттал Теміртау» АҚ-ға қарасты 8 шахтаның жұмысы тоқтатылды.
– Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент «АрселорМиттал Те­мір­тау» компаниясымен инвести­циялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма берді.
– Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұр­ғы­сынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіп­орынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз ке­рек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тап­сырамын. Кәсіпорынның қазіргі бас­шылығының қолынан ештеңе келмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы қазіргі уақытта кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе қарастырылып жатқанын айтты. Сол күні Президент шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді. Ең алдымен құтқару жұмыстарының барысы және қазіргі ахуал туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов баяндады. Мұнан соң Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният зардап шеккен азаматтарға көрсетіліп жатқан медициналық көмек туралы мәлімдеді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай әлеуметтік көмек көр­сетілетінін айтты.
Қаза тапқан азаматтардың от­ба­­сыларына асыраушысынан ай­ры­луына байланысты жәрде­мақы тағайындалады. Тиісті қаражат рес­публикалық бюджет­тен, әлеу­меттік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компания­сынан қаралады. Жәрдемақы көле­мі­нің жалпы орташа мөлшері асырауын­дағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатса, 23 жасқа дейін төленеді. Министрдің айтуынша, әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» ком­паниясы жерлеу рәсімдеріне бай­ланысты барлық шығынды, сон­дай-ақ балаларды жоғары оқу орын­дарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс.
Премьер-Министр Әлихан Сма­йы­лов Үкімет «АрселорМиттал Те­міртау» компаниясының акцио­нер­лерімен алдын ала уағдалас­тыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынға тиесілі меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені ресімдеу процесі аяқталуға жақын екенін баяндады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қарағанды облысы «Костенко» шахтасында қаза тапқан кеншілерді жерлеу рәсімі кеше басталды.


Ерлан ӘНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: