Ауданда жасынан білімділігімен көзге түсіп жүрген оқушылар жетерлік. Өлең сөзінің құдыреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білген, ой-пікірін ғылыми тұрғыда дәйекті жеткізе алатын ауданның озат оқушылары Алматы қаласында өткен республикалық байқауда марапат төрінен көрініп, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Мектеп оқушыларына Т.Айбергенов шығармаларын насихаттау, оқушылардың поэзияға, өнерге деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдыреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге, ой-пікірлерін ғылыми тұрғыда дәйекті жеткізе алуға баулу мақсатында ұйымдастырылған «Төлеген Айбергенов оқулары» атты байқау бес бөлімнен тұрады. «Толқиды бір кеудемде кернеген шер» бөлімі бойынша Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің оқушысы Ақбота Жәли қатысып, І орынға ие болды. Жеңімпазға арнайы диплом мен 50 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды.
Айта кетейік, Ақботамен бірге барған жерлестеріміз де олжасыз қайтпады. «Өз ғасырым өзімнің иінімде» атты бөлім бойынша №118 мектептің 10 сынып оқушысы Гүлім Алматқызы І орын, «Шын дос болсаң, бір келіп сырласып кет» атты бөлімі бойынша №201 мектеп-лицейінің оқушысы Нұржайна Өміртай І орын, «Барады кең дүние әнге айналып» атты бөліміне дәл осы білім ошағының 8 сынып оқушысы Ерхан Темірханұлы қатысып, ІІІ орын иеленді.
– Педагог баланың қай жағынан дарынды екенін анықтауды ерте жасынан қолға алуы керек. Кейбір балалар өздерінің дарынды екенін көрсетуге қабілетті болса, кейбіреулері өз талантын көрсетуге асықпайды немесе өздері де байқамайды. Ақботаны мектепке биыл келсе де, әдебиетке деген қызығушылығын байқап, қазақ тілі мен әдебиетінен тереңдетілген сыныпқа ауыстырдық. Ол – білімділігінен бөлек мектептегі түрлі іс-шаралар мен байқауларда да белсенділік танытатын мектептегі ең үлгілі оқушы, – деді ұстазы Салтанат Қосжанова.
Мектепте озат, білімділігімен көзге түскен кейіпкеріміздің жас та болса аудандық, облыстық жарыстардан алған жетістіктері көп. Мәселен, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде ІІ орынмен марапатталған. Сонымен қатар республикалық «Абай оқулары» байқауының аудандық кезеңінде «Ұлылар әлемі» бөлімі бойынша ІІ орын иеленген. Республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасының аудандық кезеңінде «Жас қаламгер» бөлімі бойынша ІІ орынды қанжығасына байлап, «Қадір Мырза Әлі оқуларында» ІІІ орынға тұрақтаған.
Айта берсек, озат оқушының жетістігі көп-ақ. Ол бүгінде алдағы уақытта өтетін облыстық, республикалық жарыстарға қызу дайындық үстінде екен.
Жалпы ауданда білімділігімен дараланған жастарымыз жетерлік. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, білікті ұстаздан осындай аудан мақтанатын шәкірттер шығады. Абай атамыз айтқандай, қолымызды мезгілінен кеш сермемес үшін жастарға сапалы білім беріп, олардан бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға басымдық берген абзал. Себебі ел болашағы білімді жастардың қолында.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!