Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Сәрсенбі, 08 мамыр, 07:39

Озат оқушылар топ жарды

07.11.2023

376

0

Ауданда жасынан білімділігімен көзге түсіп жүрген оқушылар жетерлік. Өлең сөзінің құдыреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білген, ой-пікірін ғылыми тұрғыда дәйекті жеткізе алатын ауданның озат оқушылары Алматы қаласында өткен республикалық байқауда марапат төрінен көрініп, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Мектеп оқушыларына Т.Айбергенов шығармаларын насихаттау, оқушылар­дың поэзияға, өнерге деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдыреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен тү­сіне білуге, ой-пікірлерін ғылыми тұр­ғыда дәйекті жеткізе алуға баулу мақ­сатында ұйымдастырылған «Төлеген Айбергенов оқу­лары» атты байқау бес бөлімнен тұрады. «Толқиды бір кеудемде кер­неген шер» бөлімі бойынша Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің оқу­шысы Ақбота Жәли қатысып, І орынға ие болды. Жеңімпазға арнайы диплом мен 50 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды.
Айта кетейік, Ақботамен бірге барған жерлестеріміз де олжасыз қайтпады. «Өз ғасырым өзімнің иінімде» атты бө­лім бойынша №118 мектептің 10 сынып оқушысы Гүлім Алматқызы І орын, «Шын дос болсаң, бір келіп сырласып кет» атты бөлімі бойынша №201 мектеп­-лицейінің оқушысы Нұржайна Өмір­тай І орын, «Барады кең дүние әнге айна­лып» атты бөліміне дәл осы білім ошағының 8 сынып оқушысы Ерхан Темір­ханұлы қатысып, ІІІ орын иеленді.
– Педагог баланың қай жағынан да­­рынды екенін анықтауды ерте жа­сы­нан қолға алуы керек. Кейбір ба­ла­­лар өз­дерінің дарынды екенін көр­се­туге қабілетті болса, кейбіреулері өз талантын көрсетуге асықпайды не­месе өздері де байқамайды. Ақботаны мектепке биыл­ келсе де, әдебиетке де­­­ген қызығушылығын байқап, қазақ тілі мен әдебиетінен тереңдетілген сы­­ныпқа ауыстырдық. Ол – білімділігінен бө­лек мектептегі түрлі іс-шаралар мен бай­қау­ларда да белсенділік танытатын мектеп­тегі ең үлгілі оқушы, – деді ұстазы Салтанат Қосжанова.
Мектепте озат, білімділігімен көзге түскен кейіпкеріміздің жас та болса аудандық, облыстық жарыстардан ал­ған жетістіктері көп. Мәселен, жалпы білім беретін пәндер бойынша респуб­ликалық олимпиаданың аудандық ке­зеңінде ІІ орынмен марапатталған. Со­ны­мен қа­тар республикалық «Абай оқулары» бай­қауының аудан­­дық кезеңінде «Ұлылар әлемі» бө­лімі бойынша ІІ орын иеленген. Рес­пуб­ликалық «Жарқын болашақ» олим­пиа­да­сының аудандық кезеңінде «Жас қа­­ламгер» бөлімі бойынша ІІ орын­ды қан­жығасына байлап, «Қадір Мырза Әлі оқуларында» ІІІ орынға тұрақтаған.
Айта берсек, озат оқушының жетістігі көп-ақ. Ол бүгінде алдағы уақытта өтетін облыстық, республикалық жарыстарға қызу дайындық үстінде екен.
Жалпы ауданда білімділігімен да­ра­ланған жастарымыз жетерлік. «Ұс­тазы жақсының – ұстанымы жақсы» де­мекші, білікті ұстаздан осындай ау­дан мақтанатын шәкірттер шығады. Абай атамыз айтқандай, қолымызды мезгілінен кеш сермемес үшін жастарға сапалы білім беріп, олардан бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға басым­дық берген абзал. Себебі ел болашағы білімді жастардың қолында.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: