Жұмыссыздықты жоюдың басты кілтінің бірі – жастарды кәсіпкерлік саласына бейімдеу. Осы бағытта елімізде бірқатар жоба жүзеге асуда. Жұмыссыз болып тіркелген 15 826 қызылордалық ұлттық жоба шеңберінде субсидияланған жұмыс орындарына жолданды. Одан бөлек, мемлекет бағдарламалар аясында кәсіп бастаған жастар жетерлік.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың кәсіпкерлік бастамасын жүзеге асыру үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Биыл осы жоба аясында республикалық бюджеттен 457 адамға 2,3 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі таңда, 443 жас кәсіпкер 2 миллиард теңге көлемінде бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі комиссияның оң қорытындысын алды. Оның ішінде 342 жас кәсіпкер 1,5 миллиард теңгеге қаржыландырылып, өз кәсіптерін бастады, – деді басқарма басшысы Ғабит Жұмабекұлы.
Биыл екінші тоқсанның қортындысымен өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,5 пайызға жетті. Жұмыссыздық жоюға 73 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде 1545 адам тұрақты жұмыс тапса, 414 адам уақытша жұмыс орындарына орналасты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!