Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 14:54

Атакәсіпті қолға алған

13.11.2023

352

0

Сөзімізді ауылдағы ағайынның тіршілігі және оларға жасалып жатқан қолдаулармен бастасақ. Иә, мемлекет әсіресе соңғы жылдары кәсіп ашып, пайдаға кенелемін деушілерге қолдау білдіруде. Мәселен, биыл іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы, «Сыбаға» және қайтарымсыз грант үлестіретін бағдарламалар аясында қаншама ауыл азаматы кәсіп бастап, екі қолға бір күрек тапқан. Бүгінде олардың басым көпшілігі ірі қара мен жылқы асырап, ата кәсіпті жандандырып отыр. Соның бірі – Мөрәлі Шәменов ауы­лының тұрғыны Бегалы Ақмырзаев.

Ол 2018 жылы мемлекеттік бағдар­лама шеңберінде 2 млн теңге несие алып, кәсібін бастайды. Бала кезінен ата кәсіптің қыр-сырын үйренген ол тәуекел етіп жылқы шаруашылығын қолға ала­ды. Кә­сіпті бастаудағы мақсаты – жылқы басын көбейту, сол арқылы өңірді ет, қымыз өнімдерімен қамтамасыз ету.
Кейіпкеріміздің таңдауы төрт түліктің ішіндегі жылқыға түскен. Біз де Бегалы аға­ның шаңырағына атбасын бұрып, кәсі­бі­мен танысуды жөн көрдік. Ал­пысты алқымдаған ағамыз қорада жылқы­ла­рының жем-суын қамдап жатыр екен. Қимылы ширақ, бір иығында пресс шөп, бір қолында су толған шелегі бар. Бұл көрініс арқылы ағаның кәсібіне деген ерек­ше қызығушылығын байқадық. «Әрекетке берекет» демекші, бүгінде кәсіпкер 2 үйір жылқы жинап үлгерген.
– Зейнетке шыққан соң бос отыр­мау­дың қамымен іс бастауға қаржы іздедім. Мемлекеттің кәсіп бастауға ерек­ше қол­дау көрсетіп жатқанынан хабардар едім. Сөйтіп әкімшілік қызметкерлерінің сүйе­мел­деуімен қаржылай қолдауға да ие болдым. Осылайша қаржыма алға­шында Арал өңірінен 6 жылқы сатып алдым. Тәуекел етіп істі бастағандықтан мал басын көбейтуге мақсат қойдым. Алғашында оңай болмады, өзге өңірден әкелген жылқыларды жерсіндіруге уақыт керек болды. Шүкір, жаман емес, қазіргі таңда 30 жылқым бар. Мен осы атакәсіп арқылы отбасымды асырап отырмын, сондай-ақ ермегім де осы болды. Жастар мал бағудан қорықпау керек, ешқандай қиындығы жоқ. Мемлекеттен көптеген қолдау қарастырылған. Міне, соның арқасында өсіп-өніп отырған жайымыз бар. Мен осы кәсіпті бастағаныма қуа­намын. Жасыратыны жоқ, алған не­сиемді ешқайда жұмсамай, тек кәсібіме салдым. Қазір жылқыларым қоңды, – дейді Бегалы Ақмырзаев.
Бегалы аға үй ауласынан бастап қораға дейінгі аралықта тазалықты қа­таң сақтаған, ұлдары да әкесіне қол­ғабыс. Келешекте Бекең кәсібінің көк­жиегін кеңейтуді де жоспарлап отыр. Мақсаты – жылқы тұқымын асылдандыру. Сондай-ақ сауын биелерін әкеліп, қымыз өндірісін де дамыту ойында бар. Алайда ойлағаныңды жүзеге асыруға қосымша қаржы керек.
Ол мемлекеттен қосымша қаржылай қолдау болса деген үмітте. Әрине мал баққан еңбек адамы құ­жат жинауда қиналатыны тағы бар. Жер­гі­лікті би­лік­тен, яғни аудандық кәсіп­кер­лік бөлімінен сүйемелдеу болса деген ниетте.
– Кәсіп бастаған соң қолға алған ісің­ді одан әрі жандандыруды ойлайды екен­сің. Ендігі жоспарым – мал басын асыл­дандыру. Жылқыларды басқа өңірден сатып алмақпын. Шыны керек, оған қо­сымша қаржы да керек. Жергілікті билік қызметкерлерінен сүйемелдеу бол­­са, мемлекеттен қаржылай көмек сұ­ра­ғым келеді, – дейді кәсіпкер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «кәсіпкерлер үшін нақты қолдау бо­луы керек» деп әр сөзінде айтып жүр. Сон­дықтан Бекеңдей тірлік етемін деген азаматтарға жергілікті билік өкілдері қолдау білдіруі маңызды. Не керек, кәсіпкердің жоспарымен танысқан ауыл әкімшілігінің қызметкерлері бұл бағытта міндетті түрде көмек беретінін жеткізді.
Шаруа адамының айтуынша, малға керек жем-шөптен мәселе жоқ, ауылдан табылады. Шыны керек, жоңышқаның бағасы жылдағыдан қымбаттаған, мә­селен, 1 пресс жоңышқа 700-1000 теңге аралығында. Өткен жылы 600-650 теңге маңайында сатылыпты. Дегенмен Бекең бұған еңсесін түсірмей, керісінше жұмысты ширата түскен. Ауыл­да өскесін болар, кәсіпкер ата­кә­сіптің қыр-сырын бес саусағындай біледі. Бізге байлаудағы жылқыларын көрсетіп, мал бағудың ерекшеліктері мен біз білмейтін әдіс-тәсілдерін түсіндірумен әлек болды.
Мөрәлі Шәменов ауылында кә­сіп­пен айналысып, оны отбасылық биз­­нес­ке айналдырғандар саны жыл сайын артуда. Негізінен шағын кәсіп иеле­­рінің басым бөлігі атакәсіп мал ша­руа­шылығына ден қойғандар. Сон­дай-ақ құс шаруашылығы, кондитер өнім­­дері, жы­лыжай, көлік жөндеу қыз­меті, шаш­та­раз секілді кәсіп түр­лерімен ай­на­лысып отырғандары да бар.
Әрине кәсіпке бейімделу – бүгінгі заман талабы. Ауыл тұрғындарының бұл бағыттағы тындырымды тірлігі қуантады.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: