Қазақ сәбидің іңгәлап дүние есігін ашқан сәтінен бастап өмір бойына ән арнап, би билеп, қуанышты сәттерін міндетті түрде тойлатып өткізеді. Той ата заманнан қазақ өмірінің мәні мен сәніне айналған. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта қоғамда той өткізу туралы екұдай пікір қалыптасты. «Тойдың не қажеті бар? Қарызға батқан халыққа той жасап не керек?» деген пікірмен жиі ұшырасатын болдық. Десе де дүркіретіп той тойлауды құп көретін азаматтарымыз да аз емес. Кейбірі «Сонда кезінде бар байлығын баласының қызығына арнаған, жиған-тергенін тойға шашқан ата-бабамыз дарақы болды ма?» деп тойды ұлт тарихымен ұштастырып та жатады.
Иә, бұл пікірлерді туғызған халықтың өзі, яғни біз. Не істесе де мақтау мен мадақты жақсы көретін жұрт «пәленшеден кем болмайық, қатарынан қалмасын» деп санасып, орынсыз жерде жарысып, тойды бәсеке алаңына айналдырып жібергені рас. «Баласына бір той жасап бере алмай, Бұл өмірден өтіп кетті қанша адам» деп ән де шығарып алдық.
Бүгінгі тойлардан халқымызда той туралы қасаң, теріс түсінік қалыптасқанын аңғару қиын емес. Оны жасаудың міндетінен бөлек дүбірлетіп, сән-салтанатымен өткізу тағы бар. Бұл қалталы азаматтарға қиындық тудыра қоймасы анық, алайда халықтың бәрі бай емес қой, жалақыдан жалақыға «шықпа жаным шықпамен» әзер жететін жандар жетерлік.
Иә, 2000 жылдардан кейін еліміз әлеуметтік-экономикалық жағынан серпін алған соң мейрамханада той жасау дәстүрі қалыптасты. Мемлекеттен кәсіп ашуға, еңбек етуге, жағдайымызды жақсартуға берілген несиеге дүркіретіп той жасап, шаша шықтық.
Ащы болса да шындық, дарақы тойлар халық әлеуетіне теріс әсерін тигізгеннен бөлек қоғамның рухани, мәдени азғындауына жол ашып жатқандай. Тойда шайтан суға тойып алып, тамаданың ойына келген ойынын ойнап, мәз боламыз, марқаямыз.
Сөзіме тұздық болсын, жақында бір танысымның тойында болдым. Той жүргізуші ортаға 2 жас жігітті шақырып, ойын ойнатты. «Қандай ойын?» дейсіздер ғой, бір жігіт қазақтың киелі музыкалық аспабы домбыра болса, екіншісі сол домбыраны тартатын күйші болады екен. Сонымен не керек, әнші жігіт домбырамызды көтеріп алып, анайы жерінен шерте жөнелді. Тойшыл қауым мәз, екі жігітке қол шапалақтап, құрмет көрсетіп әлек. Сонда тамаданың 300-400 адамнан жиналған тойшыл қауымды осы ойынға лайықты санағаны ма? Әлде қоғамның сұранысы осы болды ма?
Айтып-айтпай не керек, «жиған-тергенің тойға шашылсын» дейтін қазақтың шаш та төк мінезін аша түскен қазіргі той өткізу салтымызға реформа жасауға сұранып-ақ тұрғандай. Мысалы, қуанышқа келген қонақ санын 100 адамнан асырмай, тойханалар мен тойшыл әншісымақтардың бағасын бақылауда ұстаса, мүмкін бүгінгідей есі кеткен дарақылық тыйылар ма еді?. Әйтпесе тойдан есі кеткен қара халық, қоғамда ән айтып, билеуден де басқа мәселелер бар екенін естен шығарғандай.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде бүгін той тойлап жарысатын заман емес, білім, ғылым үйренуден, еңбек етуден жарысатын заман екенін бекер ескертпеді.
– Қазір «тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі, – деді Ел Президенті.
Бір қуантарлығы, бүгінгі жас буынның басым көпшілігі дарақы тойды қолдамайтынын айтады. Жастардың бірі той өткен соң өмір бар екенін тілге тиек етсе, енді бірі «жақындарымның ортасында шағын ғана атап өткенге не жетсін», «тойға шашқан ақшаға пәтер сатып алар едім» деген пікірде. Әрине бұған елдегі әлеуметтік ахуал мен жастардың жаңаша көзқарасы, оқығандығы, сауаттылығы әсер етсе керек.
Расында шаш етектен шығынға батпай, тек жақын адамдарыңа ғана арнап ақ дастархан жайып, бір-бірімізге тілеулес болып, кішігірім мереке ретінде атап өтуге дағдылансақ, той тойлау мәдениетіміз де, әлеуметтік әлеуетіміз де арта түсер еді. Түптеп келгенде, бізден бірнеше жыл алға дамып кеткен Жапония, Германия, тағы да басқа елдер сияқты болғымыз келсе, тойға шашқан қаржыны баланың сапалы білім алуына, кәсіп ашуына, келешегіне инвестиция ретінде құйған дұрыс деп ойлаймын. Тойға 500 адам емес, 100 адам шақырсақ та, ата-баба жолымен отқа май құйып, өсиетке толы бет ашу рәсімін жасап, жөн-жоралғысымен баланың тұсауын кесуді де ата-баба жолымен дарақылықсыз өткізуге әбден болатындай. Ойланайық…
Жандос Жазкен
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!