Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 13:55

Мың баланың кіндік шешесі

25.11.2023

432

0

Перзентхананың алдына жиылған жұрт әдеттегідей көңілді. Құшақ-құшақ гүл, ақжарма тілек, жүзі балбұл жанған ата-әжеге толы. Бұл қуаныштың артында тоғыз ай, тоғыз күн күткен үлкен бақыт бар. Думанды қауымды артқа тастап, есікке енген әріптесім екеумізді «Дәрігер, тез көмегіңіз қажет» деген дауыс елең еткізді. Дәлізде зыр жүгірген дәрігерлер мен медбикелер, қабылдау бөліміндегі абыр-сабыр аудандық перзентхана бөлімінің күнделікті жай-күйі десек қателеспейміз.

Иә, мұнда аптасына кем дегенде орташа есеппен 10-11 ана атал­ған бөлімнің көмегіне жүгініп, жылына шамамен 600-ге жуық бала жарық дүние есігін ашады. Бұл перзентханада акушер-гинеколог болып жұмыс істеп жатқанына 5 жыл болған Әсел Мейірманқызымен тілдеспек болғанымызда кейіп­кері­міз жас жүкті анаға көмектесуге асығып бара жат­қанын жеткізді. Осыдан-ақ кейіп­керіміздің өз жұмысына жауап­кершілікпен қарап, ана мен бала саулығын басты назарда ұстайтынын аңғаруға болады.
Ол босай салысымен пер­зент­хана бөлімінің тыныс-тіршілігімен та­нысу мақсатында бөлімді аралай жү­ріп, Әселден осы салаға келу тарихын, жұмысының қиындығы мен қызығы жайында сыр тарттық.
Әсел Жүсіпова 2008 жылы Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне түсіп, 2013 жылы жалпы медицина факультетін бітірген. Ол аталған оқу орнында акушерия және гинекология мамандығы бойынша интер­натура да 2 жыл, және дәл осы мамандық бойынша резидентурада 3 жыл білім алған.
– Бұл мамандыққа келуіме әкемнің туған ағасы, ауданда 30 жыл гине­ко­лог болып қызмет етіп, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі атан­ған акушер-гинеколог Төремұрат Жүсіпов ағам себепкер болды. Мен 7 сыныптан бастап ағаммен бірге оның жұмыс ор­нына келіп, мамандығының қыр-сы­рын түсінбесем де қызығушылық таны­­тып, кітаптарын оқитынмын. Бала күнгі арманым мені үлкен қызметте ең­бек етіп, адам жанының арашасы ата­нуы­ма себепкер болды. Өз еңбек жо­лымды осы аудандық аурухананың перзент­ха­на­сын­да бастадым. Қаралушылар күнделікті толассыз келіп-кетіп жатады. Аналардың қуанышын бөлісіп, ауыртпалығын көтере жүріп, әртүрлі тағдыр иелерімен жолығып жатамыз. Бірде қуансақ, бірде мұңаятын сәттеріміз де жоқ емес. Себебі акушерлік жұмыстың қиындығы көп. Әр минут са­наулы әрі бағалы. Жұмыс уақыты аяқ­талды деп науқастарды қараусыз тастап кете алмаймыз. Мереке күндері де ке­зекшілік бойынша үнемі жағдайларын жіті бақылауда ұстап, байланыста бо­ламыз, – дейді Әсел Мейірманқызы.
Иә, екі адамның өміріне бірдей жауап­тылық таныту оңай емес. Халық­тың ыстық ықыласы мен алғысын арқа­лап жүрген Әсел 5 жылдық жұмыс тәжі­рибесінде 1000 нәрестенің кіндік анасы атанған. Әріптестерінің айтуынша, бірде жас ана аман-есен босануына себепкер болған кейіпкерімізге алғысы ретінде бауырына басқан қызының есі­мін «Әсел» деп қойған екен. Осыдан-ақ кейіпкеріміздің өмір мен өлім ара­сында дәрменсіз жатқан қос бірдей жан­ның өміріне араша түсу арқылы көптің алғысына бөленіп жүрген жан екенін, мамандық таңдаудан қателеспегенін аңғаруға болады. Бір күнде бірнеше келіншектің өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, ана атануына себепкер болатын білікті маман уақытпен санаспайды.
– Қазіргі таңда жүкті әйелдер көбіне қан қысымы, қаназдық ауруымен жиі ауырады. Бұдан бөлек ана көп қимыл­дамағандықтан іштегі баланың салмағы өсіп, босану барысында қиындық туын­дайды. Кейде соның салдарынан жаңа босанған аналарда қан тоқтамай, ота жасауға тура келеді. Бір күні түнгі ке­зек­шілікте жедел жәрдеммен бір ке­лін­шек түсті. Табиғи жолмен бо­сана ал­майтындықтан шұғыл кесір тілігі ар­қылы ота жасап, баланың да, ана­ның да жанын аман сақтап қалдық. Алайда бірнеше сағаттан кейін ананың ден­саулығы сыр беріп, жиі-жиі қан кету сал­­дарынан пер­­зентханадағы білікті ма­мандармен бірлесіп ота жасадық. Нау­қастың ем-шара жүргізу жоспарын санавиация же­лісі арқылы арнайы об­лыстан, рес­пуб­ликадан шақыртылған маман­дармен кеңестік. 5 күн бойы жан сақтау бөліміне кезекпен кезекшілікке тұрып, ананың денсаулығын бақылап, қан құйып, қа­жетті ем-шараларын жүргіздік. Қазір шүкір, ананың да баланың да дені сау. Бұн­дай жағдайлармен кейде жиі кездесіп жатамыз. Аналарға үнемі уақытылы дә­рігердің қабылдауына барып, қаназдық, қан қысымы сияқты арурулармен күресіп алдын алыңыз деп ескертіп жүремін, – дейді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, жыл басынан бері ау­дандық перзентханада 404 бала дү­ниеге келген. Оның 204-і ұл болса, 200-і қыз бала екен. Мұнан бөлек бұл бө­лімде бүгінге дейін ана мен бала өлімі тіркелмеген. Сондықтан кейде қалада тұратын жас аналар аудандық пер­зентхана мамандарының көмегіне жүгінеді.
– Әсел Мейірманқызы – өте білікті ма­ман. Сол кісінің көмегімен бүгін табиғи жол­мен босанып, баламды бауырыма бастым. Бұл біріншісі емес, дәрігер Әсел осымен үшінші бөпемнің кіндік анасы. Қиын сәтте қасымнан табылып, көмек қо­лын созған алтын қолды дәрігерге ал­ғыс­тан басқа айтарым жоқ, – дейді жас ана Индира Жалғасбекқызы.
Иә, оның көмегімен аман-есен бо­санған аналар Әселді «алтынқолды дә­рігер» деп атап кеткен. Өз ісіне жа­уап­кершілікпен қарап, науқастармен жа­­саған қарым-қатынасын көргендер кейіп­­керіміздің алғыс арқалаған ақха­лат­ты абзал жан екенін оңай аңғарады. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, тәжірибелік бі­лімін жетілдіруден шаршамайтын ма­ман алдына келген әрбір ананың дені сау ұрпақты дүниеге әкеліп, отбасына аман-есен қауышуынан асқан бақыт жоқ деп біледі.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: