Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 02:58

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

28.11.2023

696

0

«Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабаларымыз ананы да, баланы да ұрмай-соқпай ақылмен басқара білген. Сондықтан отбасы берекесін кетірмей, татулықта ұстау – есті азаматтар ескеретін жайт. Өмір болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Десек те бұрын ошақ қасындағы мәселені сыртқа шығармай, екеуара шешетін. Ал қазір ше, отбасындағы кикілжіңнің құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көмегінсіз шешілетіні кемде-кем.

Елімізде тұрмыстағы зорлық-зом­бы­лықты болдырмау мақсатында «Тұр­­­мыстық зорлық-зомбылық профи­лактикасы туралы» заң қолданысқа енді. Заң жобасының негізгі мақсаты адамның қызығушылығын, бостандығын, заңды құқықтарын қорғауға кепілдеме беруді көтермелеу. Отбасылық тұрмыстық қа­тынастар саласындағы құқық бұзу­шылықты төмендету жөнінде тиісті шаралар қабылдау болып табылады.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, елі­мізде жылына 20 мыңға жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болады. Оған әр отбасындағы себеп те, салдар да көп. Дәл қазіргі уақытта ерлі-зайыптылар арасында қазанға салса, пісуге дайын тұрған өзекті мәселенің бірі – ер-азаматтардың ішімдікке тәуелділігі.
Шыны керек, соның салдарынан талай шаңырақ шайқалып, балалар да зардап шегуде, тіпті кей жағдайларда ауыр қылмыстың орын алуына әкеліп соғады. Отбасында жас шыбық тәрізді өсіп келе жатқан бала үшін әкесі мен анасының арасындағы ұрыс-керіс, сыйластықтың жоқтығы баланың болашағына тікелей әсер етпей қоймайды.
Осы тұста аудандық полиция бө­ліміне қарасты жергілікті полиция қыз­­меті бөлімшесінің әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғау тобының инс­пекторы, полиция майоры Ұлбосын Ахметова тұрақты түрде түсіндірме жұ­­мыстарын жүргізуде. Мәселен, қыл­мыстарға жол бермеуге бағытталған «Тұрмыс», «Қадағалау», «Зорлық-зом­бы­лыққа жол жоқ», «Квадрат» сынды профилактикалық іс-шаралар жастар арасында құқықтық сауаттылықты арт­тыру мақсатында денсаулық сақтау, білім беру мекемелерімен бірлесіп, кез­десулер ұйымдастыруда. Қазіргі таңда 25 қараша мен 10 желтоқсан ара­лы­ғында «Әйелдерге қатысты зорлық-зом­былықсыз 16 күн белсенділік» ат­ты республикалық акция өткізілуде. Мақ­саты әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескертуге, алдын алуға, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы рөлін күшейтуге, құқықтық сауатын арттыруға бағытталған.
– Әрбір әйел – отбасының ұйытқысы. Өкінішке орай қазіргі уақытта әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттері тыйылар емес. Оған отба­сындағы әйелге былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және ұрып-соғу, соның салдарынан тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істер санының азай­мауы дәлел. Мәселен, жыл басынан бері аудан көлемінде отбасы тұрмыстық қатынас аясында әйел адамға қатысты жасалған құқық бұзушылық бойынша 100-ге жуық отбасыдан хабарлама түсіп, оның 68-іне қорғау нұсқамасы толтырылып, әкімшілік жаза қолданылды. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73 бабына сәй­кес, егер отбасында жанжал орын алып, әйелінің ар-намысына тиетін балағат сөздер алғаш рет айтылып, әйелі күйеуіне кешірім берген жағдайда сот құзырымен ескерту беріледі. Ал бұл жағдай қайталанса, 10-20 тәулік аралығында қамауға алынады. Бұл тұста жыл басынан бері біздің аудан бойынша қамаққа алынған ер-азаматтарымыз көп. Сонымен қатар ресми дереккөздерге сүйенсек, жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалған. Яғни күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Сондай-ақ 1 жыл ішінде 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кеткен. Бүгінде аудан бойынша өгей анамен тұратын отбасы саны – 14, бала саны – 21. Ал өгей әкемен тұратын отбасы саны 56 болса, бала саны – 76. Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Осы орайда қоғамда өгей ата-анадан қорлық, зорлық көрмеу мақсатында ұйымдастырылып жатқан жұмыстар көп, – дейді Ұлбосын Ахметова.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап тұр­­мыстық зорлық-зомбылық үшін жа­за күшейтілді. Өздеріңіз білетіндей, жәбірленушілер өміріне немесе ден­сау­лығына қауіп төнгенде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері кел­генде арыз жазудан көбіне бас тартып жатады. Көбінесе полиция кеткен соң отбасындағы жанжал әрі қарай ушығып, кейде бұл ауыр зардаптарға әкеліп соғады. Осыған байланысты енді тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түскенде полицейлер сол жерде болған оқиғаға құқықтық баға бере алады.
Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен полицейлердің өздерінің бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті. Яғни жәбірленушінің кешірімі бұрынғыдай аса маңызды рөл атқара қоймайды. Ал соңғы шешімді сот қабылдайды. Сотта құқық бұзушының жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі бар, бірақ соңғы өзгертулер бойынша тек бір рет қана татуласа алады. Отбасылық жанжал үшін агрес­сорға ескерту жасалады немесе 5 тәу­лікке қамауға алынады. Қайта жасалған жағдайда 10 тәулік қамауға алу, ұрып-соғу фактісі үшін 10 тәулік қамауға алу, қайталанса, 20 тәулікке қамауға алу көзделген. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 15 тәулік, ал қайталанса, 25 тәулікке қамау жазасы тағы бар.
Иә, қазіргі қоғамның басты дертіне айналған бұл мәселемен жалғыз құқық қорғау қызметкерлері ғана емес, жалпы қоғам болып күресу маңызды. Отбасын саналы түрде құрған ер азамат отбасы алдындағы жауапкершілікті сезініп, тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа жол бер­мегені абзал.
Қазақ халқы әйел адамды қа­шанда құрметтеп, орны ерекше деп бағалаған. Ана деп ардақтап, қарын­дас деп еркелеткен. Ер-азаматтың тірегі, қам­қоршысы болған әйелдер қамық­қан­да сүйеу, тарыққанда тіреу, қам кө­ңілге жұбаныш бола білген. Сондықтан әр отбасында шаңырақтың берекесі әйел затының қамқоршысы болуы тиіс ер­лер­дің «жұдырыққа емес», Абай атамыз айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» пәрменімен әрекет қылғаны дұрысырақ.
Қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар кімді болса да алаңдатпай қоймасы анық. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі қоғам үшін қашан да маңызды. Бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналған отбасындағы зорлық-зомбылықтың ал­дын алып, бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық, үлгілі отбасын құру әр адамның өз қолында.


Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: