Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жексенбі, 24 қараша, 02:16

Техниканың тілін білген

05.12.2023

580

0

Ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығының егін саласындағы орны ерекше. Бұл мамандықта оқитындардан болашақта дала дарабозы, яки Имамзада Шағыртаев секілді «Қазақстанның Еңбек Ері» шығуы ғажап емес. Аталған салада мамандар даярлау біздің экономикамыз үшін де өзекті. Сондай-ақ техник мамандар бүгінгі таңда сұранысқа ие. Олай дейтініміз білікті түлектерді диплом алғанша жұмыс өзі-ақ тауып алады. Мәселен, кейіпкеріміз Ерсұлтан Кеңесбек бірінші курсында-ақ шаруашылыққа шақырту алып, егіс басындағы қызу еңбекке араласқан.

– Негізі бұл мамандыққа бұрыннан қы­зы­ғатынмын. Себебі әкем Аққұм ауылындағы «ЛТД» шаруа қожалығында жұмыс жасайды. Балалық шағымда әкеммен еріп, жасалатын жұмыстармен таныс болғанмын. Сол кішкентай кезімдегі техникаға деген қызығушылығымнан бо­лар, колледжге келіп, комбайн айдауды бір сағатта игеріп алдым. Алайда «үйрен­дім» деп босаңсуға болмайды, мені «Шаң­дыкөл» деген алқапта егін оруға көмекке шақырған. Қайтар жолда мән бер­мегеннен болар, бір шұңқырға түсіп кетіп, шыға алмай қалғанмын. Қатты қорықсам да тез есімді жиып, дөңгелектің астына сабан толтырып әрең шықтым. Алқап үлкен болғасын кейде осындай қиындық болып тұратынына көзім жетті. Бірақ әрине оның бәрін игеруде тәжірибе керек, – дейді жас маман.
Ауыл ­шаруашылығын механи­ка­лан­дыру мамандығын бітіргендерді әмбе­бап маман десек те болады. Себебі бітірушілер техник-механик, трактор бри­гада­сының механигі, бригадирі, ав­то­­гараж, шеберхана меңгерушісі, бас­қа да техникалық қызметтерді атқа­руға құқылы. Қазіргі таңда кол­леджде теориялық білімнен бөлек маман­дарды дайындауда тәжірибеге басымдық бері­луде. Мәселен, білім алушылар ар­найы егіс алқабына шықпай, маман­дық­тың қыр-сырын ғимараттың жанында-ақ іс жүзінде меңгереді.
– Біздің топта 19 студент бар. Бі­рақ солардың ішінде Ерсұлтан – өте ал­ғыр бала. Себебі түсіндірген са­бақ­ты, құрылғыларды басқаруды тез-ақ үй­реніп алады, топтағы көш бастап тұр­ған студент. Содан болар, аудандағы көптеген шаруа қожалықтан ұсыныс түсіп, бітірген бойда өздеріне жұмысқа шақырып жатыр. Мамандыққа деген қызығушылығы ерекше, жауапкершілігі жоғары. Алдағы уақытта «WorldSkills» деген облыстық байқауға дайындалып жатырмыз. Ерсұлтан – болашағынан көп үміт күттіретін жас маман, – дейді жетекшісі Нұржан Серікұлы.
9 сыныптан колледжге түскен сту­денттер тек 2-ші курсында іс жүзінде тә­жірибе жинақтауға көшеді екен. Ал бірінші курста толығымен теория жүзінде та­ны­сады. Бүгінгі олардың басым бөлігі механика айдауды әжептеуір үй­реніп алған. Біз де Ерсұлтанға қолқа салып, техника тізгіндеуге ұсыныс жа­садық. Расында жетекшісі айтқандай, тех­ника­ның құлағында ойнайды екен.

Бұған дейін де шаруа қожалықтар жұмысын көзбен көргесін бе, ауыл шаруашылығы мамандарының әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайына көңіл бөлу керек деген ой түйдім. Сондай-ақ көтер­ме ақы беруді де қарастыру қажет. Әйтпесе ауылда қаланы да, даланы да азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған кадрлардың жетіспеушілігі арта түсетін секілді. Ал бұл өз кезегінде шетелге шығатындай сапалы азық-түлік өндіруге кедергі болып қана қоймайды, өзімізді өзіміз қамтамасыз етуді де қиындата түсері сөзсіз.


Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: