Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сенбі, 30 қараша, 11:35

5 жыл жүре алмаған адамды аяққа тұрғызды

12.12.2023

557

0

Әлемде түрлі деңгейде мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы саны 1 млрд-қа жуық. Бұл жалпы өмір сүріп жатқан адамдардың 15 пайызын құрайды. Кейбір мүгедек жандар өз денсаулығының шектеулігіне қарамай дені сау адамдарға үлкен көмек беріп келеді. Соның бірі – көзі көрмесе де көптеген адамды аяққа тұрғызып, өмірге құлшынысын арттырып жүрген Манарбек Қожахметов.

Кейіпкеріміз мүмкіндігі шектеулі болса да қоғамнан қалыс қалмай, қолынан келгенше халыққа қыз­мет етіп келеді. Көз жанарынан айырылса да өмірге деген құштарлығын өшірмеген. Жарының қол­дауымен 7 жыл­­дан астам уақыт бойы массаж жасаумен айналысып келеді. Соның арқасында аудандағы талай жүре ал­май қалған науқастарды аяғына тұрғызып, ин­сульт ал­ған адамдардың да ауруын жазып, халықтың алғысы­на бөленіп жүр.
– 13 жасымда менингит ауруына шалдықтым. Ба­сыма суық тиіп, көзге жарық келтіретін тамыр­лар за­қым­данып, көз жанарымнан айырылдым. Бірақ өмірге деген құлшынысымды жоғалтпай, 2016 жылы Астанада өткен мүгедектер кон­ференциясында массаж оқуына шақырту алып, Қытай Халық Республикасынан кел­ген дәрігерден білім алғанмын. Сол жылдан бері Жа­лағашқа келіп, арнайы клиника ашып, жарыммен бірге осы кәсіппен айналысып жатырмыз. Адамның өзінде ниет болуы керек, шынайы ниет болмаса, онда қандай істе болсын нәтиже шықпасы анық. Мен де өзімді «көзім көрмейді» деп еш нәрседен шектемеймін, – дейді ол.
Иә, расында сол жылдан бері кейіпкеріміз өмірдегі өзінің миссиясын тапқандай. Себебі ем алуға келген кез келген науқас аяғына тік тұрып, алғысын жаудырып кететін көрінеді. Бірде оған 5 жыл бойы қозғалыссыз, жүруге жарамай қалған науқасты алып келеді. 6 ай бойы ем алып, массаж қабылдап емделгеннен кейін аяғына тік тұрып, мүлде ауырмаған адам секілді жүріп кеткен. Ем алушы да «қайтадан өмірге келгендей болдым» деп әліге дейін алғыс айтады екен.
Қазіргі таңда клиникада нүктелік емнен бөлек жары Салтанат апаймен бірігіп жасайтын 10-ға жуық массаж түрі бар. Сол бойынша ем алуға келетін науқастар алдын ала жазылып келетін көрінеді. Кезекте тұра­тындар арасында тек аудан тұрғындары ғана емес, өз­ге аудандар мен облыстардан да келетіндер бар екен. Мәселен, біз барған уақытта Қызылорда қаласынан келген ағамыз ем алып жатыр, оның ем алып жүргеніне бүгін екінші күн, десе де ол аз уақытта жақсы әсері барын айтады.
– Инсульт алғаныма 3 жыл болды. Жақында Ма­нар­бек жайында естіп, көптеген науқасты аяққа тұр­ғыз­ғанын білдім. Сонымен бірден «ем аламын» деп шештім. Массаж жасатамын дегенше түнде ұйық­тауым, жүріс-тұрыс қиын еді. Кешеден бері ұйқым да тыныш, бір жағынан жеңіл жүретін болдым. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген рас екен, Манарбек кез келген ауруды аяққа тұрғызатынына көзім жетті, – дейді қызылордалық ағамыз.
Клиниканың ішінде арнайы медициналық аппарат­тар да бар. Мәселен, бел ауруы бар адамдарға, ин­сульт алған кісілер мен ДЦП-мен ауыратын кішкентай бүл­діршіндерге арналған белесепет те табылады. Сон­дай-ақ кейіпкеріміз жақында ғана үкіметтен 1млн 380 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып, арықтатуға ар­­налған жаңа аппарат алғанын айтады. Қазір ауданда массаждың бұл түріне сұраныс та жоғары екен.
Кейіпкеріміз жан-жақты. Тіпті музыкалық аспап­тардың да құлағында ойнайды. Көз жанарынан айырылғанда небәрі 13 жаста болса да, домбыра, гитарада ойнап үйренген. Соның арқасында Ақ­қыр ауылының ансаблінде, тіпті тойларда да өнер көрсеткен. Жарының айтуынша, әзірге дейін ас­паптардан қол үзбей, бос уақытында түрлі аспапта ойнау арқылы ми тынықтырады екен.
Расында арман-мақсат­тарымыздың бетін қайта­рып, өз бағымызды байлап, сананы шектеп жатқан өзі­міз ғана. Кейіпкеріміз тек өзінің ғана жағдайын жа­сап қоймай, халыққа да пайдасы тиетін қызмет тү­рімен айналысып, заман ағымына сай өзгерістерді қабылдауы қазіргі қоғамда он екі мүшесі сау бола тұра екі қолға бір күрек таппай тентіреп жүрген жастар үшін үлкен өнеге деп білемін.
Екеуара диалог та осымен тәмам, кейіпкеріміз кезекте тұрған тағы бір науқасқа ем-шара жүргізудің қамына кірісіп кетті. Ал жары оған қолғабыс болуда. Талай науқастың дертіне дауа тапқан кейіпкеріміз алдағы уақытта жұмысын одан әрі жандандырмақ.
– Ересектер де келіп жатады, көбіне маған ата-аналар балаларын әкеледі. Солардың барлығына сапалы ем-шара жасағасын болар, мен адамдарды емес, керісінше кезектегілер мені көп тосатын кездер көп болады. Әрқайсысына белгіленген уақытпен ем жүргізу керек, сондықтан кейде уақыт жоғалтып жа­тамыз, жасаған жұмысың ертең нәтижелі болмаса, тағы болмайды. Сондықтан мейлінше келушілердің дертінен толық айығуына жұмыс жасаймыз, – дейді ол.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: