Күзгі науқанды «AB AGRO ORDA» ЖШС ұжымы жоғары жетістікпен қорытындылады. Әлбетте аяқ су тапшылығы, шілденің шіліңгір ыстығы және басқа да мәселелермен шаруа адамдары талай қарсы келді. Соның барлығын еңсеріп, қамбаны астыққа толтырды. Серіктестік төрағасы Қанат Ниетқұлов мұның бәрі ауыл еңбеккерлерінің ауызбіршлікпен, ымырамен іс қылуының арқасында дейді.
Былтыр серіктестік 800 гектарға жуық алқапқа Сыр салысын сепкен. Күзде оның әр гектарынан 56 центнерден өнім алды. 70 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық әлден көктемгі науқан жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті. Былтыр алқаптағы Сыр салысының шығымына ала жаздай тер төккен 15 диқан биыл да кетпендерін қайрап, соқаларын сайлап отыр. Олай көктемгі жұмысқа ерте қам жасайтындай жөні бар, себебі олар саланы қорытындылаған бойда қаржылай қолдауға ие болады екен. Биыл да инвестор еңбекте дара шапқан шаруа адамдарына қыруар қаражат үлестіріп, шабыт беріп қойды.
Иә, өткен сенбіде серіктестіктің сабантойы өтті, онда әдеттегідей төраға жыл қорытындысымен атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жылдан да үлкен өнім күтетінін жасырмады. Сондай-ақ ауыл еңбеккерлеріне атқарған жұмысына сай қаражат үлестірді.
– Былтыр аяқ су мәселесі болды, жаздың ортасына таман ауа райы да қолайсыз болды. бірақ мен осындай қиындықтарға төтеп берген әріптестерімнің еңбегін жоғары бағалаймын. Ауыл еңбеккерлерінің ауызбіршілігі мығым болса, біз әлі талай толайым табысқа жетеміз. Әлгіндей қиындықтарға қарамастан өткен жылды да шаруашылық жоғары нәтижемен қорытындылады. Ұлу жылында да үлкен өнімнен үмітіміз бар. Бастысы, бірлігіміз мығым болса, оған да жетеміз. Бүгінгі қаржылай қолдау сіздердің ала жаздай атыз басында еткен еңбектеріңіздің өтеуі деп білемін. Негізінен сіздер мұнан да жоғары қолдауға лайықсыздар. Алдағы жылды мол табыспен қорытындыласақ, ол күннің де ауылы алыс емес деп ойлаймын, – дейді төраға Қанат Ниетқұлов.
Айта кетейік, шаруашылықта 3 бригада бар. Маусымында егіс басында біз де барғанбыз. Олар уақытпен, ауа райының қолайсыздығымен санасуды білмейді, тек еңбек, еңбек және еңбек. Қара жұмыспен шираған дала дарабоздарының толайым табысқа жетудегі еңбегі зор. Кешегі басшылықтың оларды қыруар қаражатпен марапаттап жатқанын көріп риза болдық. Адал еңбектің өтеуі осы шығар, сірә.
Не керек, шаруашылық төрағасы сабантойда 50 млн теңгені еңбекте озат шыққан дала дарабоздарына үлестірді. Олардың қатарында күріштің күтіміне басымдық берген диқандар, бітік шыққан алтын дәнді жауын-шашынға қалдырмай жинап алған майталман механизаторлар, агрономдар мен аспазшылар да бар. Қорытынды шарада ауыл еңбеккерлерінің алды 2 млн теңгеге, ең төмені 500 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
Биыл Сәрсенбек Байғанаев күріштің әр гектарынан 69 центнерден өнім алған. Әр жылды толайым табыспен қорытындылап жүрген диқан алдағы жылы да күріштің күтіміне басымдық беретінін айтады. Бүгінгі сабантойда даңғайыр диқандардың ізбасары 2 млн теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
– Шыны керек, бұл қаржылай қолдау бізге үлкен шабыт болды. Шүкір, бұған дейін де күріштен мол өнім алып, әр жылды табысты қорытындылап келемін. Алдағы жылға да дайындық жұмыстары басталып кетті. Негізінен күріш егу оңай шаруа емес. Оны ала жаздай атыз басында болған диқандар жақсы біледі. Оның үстіне жылдан-жылға аяқ су мәселесі күрделеніп келеді. Ал күріштің негізгі қорегі су екенін ескерсек, бұл диқандарға айтарлықтай мәселе болып отыр. Мамандар келер жылы да мәселе оңалмайтынын айтады. Мұндай жағдайда амалсыздан егінді әртараптандыруға басымдық беруге тура келеді. Шаруашылықтардың барлығы ротацияны сақтауға ерекше мән берсе, мәселенің алдын алуға болады. Аяқ су қат болса, өнім сапасы да нашарлайды. Былтыр мұндай мәселелердің алдын алдық, жасаған жұмысымыз жемісін берді, – дейді диқан С.Байғанаев.
2 млн теңге қаржылай сыйақыға ие болғандар қатарында майталман механизатор Болат Шіміріков те бар. Ол күрішке орақ түскенге дейін мал азығын жинауға күш салады екен. Ал егін жинау науқаны басталғанда әріптестерімен бірге атыздағы бітік өнімді жинауға кіріседі. Айтуынша, еңбек адамы биыл да жоғары нәтижемен көзге түскен және ол бұл жағдайдың дәстүрге айналғанын айтады.
– Еңбек еткен оның нәтижесін көреді ғой, бұл сөздің растығына жыл сайын көз жеткізіп келемін. Бір жағынан қаржылай сыйақы алдағы жылдарға үлкен шабыт болады. Кім қаржылай қолдауды, әлеуметтік жағдайының жақсарғанын қаламайды дейсіз. Еңбекте озат шыққандар жасаған жұмысының жемісін көріп жатыр. Алдағы жылы да аянбай еңбек етеміз. Жалпы бос уақыт кез келген адамды аздырады. Сондықтан қолым қалт етсе, басқа да жұмыстармен айналысқанды жақсы көремін. Шаршамай болмайды, адал еңбек түбінде ырыс әкеледі. Менің шаруашылықта жұмыс жасап жүріп осыған көзім жетті, – дейді механизатор Болат.
Шаруашылықтың күзгі науқанды үлкен табыспен қорытындылағаны көрініп-ақ тұр. Алдағы жылы да төраға қамбаны астыққа толтыруға еңбек ететінін айтады. Диқандар әлден кетпенін қайрап дайын отыр. Елдің ырысын еселеп, ымырамен іс қылған шаруа адамдарының алдағы науқанды да оң нәтижемен қорытындылауына тілекшіміз ғой біз де.
Ерлан ӘНУАРҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!