Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сәрсенбі, 06 қараша, 12:46

50 млн теңге үлестірілді

04.01.2024

466

0

Күзгі науқанды «AB AGRO ORDA» ЖШС ұжымы жоғары жетістікпен қорытындылады. Әлбетте аяқ су тапшылығы, шілденің шіліңгір ыстығы және басқа да мәселелермен шаруа адамдары талай қарсы келді. Соның барлығын еңсеріп, қамбаны астыққа толтырды. Серіктестік төрағасы Қанат Ниетқұлов мұның бәрі ауыл еңбеккерлерінің ауызбіршлікпен, ымырамен іс қылуының арқасында дейді.

Былтыр серіктестік 800 гектарға жуық алқапқа Сыр салысын сепкен. Күзде оның әр гектарынан 56 центнерден өнім алды. 70 адамды жұмыспен қам­тып отырған шаруашылық әл­ден көктемгі науқан жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті. Былтыр алқап­тағы Сыр салысының шығымына ала жаздай тер төккен 15 диқан биыл да кетпендерін қайрап, соқаларын сай­лап отыр. Олай көктемгі жұмысқа ерте қам жасайтындай жөні бар, се­бебі олар саланы қорытындылаған бойда қаржылай қолдауға ие болады екен. Биыл да инвестор еңбекте дара шап­қан шаруа адамдарына қыруар қара­жат үлестіріп, шабыт беріп қойды.
Иә, өткен сенбіде серіктестіктің са­бантойы өтті, онда әдеттегідей төраға жыл қорытындысымен атқарылған жұ­мыс­тарды саралап, алдағы жылдан да үлкен өнім күтетінін жасырмады. Сон­дай-ақ ауыл еңбеккерлеріне атқарған жұмысына сай қаражат үлестірді.
– Былтыр аяқ су мәселесі болды, жаздың ортасына таман ауа райы да қолайсыз болды. бірақ мен осын­дай қиындықтарға төтеп берген әріп­­­тес­­терімнің еңбегін жоғары баға­лай­мын. Ауыл еңбеккерлерінің ау­­ыз­­­­­­біршілігі мығым болса, біз әлі та­­лай толайым табысқа жетеміз. Әл­гін­дей қиындықтарға қарамастан өт­кен жылды да шаруашылық жоғары нәти­жемен қорытындылады. Ұлу жылын­да да үлкен өнімнен үмітіміз бар. Бастысы, бірлігіміз мығым болса, оған да жетеміз. Бүгінгі қаржылай қолдау сіздердің ала жаздай атыз басында еткен еңбектеріңіздің өтеуі деп білемін. Негізінен сіздер мұнан да жоғары қол­дауға лайықсыздар. Алдағы жылды мол табыспен қорытындыласақ, ол күннің де ауылы алыс емес деп ой­лаймын, – дейді төраға Қанат Ниетқұлов.
Айта кетейік, шаруашылықта 3 бригада бар. Маусымында егіс басында біз де барғанбыз. Олар уақытпен, ауа райының қолайсыздығымен сана­суды білмейді, тек еңбек, еңбек және еңбек. Қара жұмыспен шираған дала дарабоздарының толайым табыс­қа жетудегі еңбегі зор. Кешегі басшы­лық­тың оларды қыруар қаражатпен мара­паттап жатқанын көріп риза болдық. Адал еңбектің өтеуі осы шығар, сірә.
Не керек, шаруашылық төрағасы сабантойда 50 млн теңгені еңбекте озат шыққан дала дарабоздарына үлестірді. Олардың қатарында күріштің күтіміне басымдық берген диқандар, бітік шық­қан алтын дәнді жауын-шашынға қалдырмай жинап алған майталман меха­низаторлар, агрономдар мен аспаз­шылар да бар. Қорытынды ша­рада ауыл еңбеккерлерінің алды 2 млн теңгеге, ең төмені 500 мың теңге қар­жылай сыйақыға ие болды.
Биыл Сәрсенбек Байғанаев күріштің әр гектарынан 69 центнерден өнім ал­ған. Әр жылды толайым табыспен қо­ры­тындылап жүрген диқан алдағы жылы да күріштің күтіміне басымдық беретінін айтады. Бүгінгі сабантойда даңғайыр диқандардың ізбасары 2 млн теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
– Шыны керек, бұл қаржылай қол­дау бізге үлкен шабыт болды. Шүкір, бұған дейін де күріштен мол өнім алып, әр жылды табысты қорытындылап ке­лемін. Алдағы жылға да дайындық жұ­мыстары басталып кетті. Негізінен күріш егу оңай шаруа емес. Оны ала жаздай атыз басында болған диқандар жақсы біледі. Оның үстіне жылдан-жылға аяқ су мәселесі күрделеніп келеді. Ал кү­ріштің негізгі қорегі су екенін ескерсек, бұл диқандарға айтарлықтай мәселе болып отыр. Мамандар келер жылы да мәселе оңалмайтынын айтады. Мұн­дай жағдайда амалсыздан егінді әр­тараптандыруға басымдық беруге тура келеді. Шаруашылықтардың бар­лығы ротацияны сақтауға ерекше мән берсе, мәселенің алдын алуға болады. Аяқ су қат болса, өнім сапасы да нашарлайды. Былтыр мұндай мәселелердің алдын алдық, жасаған жұмысымыз жемісін берді, – дейді диқан С.Байғанаев.
2 млн теңге қаржылай сыйақыға ие болғандар қатарында майталман механизатор Болат Шіміріков те бар. Ол күрішке орақ түскенге дейін мал азығын жинауға күш салады екен. Ал егін жинау науқаны басталғанда әріптестерімен бірге атыздағы бітік өнімді жинауға кірі­седі. Айтуынша, еңбек адамы биыл да жоғары нәтижемен көзге түскен және ол бұл жағдайдың дәстүрге айналғанын айтады.
– Еңбек еткен оның нәтижесін кө­реді ғой, бұл сөздің растығына жыл сайын көз жеткізіп келемін. Бір жағынан қаржылай сыйақы алдағы жылдарға үлкен шабыт болады. Кім қаржылай қолдауды, әлеуметтік жағдайының жақ­сарғанын қаламайды дейсіз. Еңбекте озат шыққандар жасаған жұмысының жемісін көріп жатыр. Алдағы жылы да аянбай еңбек етеміз. Жалпы бос уақыт кез келген адамды аздырады. Сон­дықтан қолым қалт етсе, басқа да жұмыстармен айналысқанды жақсы көре­мін. Шаршамай болмайды, адал еңбек түбінде ырыс әкеледі. Менің ша­руа­шылықта жұмыс жасап жүріп осыған көзім жетті, – дейді механизатор Болат.
Шаруашылықтың күзгі науқанды үлкен табыспен қорытындылағаны кө­рініп-ақ тұр. Алдағы жылы да төраға қамбаны астыққа толтыруға еңбек ете­тінін айтады. Диқандар әлден кетпенін қайрап дайын отыр. Елдің ырысын еселеп, ымырамен іс қылған шаруа адамдарының алдағы науқанды да оң нәтижемен қорытындылауына тілек­шіміз ғой біз де.

Ерлан ӘНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: