Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Дүйсенбі, 23 қыркүйек, 09:31

64 ел басшыларын қайта сайлайды

04.01.2024

441

0

2024 жыл әлемдік саясатта маңызды кезең болмақ. Биыл бірқатар держава Президент сайлауын өткізеді, нақтырақ айтсақ, 64 ел басшыларын қайта таңдайды. Сарапшылардың мәліметінше, әлем бойынша 2 млрд адам дауыс беруге қатысады. Әрине бұл әлемдегі геосаяси жағдайға айтарлықтай әсер етпей қоймайды. Бүгінде сайлауалды дайындық көп мемлекетте әлден-ақ басталып кеткен.

Әлем көзі АҚШ-та

Әлемдік саясаттың көшбасындағы АҚШ-тағы президент сайлауына төрт­күл дүние көз тігері сөзсіз. Саяси бә­секе бұған дейін-ақ басталып кеткен. Сарапшылармен қоса қарапайым ха­лықта «Президент Джо Байден орын­тағын сақтап қала ма, әлде басқа үміт­кер ел тізгінін қолға ұстай ма?» де­ген сауалды қызу талқылап жатыр.
Бүгінде үміткерлер қатарындағы бір­неше адамның есімі мәлім болды. Ең танымалы Джо Байден мен экс-пре­зидент Дональд Трамп екен. Бұл екеуі таққа таласта бір-бірінің саясаттағы осал тұстарын теріп, кемшіліктерін бетке басудан алдына қара салар емес. Мәселен, Д.Трамп Ақ үйдің қазіргі қо­жайынын IQ-і төмен деп кемсітсе, ал Джо Байден оны бүлікші деп айыптады.
– Джо Байден мен демократиялық партия кез келген мәселені шеше ал­майды. Қисық Джо – біздің ел тари­хын­дағы ең нашар, қабілетсіз және жем­­қор президент, – деді АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп.
Экс-президенттің бұл сөзіне кезінде Трампты әлсіз деп әжуалап, 2020 жылы Джо Байден президент болған кезде, оны бірінші болып құттықтаған Канада премьер-министрі Джастин Трюдо «Егер Трамп билікке қайтып ке­летін болса, демократияға, сыртқы сая­сатқа және геосаясатқа ауыр зар­даптар әкеледі» деп жауап берді.
Жалпы жылдың алғашқы президент сайлауы Тайуанда өтеді. Онан соң Әзербайжан, Ресей, Франция, Үн­діс­тан, Албания және Бразилия халқы өз басшысын сайлайды. Ал АҚШ-тағы сайлау әлем көз тіккен жылдың ең басты саяси науқаны болмақ. Са­рап­шылардың пікірінше, сайлау нә­ти­жесі әлемде болып жатқан қақ­ты­­­ғыстарға тікелей әсер етеді.

Таяу Шығыста жыл
жақсы басталған жоқ

Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстың тоқ­тайтын түрі жоқ. Жаңа жыл қарсаңында Израиль қор­ғаныс армиясының өкілі Даниэль Хагари шабуылды одан әрі үдетуге күш салып жатқанын мәлімдеді. Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мә­ліметі бойынша, 7 қазаннан бастап Газа секторында 21 мың 978 адам қаза тапқан. Оның басым бөлігі әйел мен бала. Ал жаңа жылдан кейін министрлік соңғы 24 сағат ішінде 156 адам қаза тауып, 246 адам жараланғанын мә­­лімдеді. Газаның тағдыры бұ­лыңғыр. Ал мұндағы балалардың жаңа жылдан күтері жылы ұя ғана.
Ракеталар отшашуы болды

Ұлу жылы Ресей мен Украина үшін де жайлы басталмады. 2 қаң­тарда түнде және таңертең Ресей Ук­раина аумағын ракетамен жаппай ат­қы­лады. Негізгі шабуыл Харьков пен Киев қаласына жасалған.
Киев билігінің алдын ала мәліметі бойынша, қаладағы тұрғын үйге түс­кен ракетадан 1 адам қаза тауып, 27 адам зардап шеккен. Жаралан­ған­дардың көбі ауруханаға түскен. Шабуылдан Киевте жарық пен су жеткізу жұмыстарында ақау болған.
Украина астанасының мэрі Ви­талий Кличко ракеталар азаматтық инфраструктура мекемелеріне түскенін, газ құбырлары бүлінгенін айтты. Ал Харьковта бірнеше көпқабатты үйге ракета түскен. Бір адам қаза тауып, 40-тан аса адам жараланған.
Алдын ала дерек бойынша, Ре­сей «Кинжал» ракеталарымен шабуыл­даған. Ресей қорғаныс минис­трлігі бұл шабуылға қатысты ештеңе мәлім­демеді. Мәскеу мұндай ша­буыл­дар тек Украинаның әскери объек­тілеріне жасалады дейді.
29 желтоқсанда Ресейдің Украина аумағына ракетамен шабуылынан 30 адам қаза тауып, 160 адам жараланған бо­латын. Ал 30 желтоқсанда Ук­раина Ресейдің Белгород қаласын атып, 24 адам қаза болып, 100-ден аса адам жараланған. Осыдан соң Ресей Президенті Владимир Путин Украинаға шабуылды үдету жайлы пәрмен бергенін айтқан.

БҰҰ өткен жылға өкпелі

Былтырғы климат жөніндегі сам­митте әлем елдері алғаш рет жаңар­тылған энергия көздеріне көшуге келіскен еді. Биыл айтулы даталардың қатарына 26 қаңтар «Халықаралық таза энергия күні» қосылды. Бұл жаһандық жылынумен күресте әлем үшін маңызды қадамның басы болмақ.
– 2024 жыл сенім мен үмітті қалпына келтіру жылы болуы керек. Ортақ шешімге келу үшін келіспеушіліктерге қарамастан бірігуіміз керек. Климаттың өзгеруімен күресу. Экономикалық мүм­кіндіктер мен барлығына пайда әке­летін әділ жаһандық қаржы жүйесін құ­руымыз керек, – деді БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым Біріккен Ұлттар ұйымы өткен жылға өкпелі екенін мәлімдеді. Жасыратыны жоқ, 2023 жыл үлкен азаптың, зорлық-зом­былық және климаттық хаос жылы болып есте қалды. Расымен де адамзат қатты зардап шекті. Ке­дейлік пен аштық алқымнан алды. Соғыс оты өрбіді. Түрлі індет та­рады. Дегенмен әлем халқы келер жыл­дан үміттенеді, жақсылыққа сенеді.

Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: