024 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгені құрайды. Тиісінше көпбалалы аналардың жәрдемақысы мен жөргекпұл мөлшері көтеріледі.
Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы
Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді:
бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 140 296 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 232 596 теңге.
Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.
Бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы
Қазір бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді.
Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады.
бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 21 266 теңге;
екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 25 143 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 28 982 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 32 859 теңге.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 процентін құрайды.
Көпбалалы отбасылар қанша алады?
Кәмелетке толмаған 4 және одан көп немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Ол отбасының кірісіне қарамастан барлық көпбалалы отбасыға бала санына қарай беріледі.
2024 жылы оның мөлшері:
4 балаға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
8 және одан көп баласы бар отбасыларға – 32,06 АЕК немесе 118 366 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК немесе 14 768 теңгеден.
Марапатталған аналардың жәрдемақысы
2024 жылы «Алтын алқа» немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға 7,4 АЕК немесе 27 321 теңге төленеді.
Ал «Күміс алқамен» марапатталған аналарға 6,4 АЕК немесе 23 629 теңгежәрдемақы беріледі.
Марапатталған аналарға жәрдемақы ай сайын бюджет есебінен төленеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!