Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сенбі, 30 қараша, 08:26

Балық аулау тәсілдері

20.12.2023

189

0

Балық аулау – ежелден келе жатқан адамзат өміріндегі маңызды кәсіптердің бірі. Сол себепті бүгінге дейін балық аулаудың бірнеше түрі мен тәсілі ойлап табылды. 

Соның бірі балық аулаудың күрделі түрі желі қармақпен балық аулау әдісі. Желі қармақ ұзындығы 50-60 м кендір арқанның бойына 2 м сайын 20-30 қармақ, бір жерге 40-60 желі қатарынан жалғастырылып құрылатын құрылғы. Жүз елудей қармақ байланған алты кішкене желінің қосындысын балықшылар «сүре» деп атайды. Сүрелердің аралығына байлап, су түбіне тасталатын салмағы 20 кг-дай ауыртпалық желілерді бір орында қозғалтпай ұстап тұрады. Су бетінде жиырма шақты қалтқыдан тұратын көтергі оны батырмай көтеріп тұрады. Ертедегі қарапайым желінің ұзындығы 11-13 құлаш, желі аралары 18 см етіп байланған, бауы қысқалау бір қарыс қана кендірден жасалған. Бекіре, шоқыр, қорытпа аулаудың бір әдісі – қарашағырмаққа кендірден желі жасап, жіптің бойына 8-10 см сайын қара қармақтар байлау.

Зайсан мен Бұқтырмада балық азайып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сондай-ақ, балықты қамап аулау – судың арнасын жырып жасаған жасанды айырықтан бөгеу (қарабура) жасап, айырықтың соңына тоғанша істеп, қамалған балықты аулау әдісі. Сондай-ақ иірімдегі балықты атпен, құрал көмегімен таяз қайраңға қаумалап айдап, жондары көрініп қашқан балықты таяқ, сабау, серемен соғып алады.

Балықты қыстыгүні аулау – қыстыгүні балық жиналатын орынды – балық қазанын тауып, самал деп аталатын құралмен мұзын ойып, «үкіжасап», жылымды су түбіне салады. Ойылған «үкінің» біріншісінен екіншісіне қарай жылымның қанатын нәрелмен (ұзын сырықпен) айдап отырады. Егер кішілеу ay болса, үкі аралығын сегіз метрдей етіп ояды да, астаумен байланыстырып қойып, ауды бір ойықтан салып, екінші жағынан түскен балықтарды майлық ыдысқа тоғытып ала береді. Мұз ойып, аумен балық сүзіп алуды «үкі сүзу» деп атайды. Жылымды қыстыгүні мұз астына құлақ / жетек арқанмен тартып жылжытып отырады да, мұз бетіне шығарар кезде айыр ағаш тәпекпен оның екі қанатын қосып, арасынан балық шығып кетуін бөгейді. Аудың қатқан мұзын шаулап қайтадан суға салып отырады. Жылымды тек қыста ғана салып отыратын болса, алты-жеті жылға, ұдайы қолданса екі жыл ғана қолдануға жарайды.

Жалпы, балық аулаудың түрі мен әдісі көп. Ең бастысы, балық аулау сәтінде қауіпсіздік ережесін қатаң қадағалауымыз керек.

Шынжырхан Сүлейменов, 
«Қызылорда Fish» Қызылорда облысы бойынша спорттық және әуесқой балық аулаушылар қоғамы қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: