Сүйіншілейтін жаңалық, Дубайдағы «Мейдан» ипподромында өткен бәйгеде отандық тұлпар топ жарды. Дубайды дүбірлеткен дүлдүлдің ныспысы – «Кәбірхан».
2 мың метр қашыққа шапқан 13 жылқының ішінен шабандоз Пэт Доббс мінген «Кәбірхан» мәре сызығын бірінші болып кесті. Жанкүйерлер әлеуметтік желілерге сәйгүліктің жеңіске жеткен сәтінен видео жариялады. «Қазақстандық жылқы «Кәбірхан» Дубайда өткен әлемдік турнирде алғаш рет жеңіске жетті. Бұл – сенсация» деп жазды видео авторы.
Дүлдүлдің иесі Тілек Мұхамбетқалиевтің ат спортымен айналысып жатқанына бес жылдан асыпты. «Дубайда жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Қуанышымызға ел тұрғындары ғана емес, еуропалықтар да ортақтасып жатыр. Бұл – Қазақстанның ат спорты тарихындағы үлкен жетістік. Дода басталардан үш күн бұрын букмекерлер біздің сәйгүлік үшінші орын алады деп болжам жасады. Бірақ жарыс басталар сәтте бәрі де өзгеріп сала берді. «Кәбірхан» фаворит атанды» дейді ол.
Белгілі болғандай, «Кәбірхан» АҚШ-та туған. 2021 жылы иесі 12 мың долларға сатып әкеліпті. Тұқымы – таза ағылшын. Ол Дубайдағы тарихи жеңісіне дейін Қазақстан мен Ресейдегі түрлі додаларда топ жарған. Иесі оны алдағы уақытта АҚШ пен Ұлыбританияда өтетін жарыстарға апаруды жоспарлап отыр. Айтпақшы, сәйгүлік екі апталық демалыстан кейін «Al Maktoum Challenge» додасының екінші кезеңіне қатысады.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!