Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:00

Таңда тың жобалар жүзеге асады

16.01.2024

298

0

Аймақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығы – «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізге алынып, оны іске асыруға басымдық берілген. Ауылдық елді мекендердің алдағы жоспарлары, өркендеу мүмкіндіктері қарастырылуда. Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірдегі ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жай-күйі, даму бағыттары талқыланған мәжіліс өтті.

– Өткен жылы ауыл игілігі үшін мем­лекеттік бюджеттен 18 млрд теңге қаржы берілді. «Ауыл – ел бесігі» жо­басы ая­сында 47 елді мекенде 216 жобаны жү­зеге асыруға 12 млрд 400 млн теңге бө­лінді. Биыл бағдарлама аясында 11 млрд теңгеге 67 жоба межеленген.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3 млрд теңгеге 404 жоба жү­зеге асты. Биыл 6 млрд теңгеге жуық қаржыға 800-ден астам жоба жоспарланған. Өткен жылдан бері қолға алынған «Үлгілі елді мекен» жобасы аясында жеңімпаз 12 елді мекенге күнделікті ел тұрмысына қажетті за­манауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Тағы 12 ауылдық елді мекенге газ кіргізіліп, қазіргі кезде табиғи газ­дың игілігін пайдаланатын ауыл саны 34-ке жетті. Биыл 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді «көгілдір отынмен» қам­тамасыз етеміз. Мұның барлығы – аға­йынның әл-ауқатын арттыру бағы­тында жасалған жұмыстар, – деді аймақ басшысы.
Мәжілісте Таң ауылдық округінің әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдайы, он­дағы кәсіпкерлік, ауыл ша­руашы­лығы, құрылыс са­ла­ла­рын өркендетудің жол­дары тал­қыланды.
– Бұл ауылға соңғы 5 жылда 2,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Соның 1,3 млрд теңгесі демеушілік есебінен, яғни осы ауылдың тумасы Имамзада Қуанышбайұлы өз қаржысын салған. Осылайша халықты тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Былтыр қараша айында арнайы көшпелі мәжіліс өткізіп, тиісті тапсырмалар берген болатынбыз, – деді аймақ басшысы.
Жиында аудан әкімі Ардақ Ибраимов және бірқатар бас­қарма басшылары баяндама жа­сады. Өткен жылы Таң­дағы бірқатар әлеу­меттік нысандар мен автомобиль жолдарын жөндеуге жо­ба-сметалық құжаттар әзірленіп, бюджет есебінен қаржыландыруға ұсы­нылды. Биыл 4 жобаға облыстық бюджеттен 813,9 млн теңге бөлінді. Мәдениет үйін күрделі жөндеудің жоба-сметалық құжаттамасы мен эскиздік жобасын әзірлеуге Алматы, Түркістан қалаларындағы тәжірибелі сәулетші мамандар қатысты. Жоба құны – 377,4 млн теңге. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды, қорытындысы 26 қаңтар күні анықталады.
Сондай-ақ «Таң-Жаңақоныс» авто­мо­биль жолын қайта жаңғыртуға 287,6 млн теңге, «Таң-Самұрат» автомобиль жолын қайта жаңғыртуға 118,8 млн теңге, қосымша 1-ші су көтеру ұңғы­масын қайта қазуға 30 млн теңге бөлінді. Бұл жобалардың мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Ауыл­ға кіреберістегі «Бозарық» кана­лының көпірін қайта жаңғыртуға және 4 көшені жарықтандыруға ЖСҚ әзір­леніп, бюджеттік өтінімдер жол­данды. Ішкі көшелерге ағымдағы жөн­деу жұ­­мыстары аудандық бюджет есе­бінен іске асырылмақ. Өндірістік ғи­ма­раттар мен «Таң LTD» ЖШС-ның демеуші­лігімен салынатын жаңа тұрғын үйлер­дің орналасатын орындары белгіленіп, эскиздік жобаға енгізілді.
Мұнан бөлек биыл ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Ауылда, кентте, ауылдық округте жалға берілетін тұрғынжай салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағида­ла­рын бекіту туралы» бұйрығы күшіне енді. Осы орайда Құрылыс комитеті кә­сіп­кердің тұрғын үй құрылысына кеткен шығындарының 50 пайызын субсидиялауға мүмкіндік бар екендігін хабарлады. Жұмыс аяқталған соң бюджеттік өтінімдер тапсырылады.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен Таң ауылына кіреберіс жолдың бойына ағаш егу үшін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқармасы қа­жетті көшеттермен қамтамасыз етеді. Ал тал егу және су апару жұмыстарын «Таң LTD» ЖШС жүзеге асырады.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында құс өсіру жобасы пысықталды. Қазіргі уақытта 500 басқа арналған тауық шаруашылығын ашу бағытында жеке кәсіпкер Д.Доспа­новтың құжаттары әзірленуде.
Жиында аталған жобаларды іске асыру мерзімдері мен барысы егжей-тегжейлі талқыланып, жауапты сала басшыларына жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау туралы тиісті тап­сыр­малар берілді. Алдағы уақытта өңір­дегі басқа да ауылдардың даму жос­парлары, мүмкіндіктері кезең-кезе­ңі­мен жан-жақты қаралады.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: