Адамзат баласы жаратылғаннан бері өмір сүру мақсатында денінің саулығы үшін күресіп келеді. Біздің ата заңымызда: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген. Қазақстанда балаға туғаннан бастап, 16 жасқа толғанға дейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салынуы тиіс екен. Бұл екпелердің біразы міндетті, бірқатары ерікті болып есептеледі.
Адам – мемлекеттің басты капиталы, яғни байлығы, болашағы, күш-қуаты, тірегі һәм ғұмыры. Ал адам денсаулығының саулығы – мемлекеттің ғана емес, барша адамзаттың жарқын болашағының бірден-бір кепілі. Не десек те ақхалатты абзал жандармен біршама уәкілетті мекеме қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарын жүргізуінің кемі жоқ, дегенмен аудан көлемінде екпеден себепсіз бас тартушылар да жоқ емес. Ол азаматтардың бірқатарымен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргізгенімізбен райынан қайтпай отырғандары да бар. Оларды әуелі екі топқа бөліп қарастыруға болады.
Біріншісі, «екпеден кейін жас баланың ағзасы дәрінің кері әсеріне ұшырауы мүмкін» деген қорқыныш пен үрей. Қазір ғаламтор көпшілік үшін қолжетімді жағдайда. Барлығымыз ғаламторды пайдаланамыз. Ғаламторда ақпарат өте көп, олардың арасында өтірігі, расы, ресмиі, ресми емесі де, барлығы бар. Сондықтан вакциналарды өндірушілердің арасында өзара бәсекелестік болғандықтан, олар бір-бірі туралы түрлі жағымсыз ақпараттарды қасақана беруі де мүмкін. Нәтижесінде түп-төркіні тексерілмеген түрлі жағымсыз ақпараттарға сеніп қалып жатамыз.
Екіншісі, діни ұстанымдарына байланысты сылтауратып екпеден бас тарту. Бұл жағдайлар көбіне дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарда байқалады. Деструктивті діни ағымдар қоғамдық қауіпсіздікке, неке және отбасы институтына, адам денсаулығына қатер төндіреді. Олар өздеріне және отбасы мүшелеріне медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен, мысалы, қан құю, донорға қан беру, вакцинация, ағза мүшелерін трансплатациялау т.б. бас тартады. Енді осы мәселеге ерекше тоқалып, кеңінен тарқатып айтсақ…
Дін тұрғысынан келгенде денсаулық Жаратушыдан берілген аманат екенін ескерсек, әрбір адам баласы аманатқа қиянат жасамай, денсаулығын күтіп, ауырмаудың жолын іздеуі керек. Ал шариғат негіздеріне сүйенсек, егер денсаулыққа зиян келтірмесе және емдік сипатта болса, екпе алудың ислам дініне ешқандай қайшы келетін тұстары жоқ. Мысалы, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде: «Бәдәуилер: «Иә, Расулуллаһ (с.ғ.с)! Біз емделу үшін ем қолдансақ бола ма?» – деп сұрағанда, Расулуллаһ: «Иә, Ей Алла Тағаланың құлдары! Ауырған жағдайда емделіңдер. Өйткені Алла Тағала әрбір аурумен бірге оның шипасын да жаратқан. Тек бір аурудың шипасы жоқ» – деді.
– Я, Расулуллаһ! Ол қандай ауру?
– Ол – кәрілік.
Хадисті Усама ибн Шариктен Имам Бухари, Имам Ахмад, Имам ибн Мажаһ, Имам Дауд, Имам Термизи және Имам Насай риуаят етті. (Сахих хадистер 2 том. Алматы 2004.)
Қасиетті құран кәрімде Ниса сүресі, 58 аятта: «Негізінен Алла сендерге аманаттарыңды өз лайық орнына тапсыруларыңды әмір етті» деген. Ал енді қазіргі уақытта діни сауатсыздықтың салдарынан діни фанатизмге бой алдырған кейбір азаматтарымыз «анау харам, мынау бидғат, оны істесең тозаққа түсесің т.б.» деген сияқты жаңсақ пікірлерімен өз адасқандарымен қоймай, жұртты да адастыруда.
Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша 2015 жылдың 25 мамырында құрамында этилдік спирті бар дәрі-дәрмектерді қолдануға болады деп пәтуа шығарылды. Шығарылған шариғи үкім мынадай тармақтардан тұрады:
- Спиртті ішімдік ретінде қолдануға шариғи тұрғыдан тыйым салады. Алайда нәжіс емес.
- Құрамында спирт болған дәріні дененің сыртқы бөлігіне қолдануға болады.
- Егер спирт қандай да бір дәрінің құрамында болып, болмысы мен сипатын жоғалтса, дәріні ішуге болады.
- Ал егер сала мамандары спирт қандай да бір дәрінің құрамында болып, болмысы мен сипатын жоғалтпаған деп тұжырымдаса, төмендегі шарттарды ескере отырып ішуге рұқсат:
Аса зәру жағдайда құрамында спирті бар дәрінің орнын басатын балама таза дәрі табылмаса;
Құрамында спирт қосындысы бар дәрі науқастың оңалуына септігін тигізсе;
Жоғары білікті әрі сенімді дәрігердің нұсқауымен пайдалануға болады.
Екпе туралы
Ата заң не дейді?
Елімізде балалардың құқығын, денсаулығын қорғау Ата Заңмен белгіленген. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 89-бабының 1.1-тармағында «Әрбір бала денсаулық сақтау жүйесінің заманауи және тиімді қызметін, ауруларды емдеу құралдарын пайдалануға және денсаулығын қалпына келтіруге құқылы» және 156-бабының 1-тармағында «Қазақстанда тұратын физикалық тұлғалар кепілді ақысыз медициналық көмек шеңберіндегі инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы алдын алу екпелерін алуға міндетті» деген жолдар бар. Сондай-ақ «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы Заңының 3 бабының 9 тармағының 1 тармақшасында «Дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес діни бірлестіктер: мемлекеттік органдардың функцияларын орындамайды және олардың қызметіне араласпайды» деп, ал осы тармақтың 3 тармақшасында «Діни бірлестіктер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті» деп нақты көрсетілген. Осыған орай екпенің құрамында адам денсаулығына жағымсыз әсер ететін дәрілік компоненттер болмаса, аллергиялық және т.б. себептермен ағзаның қабылдамау фактілері алдын ала тексерілсе, зертханалық сараптаудан өткізілген екпені қабылдау ешқандай даулы мәселе туғызбайды деп есептейміз.
ҚР-ның дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында: Денсаулық сақтау жүйесі. Ел азаматтарының жыныстық нәсіліне, этносына, тіліне, әлеуметтік шығу тегіне және діни сеніміне қарамастан оларға толық медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету әлеуметтік мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті болып табылады.
Діни бірлестіктер мен оның өкілдері адам денсаулығы мен өмірін тек медициналық жолмен ғана сақтау мүмкін болған жағдайда азаматтарды медициналық көмектен бас тартуға шақырмауы тиіс» деген жолдар бар.
Ислам діні бойынша адамның өмірі – Алланың аманаты. Ал бұл аманатқа қиянат жасау – діни көзқарас бойынша күнә. Денсаулыққа көңіл бөліп, салауатты өмір сүру керек. Сондықтан екпені қабылдап, аурудың алдын алу да ислам дініне сай нәрсе. Бұдан басқа жыл сайын қажылық кезінде Сауд Арабиясына барғандарға әуежайда ұшақтан түскен бойда басқа құрлықтан, алыс аймақтардан келген адамның ауру жұқтырып, сырқаттанбауы үшін вакцинамен екпе жасалады. Яғни нағыз мұсылман елі деп есептелетін Сауд Арабиясының өзінде вакцина жүргізіледі. Көріп тұрғаныңыздай, «вакцина мұсылман дініне сәйкес келмейді» деп дау-дамай шығаруға ешқандай негіз жоқ. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының «Дәстүрлі ислам екпені мойындайды, екпе алуға болады» деген арнайы пәтуасы да бар.
Арыстанбек БАЙҚАБЫЛОВ,
аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!