Өткен жыл жалағаштықтар үшін жаман болған жоқ, бұлай деуімізге де себеп жоқ емес, былтыр ауданда серпінді жобалар қолға алынып, ел ішіндегі күрмеулі мәселелер шешімін тапты. Апта басында өңірлік коммуникациялар қызметінде жылды қорытындылаған аудан әкімі Ардақ Ибраимов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте осылай деді.
Расында былтыр ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты, оны жоққа шығармаймыз. Нәтижесінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 100, өңдеу өнеркәсібі 100,3, инвестициялар тарту 144,4 (17,4 млрд теңге), бөлшек сауда 103,9 (3,9 млрд теңге), ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 103,9 (34,5 млрд теңге), пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 104,9 (20,7 мың шақырым), құрылыс жұмыстары 146,4 пайызға (6,9 млрд теңге) орындалды. Бір сөзбен айтқанда, 5,6 млрд теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Аудан бюджеті 10,8 млрд теңгені құрап, 99,9 пайызға атқарылды. Өз кірістеріміз 100,7 пайызға жетті. Ал 2024 жылға бекітілген аудан бюджеті 10,2 млрд теңге көлемінде қалыптасты. Оның ішінде жергілікті кірістер болжамы 2,2 млрд, субвенция 4,1 млрд, трансферттер 3,5 млрд, бюджеттік кредиттер 0,4 млрд теңге болып отыр.
Жалпы былтыр елімізде оң өзгерістер орын алды, оның ішінде Жалағаш ауданында да бірқатар нәтижелі жұмыстар жүзеге асты. Аудан тұрғындары мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті бастауға және дамытуда белсенді болды.
Кәсіпкерлік қанат жайды
Былтыр ауданда жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 3001-ге жетті. Оның 2 857-сі нақты жұмыс жасап тұр. Салаға қаржы институттары арқылы 4,8 млрд теңге тартылып, 206 жоба қаржыландырылды. Қолдау шараларының негізінде 207 жаңа жұмыс орны ашылған.
Былтыр Жалағаш кентінен жалпы құны 200 млн.теңгені құрайтын 120 орындық типтік жобадағы «Жеті-қазына» балабақшасы пайдалануға беріліп, 18 жаңа жұмыс орны ашылды. Сауда саласында құны 200 млн теңгелік жеке кәсіпкерлік «Далида», «Мега планета» сауда орталықтары ашылып, 7 жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ құны 200 млн теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Е.Каиповтың сауда орталығының құрылысы басталған. Бұл жоба да биыл жұмысын бастайды.
Өндірістік жобаларға
басымдық берілген
2023 жылы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясында 1 млрд теңгені құрайтын екі жоба іске асырылды. Оның бірі – «Бақдаулет-57» фермер қожалығының жалпы құны 530 млн теңгені құрайтын 100 бас ірі қара малына арналған сүт фермасы. Қазіргі таңда ферма құрылысы толық аяқталып, Чехия мемлекетінен 96 бас «Симентал» тұқымды сүтті ірі қара алынды. Жоба тәулігіне 3000 литр сүт өңдеп, өнім шығарады. Кәсіпорын толық іске қосылса, 10 жаңа жұмыс орны ашылады.
Осындай ірі өндірістік жобаның бірі – «АВ-AGRO» ЖШС-ның құны 500 млн тенгені құрайтын тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты. Бүгінде бұл жоба толық іске қосылды. Цехта тәулігіне 30 тонна күріш ақталып, 5 тонна жем өндірілуде. Қазіргі таңда кәсіпорында 5 адам жұмыс жасайды.
Ауылдық округтерді дамыту
күн тәртібінен түспейді
Кешегі брифингте Ардақ Әбдіғаппарұлы осылай деді, сөзінің жаны бар, расында соңғы жылдары ауданға қарасты елді мекендерде тұралаған мәселелер шешімін табуда. Бұл ауылдарды дамыту жұмыстары назардан тыс қалмағанын аңғартса керек. Елді мекендердің инфрақұрылымы дамып, өндіріс орындары ашылып, көркейту-абаттандыру жұмыстарының қарқынды жүруі сөзімізді қуаттайды.
– Бұл бағыттағы жұмыстар Президенттің «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығына сәйкес жүргізілуде. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауданда 179,7 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылды. Биыл аталған жоба бойынша 381 млн теңгенің несие қаражатын алу жоспарымызда бар. Несие қаражаттары негізінен асыл тұқымды мал шаруашылығы мен өңдеу саласына бағытталады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған Бірыңғай Жалпы ұлттық жобалар пулы аясында биыл ауданда жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын екі жоба іске асырылады, – деді аудан әкімі.
Оның бірі жеке кәсіпкер Дастан Ержановтың жеке қаражаты есебінен құны 500 млн теңге болатын «Күріш ақтау және жем өндіру» жобасы екен. Кәсіпорын іске қосылса, 20 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Ал келесі жоба – «UNO-PROF Строй» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын «Асфальт өндіру зауыты». Жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 800 тонна асфальт өндіріледі. Сондай-ақ 10 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жол құрылысы қарқын алды
Соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алып, сапасы сын көтермейтін елді мекендердің ішкі көшелері күрделі және орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ елді мекендерді ауданмен байланыстыратын жолдар да назардан тыс қалмады. Қуантарлығы, бұл жұмыстар былтыр да қарқынды жүрді, биыл да жалғасын тапқалы отыр.
Өткен жылы бұл бағытта құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылды. Оның 984,9 млн теңгесіне Есет батыр-Жаңадария бағыты, Жаңаталап-Аққыр бағытындағы және Ақсу ауылына кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1,6 млрд теңге Жалағаш кенті мен 5 ауылдық елді мекеннің 20 көшесіне жөндеу жұмыстарына жұмсалды.Бұл жұмыстар толық аяқталып, 177,8 шақырым жолдың мәселесі шешімін тапты.
Аспалы көпір халықтың
қажетіне жарап тұр
Былтыр аудан тұрғындарының ұзақ жылдар бойы көтерген мәселелерінің бірі теміржол өткелімен қатынау жайы да шешілген. Аймақ басшысының қолдауымен құны 325,4 млн теңгені құрайтын аспалы көпір ел игілігіне пайдалануға берілді. Нәтижесінде Дәуімбай елді мекені мен Жалағаш кентінің жұрты екі ортаға қауіпсіз қатынайтын болды.
Мұнан бөлек Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолындағы көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл аудандық маңыздағы 3 автомобиль жолын (8,1 шқ) және 3 елді мекендегі 26 көшені (17,1 шқ) жөндеуге бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді (Республикалық бюджеттен 50,0 млн. теңге, облыстық бюджеттен 1,55 млрд теңге). Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңыздағы жолдардың үлесі 93,4 пайызға, ішкі жолдардың үлесі 85 пайызға жететін болды.
Айта кетейік, былтыр «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы Жалағаш кентінің кіреберісі, орталық алаң және ішкі көшелеріне абаттандыру, елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигонды қоршау, аяқ су келтіру, насос сатып алу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 2023 жылы аудан бойынша жалпы құны 10,2 млрд теңгені құрайтын 24 нысанның жоба-сметалық құжаттары дайындалып, республикалық және облыстық бюджеттен 2024 жылға қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім тапсырылған.
Күрішпен кірісін еселеген Жалағаш
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі саласы. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне қарай ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егісіне бейімделген. Былтыр жалағаштықтар саланы жоғары жетістікпен қорытындылады. Рас, маусымында аяқ су мәселесі диқандарды қос бүйірден қысқан. Бірақ мол астық алудың амалын тауып, шаруа адамдары дала жұмыстарын ширатты.
Ауданда негізінен 335 шаруашылық бар, оның 199-ы егін, 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Былтыр Мемлекет басшысының қолдауымен және Үкіметаралық келісімдер негізінде облыс бойынша қалыптасқан су тапшылығына қарамастан ауданда барлығы 37 079 гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдары толық жиналды. Диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 19 800 гектар күріштің әр гектарынан 54,5 центнерден өнім алды. Қамбаға 101 мың тонна астық құйылды.
Былтыр ауданда суды үнемдеу үшін тамшылатып суару әдістерінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық берілген. Шаруашылықтар жыл сайын егін орналастыру кезеңінде 20 мың гектар жерді лазерлік жер тегістегішпен тегістеп отырады. Бұл жұмыстар да өз кезегінде су үнемдеуде нәтижесін беруде. Егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары да жалғасуда. Суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемі биыл да артады.
– Биыл ауданда 36 504 гектар жерге егін орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс, басқа да бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жаңадан жер дайындалады, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Төрт түлік санында өсім бар
Жалағашта егін шаруашылығымен бірге мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Ауданда 39 641 мүйізді ірі қара, 38 962 уақ мал, 21 819 жылқы, 761 түйе, 10 474 құс бар. 2022 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара, жылқы 0,5, уақ мал 4,2 пайызға артқан.
Жерді мақсатсыз пайдалануға
жол берілмейді
Айта кетейік, ауданда ауыл шаруашылығы жерлері бойынша биыл 4 688 гектар жер учаскесі конкурс арқылы айналымға енгізілген. Елді мекендердегі жер учаскелерін сатудан аудан бюджетіне 35,7 млн теңге түскен. Жыл басынан бері мақсатына сай пайдаланылмаған не заңнаманы бұза отырып пайдаланылған 44 106 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. 2022 жылы 9 075 гектар жер қайтарылған. Былтыр да бұл жұмыстар қарқынды жүрді. Оның 619 гектары елді мекен тұрғындарының малына жайылым есебінде қалдырылды. Жыл аяғына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша 10 мың гектар жер учаскесін қайтару жоспарда бар екен. Яғни жерді бақылау жұмыстары әлі де күшейтіледі.
100 пайыз таза ауыз сумен қамтылған
Елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша нақты нәтижеге жұмыс жасадық. Аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. 2023 жылы Аққұм, Мәдениет елді мекендерінің ауыз су жүйесін кеңейту және «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары, су жинау-тарату кешенінің құрылысы мен сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Ардақ Әбдіғаппарұлы кешегі брифингте БАҚ өкілдеріне осылай деді. Шынында аудан халқы тәулік бойы таза ауыз судан тарыққан емес. Биыл да бұл бағытта жұмыстар жалғасын табады. Аламесек ауылдық округінде ауыз су жүйесін кеңейту, Жалағаш кентінде тозығы жеткен құбырларды ауыстыруға жоба-сметалық құжаттама әзірлеу алдағы уақыттың еншісінде.
Екі ауылға көгілдір отын кіреді
Бүгінде аудан халқының 45,1 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Былтыр елді мекендерді, әлеуметтік нысандарды газдандыру бойынша 5 жоба қолға алынған. 5 жобаның 2-еуі толық жүзеге асты. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана ғимараты табиғи газға қосылды. Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесіндегі жаңа тұрғын ауданын газбен жабдықтау жүйесінің құрылысына республикалық бюджеттен 603 млн теңге бөлініп, газ құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталды.
Кентке көгілдір отын кірді, енді оған жақын ауылдарға көгілдір отын тарту мәселесіне бас қатыру керек. Бұған қатысты да Ардақ Ибраимовтың журналистерге жақсы жаңалығы бар екен. Бұйыртса, келер жылу маусымында аудандағы 2 ауылдың халқы көгілдір отын тұтынады. Бүгінде Ақсу, М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда аудан тұрғындарының 50 пайызы газбен қамтылады.
– Біз елді мекендерді газдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асырамыз. Биыл Қаракеткен, Далдабай және Бұқарбай батыр елді мекендерін газдандыруға жоба-сметалық құжаттама әзірленеді. Экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай абаттандыру бағытындағы жұмыстарды іске асырудамыз, – деді ол.
Ауданда электр желілерінің ұзындығы 457,5 шақырымды құрайды, орташа тозу деңгейі 45,2 пайызға жетіп отыр. Былтыр Ақсу, Қаракеткен елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 270,3 млн теңге бөлініп, желтоқсан айында пайдалануға берілді. Биыл Мырзабай ахун, Темірбек Жүргенов, Есет батыр елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына 915 млн теңге бөлінді, жыл аяғына дейін толық пайдалануға беріледі. Аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда аудан бойынша электр жүйесінің тозу деңгейі 32,5 пайызға төмендейді. Ауданда денсаулық сақтау саласы жылдан жылға дамып келеді. Соңғы үлгідегі жаңа аурухана, жаңа типтегі емхана аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде.
Былтыр республикалық бюджеттен 752,8 млн теңгеге Мырзабай ахун және Аламесек ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне пайдалануға берілген. Жаңа нысандар бүгінде науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған. Қазіргі таңда қос медициналық нысан халықтың қажетіне жарап тұр.
Былтыр ауданда жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құраған. Жастар арасында жұмыссыздық 4,5 пайыз болды. Өткен жылы 3 222 жаңа жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамту орталығына жүгінген 3 228 адамның 94,9 пайызы «Ұлттық жоба» бағдарламасына қатысушылар құрамына енгізілді. Ал «Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы» шеңберінде былтыр 46 жұмыс орнын ашу жоспарланса, 75 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 163 пайызға орындалды.
– Тек жұмысы тұрақты, жалақысын ай сайын алатын адам болашағына сенімді болады. Сондықтан жұмыссыздық мәселесін азайтуда нәтижелі жұмыс жасау маңызды деп есептеймін. Бар жұмыс орындарын сақтау, жаңасын ашу – қашанда біздің ең негізгі жұмысымыз. Әлеуметтік салаға келер болсақ, оң серпін бар деп айтуға толық негіз бар. Оның ішінде бюджеттің басым бөлігі білім беру саласына бағытталды. 2023 жылы оқушылардың тасымалына байланысты Таң ауылдық округіндегі №118 орта мектепке Жаңақоныс елді мекенінен қатынайтын балаларға жаңа автобус берілді. Биыл Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданда 1 мектеп бой көтереді. Қазіргі таңда 300 орындық «Жайлы мектептің» жер телімі белгіленді. Осы жылы мектеп құрылысы басталып, келер жылы ел игілігіне пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі.
Брифингте Ардақ Әбдіғаппарұлы мұнан өзге салаларда былтыр қолға алынған жобаларды кеңінен тарқатты. Сондай-ақ ол биыл да ілкімді жобалар қолға алынатынын жасырмады. Соңында БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалын да жауапсыз қалдырмады.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!