Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Сенбі, 04 мамыр, 07:40

Жалағаштықтар жарқын жобалар игілігін көруде

10.02.2024

429

0

Өткен жыл жалағаштықтар үшін жаман болған жоқ, бұлай деуімізге де себеп жоқ емес, былтыр ауданда серпінді жобалар қолға алынып, ел ішіндегі күрмеулі мәселелер шешімін тапты. Апта басында өңірлік коммуникациялар қызметінде жылды қорытындылаған аудан әкімі Ардақ Ибраимов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте осылай деді.

Расында былтыр ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты, оны жоққа шығармаймыз. Нәтижесінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 100, өңдеу өнеркәсібі 100,3, инвестициялар тарту 144,4 (17,4 млрд теңге), бөлшек сауда 103,9 (3,9 млрд теңге), ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 103,9 (34,5 млрд теңге), пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 104,9 (20,7 мың шақырым), құрылыс жұмыстары 146,4 пайызға (6,9 млрд теңге) орындалды. Бір сөзбен айтқанда, 5,6 млрд теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Аудан бюджеті 10,8 млрд теңгені құрап, 99,9 пайызға атқарылды. Өз кірістеріміз 100,7 пайызға жетті. Ал 2024 жылға бекітілген аудан бюджеті 10,2 млрд теңге көлемінде қалыптасты. Оның ішінде жергілікті кірістер болжамы 2,2 млрд, субвенция 4,1 млрд, трансферттер 3,5 млрд, бюджеттік кредиттер 0,4 млрд теңге болып отыр.
Жалпы былтыр елімізде оң өзгерістер орын алды, оның ішінде Жалағаш ауданында да бірқатар нәтижелі жұмыстар жүзеге асты. Аудан тұрғындары мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті бастауға және дамытуда белсенді болды.

Кәсіпкерлік қанат жайды

Былтыр ауданда жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 3001-ге жетті. Оның 2 857-сі нақты жұмыс жа­сап тұр. Салаға қаржы институттары ар­қылы 4,8 млрд теңге тартылып, 206 жоба қар­жы­ландырылды. Қолдау шараларының негізінде 207 жаңа жұмыс орны ашылған.
Былтыр Жалағаш кентінен жалпы құны 200 млн.теңгені құрайтын 120 орындық типтік жобадағы «Жеті-қазына» балабақшасы пай­далануға беріліп, 18 жаңа жұмыс орны ашыл­ды. Сауда саласында құны 200 млн тең­гелік жеке кәсіпкерлік «Далида», «Мега планета» сауда орталықтары ашылып, 7 жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ құны 200 млн теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Е.Каиповтың сауда орталығының құрылысы бас­талған. Бұл жоба да биыл жұмысын бастайды.

Өндірістік жобаларға
басымдық берілген

2023 жылы өңдеу өнеркәсібіне бағыт­тал­ған инвестициялық жобалар пулы аясын­да 1 млрд теңгені құрайтын екі жоба іске асы­рылды. Оның бірі – «Бақдаулет-57» фермер қожалығының жалпы құны 530 млн теңгені құрайтын 100 бас ірі қара малына арналған сүт фермасы. Қазіргі таңда ферма құрылысы толық аяқталып, Чехия мемлекетінен 96 бас «Симентал» тұқымды сүтті ірі қара алынды. Жоба тәулігіне 3000 литр сүт өңдеп, өнім шығарады. Кәсіпорын толық іске қосылса, 10 жаңа жұмыс орны ашылады.
Осындай ірі өндірістік жобаның бірі – «АВ-AGRO» ЖШС-ның құны 500 млн тенгені құ­райтын тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты. Бүгінде бұл жоба толық іске қосылды. Цехта тәулігіне 30 тонна күріш ақ­талып, 5 тонна жем өндірілуде. Қазіргі таңда кәсіпорында 5 адам жұмыс жасайды.

Ауылдық округтерді дамыту
күн тәртібінен түспейді

Кешегі брифингте Ардақ Әбдіғаппарұлы осылай деді, сөзінің жаны бар, расында соңғы жылдары ауданға қарасты елді мекендерде тұралаған мәселелер шешімін табуда. Бұл ауыл­дарды дамыту жұмыстары назардан тыс қалмағанын аңғартса керек. Елді ме­кен­дердің инфрақұрылымы дамып, өндіріс орын­дары ашылып, көркейту-абаттандыру жұ­мыс­тарының қарқынды жүруі сөзімізді қуаттайды.
– Бұл бағыттағы жұмыстар Президенттің «Қазақстан Республикасының ауылдық ау­мақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жар­лығына сәйкес жүргізілуде. Оның ішін­де кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Ауыл ама­наты» жобасы аясында ауданда 179,7 млн тең­гені құрайтын 22 жоба қаржы­ландырылды. Биыл аталған жоба бойынша 381 млн теңгенің несие қаражатын алу жоспарымызда бар. Несие қаражаттары негізінен асыл тұқымды мал шаруашылығы мен өңдеу саласына ба­ғыт­талады. Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес құрылған Бірыңғай Жал­пы ұлттық жобалар пулы аясында биыл ауданда жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын екі жоба іске асырылады, – деді аудан әкімі.
Оның бірі жеке кәсіпкер Дастан Ержа­нов­тың жеке қаражаты есебінен құны 500 млн теңге болатын «Күріш ақтау және жем өндіру» жобасы екен. Кәсіпорын іске қосылса, 20 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Ал келесі жоба – «UNO-PROF Строй» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын «Асфальт өн­діру зауыты». Жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 800 тонна асфальт өндіріледі. Сон­дай-ақ 10 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жол құрылысы қарқын алды

Соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алып, сапасы сын көтермейтін елді мекен­дер­дің ішкі көшелері күрделі және орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ елді мекендерді ау­данмен байланыстыратын жолдар да на­зардан тыс қалмады. Қуантарлығы, бұл жұ­мыстар былтыр да қарқынды жүрді, биыл да жалғасын тапқалы отыр.
Өткен жылы бұл бағытта құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылды. Оның 984,9 млн теңгесіне Есет батыр-Жаңа­дария бағыты, Жаңаталап-Аққыр бағы­тын­дағы және Ақсу ауылына кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1,6 млрд теңге Жа­лағаш кенті мен 5 ауылдық елді мекеннің 20 көшесіне жөндеу жұмыстарына жұмсалды.Бұл жұмыстар толық аяқталып, 177,8 шақы­рым жолдың мәселесі шешімін тапты.

Аспалы көпір халықтың
қажетіне жарап тұр

Былтыр аудан тұрғындарының ұзақ жыл­дар бойы көтерген мәселелерінің бірі теміржол өткелімен қатынау жайы да шешілген. Аймақ басшысының қолдауымен құны 325,4 млн теңгені құрайтын аспалы көпір ел игілігіне пайдалануға берілді. Нәтижесінде Дәуімбай елді мекені мен Жалағаш кентінің жұрты екі ортаға қауіпсіз қатынайтын болды.
Мұнан бөлек Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жо­лындағы көпірге орташа жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Биыл аудандық маңыз­дағы 3 автомобиль жолын (8,1 шқ) және 3 елді мекендегі 26 көшені (17,1 шқ) жөн­деуге бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді (Рес­пуб­ликалық бюджеттен 50,0 млн. теңге, об­лыстық бюджеттен 1,55 млрд теңге). Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қа­нағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңыз­дағы жолдардың үлесі 93,4 пайызға, ішкі жолдардың үлесі 85 пайызға жететін болды.
Айта кетейік, былтыр «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы Жалағаш кен­тінің кіре­берісі, орталық алаң және ішкі кө­шеле­ріне абаттандыру, елді мекендерде тұр­мыс­тық қатты қалдықтарды тастайтын поли­гон­ды қоршау, аяқ су келтіру, насос сатып алу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 2023 жылы аудан бойынша жалпы құны 10,2 млрд теңгені құрайтын 24 нысанның жоба-сметалық құжаттары дайындалып, рес­пуб­ли­калық және облыстық бюджеттен 2024 жылға қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім тапсырылған.

Күрішпен кірісін еселеген Жалағаш

Ауыл шаруашылығы – өңір экономи­ка­сының негізгі саласы. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне қарай ауыл шаруашылығы саласы то­лы­ғымен суармалы егіншілікке, оның ішін­де кү­ріш егісіне бейімделген. Былтыр жала­ғаш­тықтар саланы жоғары жетістікпен қо­ры­тындылады. Рас, маусымында аяқ су мә­селесі диқандарды қос бүйірден қысқан. Бірақ мол астық алудың амалын тауып, шаруа адамдары дала жұмыстарын ширатты.
Ауданда негізінен 335 шаруашылық бар, оның 199-ы егін, 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Былтыр Мемлекет басшысының қолдауымен және Үкіметаралық келісімдер негізінде облыс бойынша қалыптасқан су тап­шылығына қарамастан ауданда барлығы 37 079 гектар жерге егілген ауыл ша­руа­шы­лығы дақылдары толық жиналды. Ди­­қандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 19 800 гектар күріштің әр гектарынан 54,5 цент­нерден өнім алды. Қамбаға 101 мың тонна астық құйылды.
Былтыр ауданда суды үнемдеу үшін там­шы­латып суару әдістерінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық берілген. Шаруа­шылық­тар жыл сайын егін орналастыру кезеңінде 20 мың гектар жерді лазерлік жер тегістегішпен тегістеп отырады. Бұл жұмыстар да өз ке­зегінде су үнемдеуде нәтижесін беруде. Егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары да жал­ғасуда. Суды аз қажет ететін дақыл­дар­дың егіс көлемі биыл да артады.
– Биыл ауданда 36 504 гектар жерге егін орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс, басқа да бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жаңадан жер дайындалады, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Төрт түлік санында өсім бар

Жалағашта егін шаруашылығымен бірге мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Ауданда 39 641 мүйізді ірі қара, 38 962 уақ мал, 21 819 жылқы, 761 түйе, 10 474 құс бар. 2022 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара, жылқы 0,5, уақ мал 4,2 пайызға артқан.

Жерді мақсатсыз пайдалануға
жол берілмейді

Айта кетейік, ауданда ауыл шаруашылығы жерлері бойынша биыл 4 688 гектар жер учаскесі конкурс арқылы айналымға енгі­зілген. Елді мекендердегі жер учаскелерін са­тудан аудан бюджетіне 35,7 млн теңге түскен. Жыл басынан бері мақсатына сай пай­даланылмаған не заңнаманы бұза оты­рып пайдаланылған 44 106 гектар жер учас­кесі мемлекетке қайтарылды. 2022 жылы 9 075 гектар жер қайтарылған. Былтыр да бұл жұмыстар қарқынды жүрді. Оның 619 гектары елді мекен тұрғындарының ма­лына жайылым есебінде қалдырылды. Жыл аяғына дейін ауыл шаруашылығы мақса­тын­дағы жерлер бойынша 10 мың гектар жер учаскесін қайтару жоспарда бар екен. Яғни жерді бақылау жұмыстары әлі де күшейтіледі.

100 пайыз таза ауыз сумен қамтылған

Елді мекендерді ауыз сумен қамту бо­йынша нақты нәтижеге жұмыс жасадық. Аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. 2023 жылы Аққұм, Мәдениет елді мекендерінің ауыз су жүйе­сін кеңейту және «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары, су жинау-тарату кешенінің құ­­рылысы мен сумен жабдықтау жүйесінің құ­рылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Ардақ Әбдіғаппарұлы кешегі брифингте БАҚ өкілдеріне осылай деді. Шынында аудан халқы тәулік бойы таза ауыз судан тарыққан емес. Биыл да бұл бағытта жұмыстар жал­ғасын табады. Аламесек ауылдық округінде ауыз су жүйесін кеңейту, Жалағаш кентінде тозығы жеткен құбырларды ауыстыруға жо­ба-сметалық құжаттама әзірлеу алдағы уа­қыттың еншісінде.

Екі ауылға көгілдір отын кіреді

Бүгінде аудан халқының 45,1 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Былтыр елді мекендерді, әлеуметтік нысандарды газдандыру бойынша 5 жоба қолға алынған. 5 жобаның 2-еуі толық жүзеге асты. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана ғи­ма­раты табиғи газға қосылды. Жалағаш кен­тіндегі «Ақтерек» учаскесіндегі жаңа тұр­ғын ауданын газбен жабдықтау жүйесінің құ­ры­лысына республикалық бюджеттен 603 млн теңге бөлініп, газ құбырын тарту жұмыс­тары толығымен аяқталды.
Кентке көгілдір отын кірді, енді оған жа­қын ауылдарға көгілдір отын тарту мәсе­ле­сіне бас қатыру керек. Бұған қатысты да Ардақ Ибраимовтың журналистерге жақсы жаңалығы бар екен. Бұйыртса, келер жылу маусымында аудандағы 2 ауылдың халқы кө­гілдір отын тұтынады. Бүгінде Ақсу, М.Шә­ме­нов елді мекендерін газдандыру жұ­мыс­­тары қарқынды жүргізілуде. Аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда ау­дан тұр­­ғын­дарының 50 пайызы газбен қамты­лады.
– Біз елді мекендерді газдандыру жұмыс­тарын кезең-кезеңімен іске асырамыз. Биыл Қаракеткен, Далдабай және Бұқарбай ба­тыр елді мекендерін газдандыруға жоба-сметалық құжаттама әзірленеді. Эконо­ми­калық өсуді қамтамасыз етуге және әлеу­меттік проблемаларды шешуге бағыт­талған жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Жер­гілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай абат­тандыру бағытындағы жұмыстарды іске асы­ру­дамыз, – деді ол.
Ауданда электр желілерінің ұзындығы 457,5 шақырымды құрайды, орташа тозу деңгейі 45,2 пайызға жетіп отыр. Былтыр Ақсу, Қаракеткен елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына рес­пуб­ликалық бюджеттен 270,3 млн теңге бөлініп, желтоқсан айында пайдалануға бе­рілді. Биыл Мырзабай ахун, Темірбек Жүр­­генов, Есет батыр елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыс­тарына 915 млн теңге бөлінді, жыл аяғына дейін толық пайдалануға беріледі. Аталған жобалар жү­зе­ге асырылған жағдайда аудан бойынша электр жүйесінің тозу деңгейі 32,5 пайызға төмендейді. Ауданда денсаулық сақ­тау саласы жыл­дан жылға дамып келеді. Соңғы үлгідегі жаңа аурухана, жаңа типтегі емхана аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде.
Былтыр республикалық бюджеттен 752,8 млн теңгеге Мырзабай ахун және Аламесек ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне пайдалануға берілген. Жаңа нысандар бүгінде науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған. Қазіргі таңда қос медициналық нысан халықтың қажетіне жарап тұр.
Былтыр ауданда жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құраған. Жастар ара­сында жұ­мыссыздық 4,5 пайыз болды. Өткен жылы 3 222 жаңа жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамту орталығына жүгінген 3 228 адамның 94,9 пайызы «Ұлттық жоба» бағдарламасына қатысушылар құра­мына енгізілді. Ал «Жұмыспен қамтудың өңір­­лік картасы» шеңберінде былтыр 46 жұ­мыс орнын ашу жоспарланса, 75 адам жұ­мысқа орналастырылып, жоспар 163 пайызға орындалды.
– Тек жұмысы тұрақты, жалақысын ай сайын алатын адам болашағына сенімді болады. Сондықтан жұмыссыздық мәселесін азайтуда нәтижелі жұмыс жасау маңызды деп есептеймін. Бар жұмыс орындарын сақ­тау, жаңасын ашу – қашанда біздің ең не­гізгі жұмысымыз. Әлеуметтік салаға келер болсақ, оң серпін бар деп айтуға толық негіз бар. Оның ішінде бюджеттің басым бөлігі білім беру саласына бағытталды. 2023 жылы оқушылардың тасымалына байланысты Таң ауылдық округіндегі №118 орта мектепке Жаңақоныс елді мекенінен қатынайтын ба­лаларға жаңа автобус берілді. Биыл Пре­зи­денттің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ау­данда 1 мектеп бой көтереді. Қазіргі таңда 300 орындық «Жайлы мектептің» жер телімі белгіленді. Осы жылы мектеп құры­лысы басталып, келер жылы ел игілігіне пай­да­лануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі.
Брифингте Ардақ Әбдіғаппарұлы мұнан өзге салаларда былтыр қолға алынған жобаларды кеңінен тарқатты. Сондай-ақ ол биыл да ілкімді жобалар қолға алынатынын жасырмады. Соңында БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалын да жауапсыз қалдырмады.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: