Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

11°C

, Бейсенбі, 16 сәуiр, 19:40

Қызылордада Қозы Көрпеш-Баян сұлу күніне орай 11 жұп некесін қидырды

16.04.2026

12

0

Қызылорда қаласында Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні аясында жас жұбайларға арналған мерекелік рәсім ұйымдастырылды. Салтанатты шара ерекше атмосферада өтіп, ұлттық дәстүр мен заманауи мәдениетті ұштастырған мазмұнды бағдарламаға ұласты, деп хабарлайды мемлекеттік корпорацияның облыстық филиалы.

Мерекелік күннің басты сәті – 11 жұптың неке қию рәсімі болды. Жас жұбайларға неке куәліктерін 50 жыл отасқан Жұмабай ата мен Жұмакүл әже табыстады. Бұл ұрпақ сабақтастығы мен отбасылық құндылықтардың маңызын айшықтай түскен тағылымды көрініс болды.

Жас жұбайлардың бірі Ернұр Өмірбеков пен Нұрай Қонысова бұл күннің олар үшін ерекше екенін атап өтті:

«Осындай мәні терең мерекеде шаңырақ көтеру – біз үшін үлкен бақыт. Бұл күн өмірімізде ұмытылмас сәт болып қалары анық. Барша жас жұбайларға бақыт тілейміз», – атап өтті жас жұбайлар.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Жанар Ахетова шараның мән-маңызына тоқталды:

«Бұл мереке – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасы институтын нығайтудың жарқын үлгісі. Бүгінгі жастардың осындай ерекше күні шаңырақ көтеруі – қуанышты жағдай. Жыл басынан бері облысымызда 635 неке тіркелді. Бұл көрсеткіш өңірде отбасы құруға деген жауапкершілік пен қызығушылықтың жоғары екенін аңғартады», – деді Жанар Абдрайхановна.

Іс-шара барысында ұлттық бұйымдар көрмесі қойылып, қонақтар қазақы нақыштағы қолөнер туындыларымен танысты. Сонымен қатар, арт-сурет салу алаңы ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: