Бір апта ішінде республикада COVID-19+ инфекциясының 144 жағдайы және COVID-1 инфекциясының 11 жағдайы тіркелген. Бұл короновирустың 26 пайызға өскенін көрсетеді. Жаңа жағдайлардың да ең көп саны тіркелген. Осыған байланысты маска режимі қайта еніп, адам көп жиналатын жерлерде бетпердемен жүру міндеттелді.
8 ақпаннан бастап Бас санитардың жаңа қаулысы қабылданды. Қаулы халық арасында ауа тамшылары арқылы берілетін инфекциялық аурулардың (қызылша, COVID-19, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар) таралуының алдын алу мақсатында қабылданған. Осылайша барлық өңірге медициналық ұйымдарда персонал мен келушілердің медициналық бетперде тағуын және антисептиктердің болуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Үш жыл бойы короновируспен күресіп, басымызға тигесін бе, атын естісек, қорқатындай жағдайға жеттік. Қаншама адам жұқтырып, вакцина алмаудың салдарынан көптеген адам көз жұмды. Қазір медицина қызметкерлерінің айтуынша, сол қауіпті қайта тудырмас үшін басынан күтінген жөн.
Мамандар халық арасында жұқпалы ауруға қарсы екпе алмағандарды екпе алуға шақырады. Себебі коронавирусты жұқтырғандардың басым бөлігі оған қарсы вакцина салдырмағаны белгілі болды.
Аймақта да эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығы байқалады, демек вирустық инфекцияның таралуы айқын сезілуде. Былтыр өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 118 дерегі анықталған. Оның 47-сі – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал биыл жыл басынан бері аймақта 37 дерек тіркелген. Оның ішінде 2 дерек Жалағаш ауданына тиесілі. Оның 27-сі қаңтар айында анықталған. Ал ақпан айында ол 10 жағдайды құрады. Басым бөлігі ауру симптомымен анықталған.
Одан бөлек өңірде тұмау мен қызылша індеті бойынша да ахуал алаңдатарлықтай.
Облыс аумағында тіркелген коронавирус инфекциясының көп мөлшері, яғни 94 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Ал аймақта ЖРВИ-дың 16 514 жағдайы есепке алынған, оның 65,3 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардан байқалып отыр. Бүгінге дейін тұмаудың 78 дерегі тіркелді. Қазір эпидемиялық ахуалды тұрақтандыру бағытында нақты шаралар жүргізіліп жатыр.
Жалпы халық арасында ауа-тамшылары арқылы берілетін инфекциялық аурулардың ушығып тұрғаны жасырын емес. Соның ішінде қызылша, коронавирус инфекциясы, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялардың таралуын болдырмау мақсатында Бас санитар тарапынан Қаулы қабылданып, соған сәйкес халық көп жиналатын орындарда, көліктің барлық түрлерінде медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным берілді. Сонымен қатар медициналық ұйымдарда антисептиктердің болуы, маскамен кіріп-шығу енгізілді. Соған орай жеке бас гигиенасын сақтау, үй-жайларда ылғалды тазалық жұмыстарын жиі жүргізу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, салауатты өмір салтын ұстанып, дәрігерлердің кеңесін жауапкершілікпен орындау шараларына баса мән беріліп отыр.
Айта кетейік, COVID-19 екі жыл бұрын дүниені дүр сілкіндірген. Зер салсақ, дерттің тарихы ұзақ, құрығы ұзын, зардабы зор. Жаһанды жайлаған алғашқы вирус болмағанымен, әлем тарихындағы алпауыт індеттің санатына енді. Әлемге кең тараған коронавирустың салдары сананы сілкіп, талай істі тұралатты. Адамзат аурумен алысып, вируспен күресті. Тұтастай алғанда, зияны шарпымаған қала, сан соқтырмаған сала қалмады. Алайда адамның асқан ақыл-ойы індеттің өршуін тежеп, таралу қарқынын бәсеңдетуге барын салғанын да көзіміз көрді. Бір емес, екі айналып соққан коронавирустың сұрапыл күші, әлем елдеріне тигізген қайғы-қасіретінен бөлек, әсіресе жаппай экономиканы тежеп тастады.
Аудандағы мамандармен тілдескенімізде әзірге ахуалдың тұрақтылығын айтты. Бірақ Бас санитардың қаулысын қаперден шығармауға кеңес берді. Демек алаңдауға негіз бар. Сондықтан мейлінше мамандар кеңесі қаперде болғаны абзал.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!