Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:43

Дерт қайта дендеді

20.02.2024

360

0

Бір апта ішінде республикада COVID-19+ инфекциясының 144 жағдайы және COVID-1 инфекциясының 11 жағдайы тіркелген. Бұл короновирустың 26 пайызға өскенін көрсетеді. Жаңа жағдайлардың да ең көп саны тіркелген. Осыған байланысты маска режимі қайта еніп, адам көп жиналатын жер­лерде бетпердемен жүру міндеттелді.

8 ақпаннан бастап Бас санитардың жаңа қаулысы қабылданды. Қаулы халық арасында ауа тамшылары арқылы бері­летін инфекциялық ау­рулардың (қызыл­ша, COVID-19, тұ­мау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар) таралуының ал­дын алу мақсатында қа­былданған. Осылайша барлық өңірге медициналық ұйымдарда персонал мен келушілердің медициналық бетперде та­ғуын және антисептиктердің болуын қам­тамасыз ету тапсырылды.
Үш жыл бойы короновируспен күре­сіп, басымызға тигесін бе, атын естісек, қорқатындай жағдайға жеттік. Қаншама адам жұқтырып, вакцина алмаудың сал­дарынан көптеген адам көз жұмды. Қа­зір медицина қызметкерлерінің ай­туын­ша, сол қауіпті қайта тудырмас үшін ба­­сынан күтінген жөн.
Мамандар халық ара­сында жұқпалы ауруға қарсы екпе ал­мағандарды екпе алу­ға шақырады. Се­бебі коронавирусты жұқ­тырғандардың басым бөлігі оған қарсы вак­цина салдыр­мағаны белгілі болды.
Аймақта да эпидемиологиялық ахуал­­­дың тұрақсыздығы байқалады, демек ви­рус­­­тық инфекцияның таралуы айқын сезі­луде. Былтыр өңірде коронавирус инфек­циясын жұқтырудың 118 дерегі анықталған. Оның 47-сі – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал биыл жыл басынан бері аймақта 37 дерек тіркелген. Оның ішінде 2 дерек Жалағаш ауданына тиесілі. Оның 27-сі қаңтар айында анықталған. Ал ақпан айында ол 10 жағдайды құрады. Басым бөлігі ауру симптомымен анықталған.
Одан бөлек өңірде тұмау мен қызыл­ша індеті бойынша да ахуал алаң­да­тар­лықтай.
Облыс аумағында тіркелген коро­на­­­вирус инфекциясының көп мөлшері, яғни 94 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Ал аймақта ЖР­ВИ-дың 16 514 жағдайы есепке алын­ған, оның 65,3 пайызы 14 жасқа дейінгі ба­лалардан байқалып отыр. Бүгінге дейін тұмаудың 78 дерегі тіркелді. Қазір эпидемиялық ахуалды тұрақтандыру бағытында нақты шаралар жүргізіліп жатыр.
Жалпы халық арасында ауа-там­шылары арқылы берілетін инфек­ция­­лық аурулардың ушығып тұрғаны жасырын емес. Соның ішінде қызылша, коронавирус инфекциясы, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирус­тық инфекциялардың таралуын болдыр­мау мақсатында Бас санита­р тарапынан Қаулы қа­был­данып, соған сәйкес халық көп жи­налатын орындарда, көліктің барлық түр­­лерінде медициналық немесе мата­дан тігілген маскаларды пайда­ла­нуға ұсы­ным берілді. Сонымен қатар ме­ди­ци­налық ұйымдарда анти­сеп­тик­тердің бо­луы, маскамен кіріп-шығу енгізілді. Со­ған орай жеке бас гигиенасын сақ­тау, үй-жайларда ылғалды тазалық жұ­мыс­тарын жиі жүргізу, әлеуметтік қа­шықтықты сақ­тау, салауатты өмір сал­тын ұстанып, дә­рігерлердің кеңес­ін жауапкершілікпен орын­дау шараларына баса мән беріліп отыр.
Айта кетейік, COVID-19 екі жыл бұрын дүниені дүр сілкіндірген. Зер салсақ, дерт­тің тарихы ұзақ, құрығы ұзын, зар­дабы зор. Жаһанды жайла­ған алғашқы вирус болмағанымен, әлем тарихындағы алпауыт індеттің сана­тына енді. Әлемге кең тараған коро­навирустың салдары сананы сілкіп, талай істі тұралатты. Адамзат аурумен алысып, вируспен күресті. Тұтастай алғанда, зияны шар­пымаған қала, сан соқтырмаған сала қалмады. Алайда адамның асқан ақыл-ойы індеттің өршуін тежеп, таралу қарқынын бәсеңдетуге барын салғанын да көзіміз көрді. Бір емес, екі айналып соққан коронавирустың сұрапыл күші, әлем елдеріне тигізген қайғы-қасіретінен бөлек, әсіресе жап­пай экономиканы тежеп тастады.
Аудандағы мамандармен тілдес­кені­міз­де әзірге ахуалдың тұрақтылығын айт­ты. Бірақ Бас санитардың қаулысын қаперден шығармауға кеңес берді. Демек алаңдауға негіз бар. Сондықтан мейлінше мамандар кеңесі қаперде болғаны абзал.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: