Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Бейсенбі, 28 қараша, 10:43

Қор құру қажет пе?

27.02.2024

445

0

Ерлі-зайыпты адамдар ажырасса да, ата-ана ретінде арадағы балаларына материалдық көмек беруі заңмен міндеттеледі. Яғни бала кімнің қолында қалса, сол тарапқа ай сайын табысының белгілі бір бөлігін беріп отыруы қажет. Кейде екеуара келісім жасау оңай болады. Ал енді кей жағдайларда алименттен қашатын жағдайлар да кездеседі. Қазақстандағы алимент мәселесінде нені ескеру керек, еліміз онымен қалай күресуде, заң не дейді? Бүгінгі мақаламызда осындай бірқатар сауалдың түйінін тарқаттық…

Бір жылда 17,7 мың жұп ажырасқан

Елімізде ерлі-зайыптылар ара­сында ажырасу мәселесі жыл сайын артпаса, кемімей тұр. Былтыр 128,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, оның 17,7 мыңы ажырасқан. Ауданның өзін­де 72 неке бұзылған.

Аудандық сот төрағасының айтуынша, оның көбісі жолдасы ішкілікке салынып, жұбайына тыныштық бермеген жағ­дайларға бай­­ланысты. Жалпы бұған қарап, от­ба­сылық құндылықтарды жо­ғалтып жатқанымызды бағамдаймыз.

Екі жаққа кеткен отбасылардың арасында көбіне зардап шегуші – балалар. Баланы асырау ата-ананың міндеті болғандықтан, ажырасса да ол міндет мойнында қала береді. Бірақ көп бала пси­хо­логиялық та, материалдық та же­тіспеушілікке ұшырап қалады. Бұл – сол әкесінің немесе анасының өз баласына алимент төлеуден жал­тарып жүргенінің кесірі.

Ажы­расқан ерлі-зайып­ты­лар баласы қал­ған тарапқа алимент төлеу­і керек. Бұл жөнінде «Неке және от­­ба­сы» кодексінің 6-бабында нақты ай­тыл­ған. Ол бойынша балаға али­мент ретінде бе­рілетін тиісті сома ба­­ланың ата-ана­сы­на не басқа заң­ды өкілдеріне түсіп оты­ра­ды, ол қаражат баланы асырауға жұмса­лады.

Борышкерлер берешегі 12,8 млрд тең­геге жетті

Қазіргі таңда алименттен жал­тар­ғандар түрлі айла-амалдарға жү­­гінеді. Яғни жасырынып жұмыс ор­нын өзгертеді, нақты кірістерін тө­мен­де­теді, тұрғылықты жерін жасы­ра­ды, т.б.

Былтыр елімізде осындай сыл­тау­лармен алиментті қасақана тө­ле­­мейтіндердің берешегі 12,8 млрд тең­гені құрады. Бұл ерлі-зайыптылардың неке бұзу­дағы себебі өзара бір проблеманы шеше алмау емес, жа­уапкершіліктен жалтару емес пе?

Аналар да алимент төлейді

Жалпы алимент десе, көз алды­мызға ер кісілер елестейтіні анық. Алайда елімізде алимент төлейтін әйелдер де бар. Мамандардың ай­туынша, алимент төлейтін ер адам­дар­дың мөлшері 96 пайызын құ­рай­ды, ал қалған 4 пайызы әйел адам­­дарға тиесілі.

Қазақстанда бұл мәселеге қа­тыс­ты былтыр 367 мың іс қозғалған. Оның ішінде 16 500-і – проблемалық. Яғни үш ай немесе одан да көп уақыт бойы алимент төлемеген, ішін­ара төлеп жүрген немесе мүлдем төлемей жүргендер. Бұл жүргізілген атқарушылық істің 5 пайызын құ­райды. Ал қозғалған іс жыл сайын артып жатқанын ескерсек, алимент тө­лемей жүргендердің де саны артуда.
Бұл мәселемен күресуде «Қа­зақ­стан Халық партиясы» фракция­сы­ның депутаты Магеррам Ма­­геррамов былтыр шетелдік тәжі­ри­­беге сүйене отырып, Қазақстанда мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынды. Ол бойынша мемлекет қорды қаржы­ландырады, яғни баланың қажетіне ақша төлейді, содан кейін бо­­рыш­кер­лерден алимент өндіру арқылы шы­ғындарды өтейді. Әкім­шілік ресурсы бар мемлекеттің төлем алу мүмкіндігі жалғызбасты анаға қарағанда әлде­қайда жоғары. Бірақ бұл қор құрылса, ата-аналардың жа­уап­кершілігін тө­мен­детіп жібер­мей­ ме?

– Біз негізі қазіргі мәселені қа­рауымыз керек. Қазір мәселен, бір отбасын алайық. Ерлі-зайыптылар ажырасып, ортада үш бала қалды. Жалғызбасты ана сол үш баланы асырай алмай жатыр, ал ері алимент төлеуден жалтарып жүр делік. Әкесін жалғызбасты ана немесе іздейтін арнайы органдардың өзі таба ал­май жүр. Балалардың жағдайы не болмақ? Ал мемлекеттік алимент қорын құру арқылы балалардың ке­регін өтеп, осы мәселені шешуге бо­лады, – дейді республикалық «Әке­лер» одағының төрағасы.

Алимент төлемеудің басты се­бебі ажы­расып жатқан ерлі-зайып­тылардың бір-біріне деген өкпе-ре­нішінен. Алимент тө­лемейтіндерге талдау жасау бары­сын­да мамандар принциптік себеп­пен, яғ­ни қарым-қа­тынасы дұрыс болмағасын кей­­­­бір заңдардың осалдығын пайда­ла­­нып, али­мент төлеуден бас тартып жата­ды.

Заңның солқылдақ тұсы көп

Енді сол кейбір заңдардың осал­дығына тоқталсақ… Мысалы, сот орын­даушылары өз жұмыстарын жасап, заңға сүйеніп, алимент 3 ай бойы тө­­лемей жүрген азаматтарды әкім­ші­лік жауапкершілікке тартады. Оның ішін­де айыппұл төлеу және 5 тәулікке қа­мауға алу шаралары жүргізіледі. Бірақ мынаны түсіну керек, ол кісі сол әкімшілік жауапкершілікке тар­тылып жатқанда ортадағы бала тоқ болып, өзін-өзі асырап кетпейді, яғни одан пайда да, нәтиже де жоқ. Се­бебі әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылғаннан кейін де алимент төлемей жүргендер көп. Сондықтан заңдағы қол­данатын шаралардың түріне өзге­рістер енгі­зетін уақыт келген сияқты.

Бұдан бөлек балаға төленетін алимент мөлшеріне тоқталсақ… Қа­зіргі заң бойынша алимент төлеуші бала санына қарай табысының бір бөлігін аударып отырады. Али­мент төлеушінің бірі жақсы қыз­метте болып, айлық табысы 2 млн теңге болса, бір балаға төлеу қа­жет алимент 500 мың теңгені құ­райды. Елімізде ең төменгі айлық – 80-85 мың теңге, олардың бір балаға төлеуі қажет алимент мөлшері 20-25 мың теңгені құрайды. Ал аны­ғында бір балаға ол 20 мың теңге жетпейді. Сондықтан алиментті өн­діру мөлшерін де қарастыру керек сияқты.

Түйін. Алдымен ұлттың сапасы мен санына, қасиеті мен қа­білетіне әсер ететін дерт қоғамның өзегін өртеген ажырасу мәселесін азайтып, шешімі табы­латын ше­телдік тәжірибедегі заң­­дар мен ша­раларды елімізге қо­рық­пай енгізу керек. Сонымен қатар әр адам отбасы құрар алдында оның үлкен жауапкершілік екенін ұғынғаны дұрыс.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: