Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 21:48

Көне дәстүр жаңғырған күн

19.03.2024

731

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматына сәйкес, «Наурызнама» онкүндігі жарияланған болатын. Осыған сәйкес 16 наурыз «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» болып белгіленген. Бұл – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, салт-дәстүрімізді дәріптейтін, қазақы болмысымызды айшықтайтын ерекше күн. Дәл осы күні Сыр өңіріндегі мәдениет ұйымдарында мерекелік марафондар мен халық арасында кең тараған салт-дәстүрлер: тұсаукесер, бесікке салу, беташар және тағы басқа да 40-қа жуық рәсім кең көлемде ұйымдастырылды.

Қазақтың салт-дәстүрі ағайын, туған-туыс, көршілер арасында жақсы қарым-қатынастың қалыптасуына және ынтымақтастықта өмір сүруіне жол ашқан. Бүгінде атаулары өзгерсе де, кейбір салт-дәстүрлерді қаймағын бұзбай сақтап отырған өңірлер бар. Әсіресе Қазақстанның батыс пен оңтүстік облыстарында қазақтың салт-дәстүрлерін тастамай күнделікті тұрмыста ұстанып жүр. Мысалы, ат тұлдау, ақсарбас атау, аунату, байғазы беру, босаға байлау, енші бе­ру, ерулік беру, жылу жинау, қалау айту, қазан шегелеу сияқ­ты дәстүрлер сақталған.
Кейбір ұмыт болған дәстүрлерді халыққа ұғыну үшін аудан көлемінде «Көне дәстүр күмбезі» ұлттық салт-дәстүрлер фестивалі өтті. Ауданнан бастау алған фестивальді Бұқарбай батыр ауылдық мәдениет үйі мен Мөрәлі Шәменов ауылдық мәдениет үйі жалғады. Бұқарбайлық өнерпаздар Дәуімбай елді мекеніндегі рәміздер аллеясында «Құттық» дәстүрін қойылымдарына арқау етсе, М.Шәменов ауылынан келген өнерпаздар орталық алаңда «Танабау» салт-дәстүрін сахна­лады.
«Құттық» – келін түсірген үй құда-құдағиларын аттан­дыр­ған соң орындалатын дәстүр. Бұл дәстүр бойынша ауыл­дың оң жақта отырған бойжеткендері келіп «құтты болсын» айтып, арнайы дәм әкеліп, сый жасайды. Тиісінше қыздар өздеріне лайықты әшекей немесе ыдыс-аяқтан сый сұрайды. Түсінгеніміздей, бұл дәстүр «құтты болсын, құт әкелсін» деген ниеттен, ізгі ойдан туған.
Танабау тағуды бала ержетіп, тірлікке жарап, үлкен көмек бере бастаған сәттен бастайды. Яғни бұл бала алғаш әкесіне, қыз бала анасына ілесіп, түрлі жұмысқа қолғабыс етіп жүргенін көрген жақындары, туған-туыстары мен көрші-қолаңдары «Ұл-қыздарың қолғабыс етуге жарапты, шаруа атқаруды сеніп тапсыра берсең болады екен» деп балаға түйме-тана, білезік тағып жібереді. Кейде оны көпшіліктің немесе туыстарының атынан бір кісі арнайы барып тағады. Салт бойынша «танабау» тағылған баланың ата-анасы да өз кәдесін жасауы тиіс.
Бұқарбай батыр мен Мөрәлі Шәменов ауылдық мәдениет үйлері желісі үзіліп бара жатқан осы салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртып, елдің ыстық ықыласына бөленді.
Бұдан әрі мерекелік шаралар «Ұлттық киім» күнімен жал­ғасты. Қаракеткен ауылдық клубы мен Далдабай ауыл­дық клубының ұйымдастыруымен «Қырық жеті» дәстүрі сах­на­лан­ды. Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді қайта жаң­ғыртып, ұлыстың ұлы күні қарсаңында мерекелік көңіл-күй сый­лаған өнерпаздар аталған салт-дәстүрдің мән-маңызын ашып, көріністері арқылы кеңінен насихаттады.
«Қырық жеті» – бұрынырақ қыздың қалыңмалына қатысты қолданыста болған дәстүр. Қазақ халқы қыз туса, «қырық жеті» ұл туса, «атұстар» деп сүйіншілеген. Себебі «Қалыңмалға қырық жетіні матап бердім» деген сөз бар. Бұл сөз өткен ғасырларда жиі айтылып, кеңінен қолданыста болған. Әрине «қырық жеті» дегені, осынша бас малды білдіреді.
«Неге 48 немесе 50 емес?» деуіңіз мүмкін. Қазақ неге 47-ге тоқтаған? Бұл санның да мән-мағынасы бар. Біріншіден, қазақта 40 пен 7 сандары ежелден қасиетті саналады. Мысалы, «қырықтың бірі – Қыдыр, қызға қырық үйден тыйым, қырық күн шілде немесе қырқынан шығару» десе, жеті қазына, жігітке жеті өнер де аз, жеті қат жер мен жеті жұрт сынды қалыптасып, болмысымызға сіңіп кеткен әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарымыз бар. Қыздың қалыңмалына қырық пен жетіні қосып, «қырық жетіге» тоқтауы осыдан.
Орталық алаңда «Нәзір» ұлттық салт-дәстүрін көрі­ністеріне арқау еткен Аққыр ауылдық клубы барлық сән-салтанатымен үйлескен ұлттық киімімен нағыз қазақы болмысымызды көз алдымызға әкелді. Еңкейген қариясынан еңбектеген баласына дейін ұлттық тағамдары мен жеті қазынасын ала келіп, киелі сахнаны думанға бөледі. Қандай да бір күрделі, игі істі бастарда ауыл-аймақты, туған-туысты жиып, батасын алып, «көп түкірсе көл» дейтін аталы сөзімізді айтып, ұлтымыздың ізгі дәстүрін айқындау ұмыт болмағаны абзал.

Ақнұр БОЛАТҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: