Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:33

Құрыш қолды құрылысшы

07.06.2022

680

0

Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы жылдарында Жалағаш қыстағында дүниеге келген Базарбай Наурызбаевтың елді мекеннің еңсесін тіктеуде қажырлы еңбек еткенін көпшілік қауым біле бермеуі мүмкін. Ел басына күн туғанда ауыл азаматтары майданға Отанын қорғауға аттанып жатты. Солардың қатарында әкесі Наурызбай Мысықбаев Кеңес армиясы қатарына шақырылғанда Базарбай бар-жоғы 6 айлық анасының құрсағында қалған екен. Соғыс деген – тажал, кескілескен ұрыста қарша бораған жау оғынан аман қалу екіталай екені анық. Қазақстандық жауынгерлермен бірге майдан даласында жаумен жан аямай шайқасып жүрген әкесінен соңғы кездері хат келмей хабарсыз кетті. Әрине әр адамның маңдайына жазылған тағдыры, өмір жолы болады. Өмір деген – сынақ. Сол сынаққа Базекеңдей еңбегіңмен төтеп беріп, тіршілік етсең ғана мақсатыңа жетесің.

Анасының маңдайына жесірлікті, баласына жетімдікті жазыпты. Өзінен екі жас үлкендігі бар ағасы Жұматай екеуі қиындықты бірге көріп, еңбекпен ерте есейді. Соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын дамыту, халық шаруа­шылығын қалпына келтіру кезең­дерінің қиыншылықтарын көзімен көріп, халқымен бірге көтерді. Ер азаматы майданға кетіп, отбасының ауырт­палығын өз мойнына алған анасы Шоқатай Теңізбаева (РТС-та) техни­калық жөндеу станциясында қарауыл бо­лып жұмыс істейді. Кейін еден жуып, ақысына азын-аулақ жалақы алып, балаларын асырайды. Тал бе­сікте тербеліп, белі қатаймаған бала Базарбай анасына еріп жұмысқа ара­ласты. Бірде қамыс шауып қыстық отын дайындаса, енді бірде лай жасап, кесек құйып, анасына көмекші әрі қолқанат болды.
Арман адамды алға жетелейді. 1960 жылы орта мектепті бітірісімен Өзбекстанның Бұқара қаласындағы құ­­рылыс техникумына түсіп, оны абы­роймен аяқтаған соң Базарбай ма­ман­дық алып туған ауылына оралады. Ол кезде қазіргі Ақсу, Таң, М.Шәменов атын­дағы шаруашылықтар енші алма­ған бір ғана Коммунизм кеңшары бо­латын. Оның бағына орай сол кезде кеңшарды еңбегімен елдің құрметіне бөленген іскер басшы Мөрәлі Шәменов басқарады екен.
Директордың қабылдауына барып, имене кіріп дипломын ұсынған Мөкең де көңілді екен. Жылы жүзбен күліп қарсы алды.
– Бізге құрылыс мамандары ауа­дай қажет. Бірақ бақыт деген өздігінен келмейді. Адам бойындағы талант­тың көлемі бір-ақ пайыз болса, қалған тоқсан пайызы тер төгіп, еңбектенумен келеді. Адал еңбек адамды абырой даңққа бөлейді. Ал енді талабың оң болсын, жұмысыңа сәттілік тілеймін, – дейді Мөрәлі Шәменов.
Осындай ел басқарған азаматтың алдынан өтіп, батасын алған Базарбай көңілі көтеріліп, қуанып кетті. Сөйтіп жиырма жастан енді асқан жас жігіт кеңшардың құрылыс прорабы болып шыға келді.
Әрине «Жақсыдан шарапат» деген, тұғырлы тұлға қоғам қайраткерінің көз алдында, қарамағында жүріп қызмет ету – жас маман үшін үлкен ғанибет. Әрі тәрбие, тәжірибе мектебі еді. Сол кездері Жалағаш қыстағымен шектесіп жатқан ауыл орталығында мәдени ошақтар мен тұрғын үйлер салынып, құрылыс жұмыстары қызу қарқын алды. «Жас келсе іске» демекші қалаған мамандығы бойынша іске құлшына кірісті.
Ол кезде совхоздың құрылыс саласында 200-ге жуық адам жұмыс жасайтын, жұмыс ауқымы үлкен және құрамында әртүрлі ұлттың өкілдері еңбек етті. Алпысыншы жылдардан кейін мұнда монша, клуб, үлкен дүкен, балабақша, жылу қазаны, ондаған тұрғын үй бой көтерді. Парк салынып, мыңдаған метр су және жылу жүйелері тартылды. Осы кездегі Таң, Ақсу ауылдары Коммунизм совхозының бөлімшелері болатын. Бұл бөлімшелерде де құрылыс жұмыстары жүріп жатты. Атап айтар болсақ, дәрігерлік пункт, пошта, кітапхана, тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттар салынып, пайдалануға берілді.
Сол сияқты «Ахмет базы», «Бостай базы», «Тоқтамұрат базы», «Төрттам базы» сол жылдары салынған құры­лыс­тар еді. 1963 жылдан 1978 жылға дейін он төрт жыл үздіксіз прораб болып жұмыс атқарған Базекең осы аталған жұ­мыстарға тікелей өзі араласып, қол­таңбасын қалдыр­ды. Уақытпен санас­пай еңбек етіп, іскерлігімен, ұйым­дас­ты­рушылық қабілетімен көзге түсті. Құрылыс жұмыс­тарын атқара жүріп, 1984 жылы Алматыдағы архитектура құрылыс институтын сырттай оқып, жоғары мамандық алуды да ұмытпады.
1978 жылы аудандағы коммуналдық шаруашылық мекемесіне басшылыққа тағайындалғанда Базекеңнің қызмет бабындағы келесі белесі басталған еді. Сол кездегі аудандағы күрмеуге келмейтін қиын мәселелер қыстақтағы мекемелер мен тұрғындарды ауыз сумен және жылумен қамтамасыз ету еді. Сол себепті де бұл абырой бермейтін мекемеге басшы тұрақтамаса керек.
Біраз жыл құрылыс саласында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған бі­лікті маман бұл қызметте де жоғары қабі­летімен танылып, тынымсыз еңбек етті. Осы қызмет еткен жиырма жыл бойы қыстақта тұратын халықты ауыз сумен, жаз айларында аяқ сумен қамтамасыз ету бағытында жұмыс жасады. Сол кездері 4 жылу қазандығы 20 шақырым ауыз су жүйесі, 54 орындық мейманхана, 50 орындық монша, 4 мектеп, балабақша, мәдениет үйі мен кинотеатр, аудандық аурухана жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетті. Солармен бірге ондаған мекеменің кеңселері мен коммуналдық тұрғын үйлер жылуын тұрақты қамтамасыз ету оңай шаруа емес еді.
Несін жасырамыз, қылшылдаған қыстың суық күндерінде Базекеңді жылу қазандығынан көрсек, жаз айларында арық жағалап, аяқ су мәсе­лесімен айналысып жүргенде кез­дес­тіретінбіз. Күн-түн демей, жұмыс ба­сынан табылып, өз міндетін адал ат­қарған табанды жігітке тұрғындар да дән риза еді. Аудан орталығында екі­қабатты үйлер салу, жеке үйлерге құбыр тарту, орталық алаңды, көше­лерді абаттандыру жұмыстарына тіке­лей басшылық жасап, қомақты үле­сін қосты.
1983 жылы колхозаралық құ­рылыс мекемесіне басшылыққа тағайын­далған ол бұл мекеменің де жұмы­сын дөңгелентіп әкетті. Жалағаш пен Қармақшы аудандарының ұжымша­рында қызмет ететін мекеменің жұмы­сы өте ауқымды еді. Екі ауданның ауыл орталықтарында мәдени ошақтар, сауда үйлері, тұрғын үйлер салынып, бой көтерді. Көшелерге тас төселіп, асфальтталды.
1988 жылы аудан орталығындағы құрылыс мекемелері топтастырылып, бір орталыққа, яғни ауыз су және коммуналдық шаруашылық мекемесі болып қайта құрылғанда бұл мекемені басқару тізгіні Базарбай Наурызбаевқа жүктелді. Шынымен де құрылыс саласындағы қызметіне қарап ел оған үлкен сенім артты.
Ел үміті алдамапты, жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын еңбекқор азамат жауапкершілігі мол жауапты қызметті абыроймен атқарды. Қаржы тапшылығы қинап тұрған нарық ке­зеңінде де жоқтан бар жасап, жұ­мысын жүргізді. Су құбырлары жаңадан салынып, ауыз су жүйелері ұзар­­тылды. Жылу қазандықтары са­лы­нып, іске қосылды. Ауыз су, аяқ су мәселелері біртіндеп шешімін тапты. Жалпы Жалағаш қыстағының тұрғын­дары ком­муналдық қызметті пайда­ла­нып, игі­лі­гін көрді. Әлі де көріп келеді.
Өз мамандығын жанындай жақсы көріп, халықтың сенім үдесінен шыға білу адамды белгілі биіктерге жетелейді. Сол жолда жақсы адамдардың септігі көп әсер етеді. Ойлап отырсақ, ау­дан­да көптеген ел басқарған аза­мат­­тармен, білікті мамандармен бір­лесіп, бір мақсатта қызмет етті. Әр жыл­дары ауданда басшылық жасаған мемлекет және қоғам қайраткері И.Әбдікәрімов, С.Аманов, Қ.Қазантаев, С.Далдабаев, Б.Қаюпов, Қ.Баймаханов, М.Әбдіразақов, С.Мұқашев, Н.Серма­ханова, Ә.Әбекенов, Е.Тұра­баев секілді азаматтармен бір­лесіп жұмыс жасап, құрылыс саласы мен коммуналдық қызметтің қалыптасу ке­зеңінде кез­дескен қиыншылықтарды бір­ге көрді.
Еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Көпжылдық жемісті еңбегі, Қазақстан республикасының құрылыс саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің «Құрмет» грамота­сы­мен марапатталды. 2018 жылы Б.Нау­рыз­баевтың аты-жөні мен өмір жолы Қазақстанның «Құрмет кітабына» жа­зылды. Сондай-ақ «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» және «Жала­ғаш ауданының құрметті азаматы» ата­ғына ие болуы – оның елге сіңірген адал еңбегіне берілген әділ баға іспеттес. Бұдан өзге де жергілікті органдардан алған марапаттары бір басына жетіп артылады.
2016 жыл оның есінде қалар ерекше қуанышты жыл болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында хабарсыз кеткен әкесі Мысықбаев Наурызбайдың жаумен шайқас кезінде ерлікпен қаза тауып, Ресейдің Ржев қаласында жерленгені жөнінде хабар келіп жетті. Сондағы қуанышын көрсең… Себебі сұрапыл соғысқа қатысып, хабарсыз кеткен әкесін қайткенде іздеп табу көптен бері көкейінде жүрген арманы еді. Сол бір арманы орындалып, облыс әкімінің қолдауымен бір топ делегацияның құрамында Ржев қаласында жерленген №101 атқыштар дивизиясының жауын­герлеріне арналған мемориалды ес­керт­­кіштің ашылу рәсіміне қатысып қайтты.
Осы №101 атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің тізімдері қатарынан өз әкесінің аты-жөнін көріп, қуаныштан көзіне жас алды. Ауылдан алып барған бір уыс топырағын қабір басына салып, зиярат етіп, гүл шоқтарын қойды. Елге оралған соң әкесіне арнап ас беріп, құран бағыштады.
Әр азаматтың еңбегіне қарап бағасын беретін халық қашан да әділ сыншы ғой. Сайлау бәсекесінде де халық қалаулысын өзі таңдайды. 2003 жыл сайлауға қатысып, Базекең көпшілік дауыспен аудандық мәслихаттың де­путаты болып сайланды. Сөйтіп өзін депутат етіп сайлаған аймақ сай­лау­шыларының сеніміне ие болып, ама­натын арқалады.
Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Сол кезде қыстақ орталығында кезегін күтіп тұрған түйткілді мәселелер көп еді. Әсіресе халық қалаулысы коммуналдық қызметке, оның ішінде ауыз су, жылу жүйесіне, көшелерді абаттандыру, жа­рықтандыру мәселелерін қозғап, оң шешімін табуына ықпалын тигізді.
– Қолымнан келгенше күш-жіге­рімді жұмсап, туған жеріме қызмет еттім. Шүкір, абыройсыз емеспін. Мен үшін халықтың берген бағасы, алғысы мен құрметінен үлкен марапат жоқ, – дейді ардагер құрылысшы.
Қазақ халқында «Жақсы жар – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» деген даналық сөз бар. Базекеңнің несібесіне ажарына ақылы сай, еңбекқор, ина­бат­ты қыз кездесті. Әуелден бастаған адал махаббат, шынайы сезімі мен сыйластық отбасына құт-береке әкел­ді. Жұбайы Рахима балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп, зейнет­керлікке шықты. Балалары да ер жетіп, жоғары білім алып, өмірден өз орын­дарын тапты. Мәселен, үлкен ба­ласы Амангелді аудандық әскери ко­миссариатта, Төреханы газ тарату ме­кемесінде, Төлеген мен Анары эко­номист, Ажары мектепте мұғалім болып ұстаздық қызмет атқарады.
Адамдардың жасы келіп қартаюы – физиологиялық табиғи процес. Ал ұзақ жасаумен бірге өмірлік тәжірибе арқылы келетін ақыл-парасатты, абы­рой­ды иелену кез келген адамның қо­лынан келе беретін оңай шаруа емес. Халықтың алғысы мен құрметіне бө­леніп, сексеннің сеңгіріне шыққан құр­метті қарт құрылысшының тағы­лым­ға толы ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі.

Серік БЕРТАЕВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі,
ардагер журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: