Су тасқыны басталғалы эвакуация аймақтарынан 72 мыңнан астам адам құтқарылған. Оның 16 мыңы – бала. Эвакуацияланған халықтың үштен бірі ғана уақытша қоныстандыру орындарына орналасқан, қалғаны туыстарына кеткен. Қазір Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жағдай күрделі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан зардап шеккен халыққа басу айтып, қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Үндеу жариялады.
– Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі. Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес. Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын. Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Расында қазір халқымыздың жағдайы мәз емес. Бірлігіміз мығым болса, бұл мәселені де еңсереміз. Қазіргі таңда Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3 686 жеке үй, 557 аула және 1 822 саяжай су астында қалған. Эвакуация пунктерінде 14 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Апат-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 1 300-ге жуық техника, 7 тікұшақ жұмылдырылған.
Айта кетейік, еліміздегі еріктілерден құралған топтар да сын сағатта қол қусырып отырмады. Еліміздің әрбір қаласынан қарғын судан зардап шеккен аумақтарға гуманитарлық көмек беруде. Олар әлі күнге дейін қажетті киім-кешектер мен азық-түліктер жіберіп жатыр. Тіпті көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия мемлекеттері де «Біз біргеміз» деп ағайынның қайғысына ортақтасып, азық-түлік, киім-кешек толы жүк көліктерімен келіп жетті.
– Қазақстанның батыс, солтүстік және шығыс өңірлерінде орын алған су тасқыны біздің де қабырғамызды қайыстырып отыр. Сел апатынан зардап шеккен барша ағайынмен әрдайым біргеміз. Оларға қымбатты Мусиад мүшелері, меценаттар гуманитарлық көмек жөнелтіп отыр. Гуманитарлық көмек – 110 жәшік азық-түлік және 40 дана кілемнен құралды. Қазір – қасиетті Рамазан айының соңғы күндері. Біз осы қасиетті айда зардап шеккендермен біргеміз, – деді Түркия Республикасының Бас консулы Эврен Мүдеррисоғлу.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккен қазақстандықтарға жарамсыз болған үйлерінің орнына жаңадан үй салынып, әр үйге 22 млн теңгеден бөлінеді. Яғни мамандар 80 шаршы метрлік бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалаған. Бір шаршы метрі 281 мың теңгені құрайды.
Қысылтаяң шақта осы қолдаулардың өзі әрбір қазақстандықты әбігерге салмауға көмек берері анық. Әлі-ақ бұл қиындықты халықпен бірге жұмыла еңсереміз. Бастысы, өз арамызда жалған ақпарат таратпай, бірлікте болу маңызды. Ал алдағы уақытта кеткен олқылықтарды түзеп, топан сумен күресуде шетелдік тәжірибелерді қолданып, келесіде бұл мәселелердің қайталануына жол бермеу қажет. Зардап шеккен әр қазақстандықпен біргеміз, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!