Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 16:28

72 мың адам құтқарылды

09.04.2024

981

0

Су тасқыны басталғалы эвакуация аймақтарынан 72 мыңнан астам адам құтқарылған. Оның 16 мыңы – бала. Эвакуацияланған халықтың үштен бірі ғана уақытша қоныстандыру орындарына орналасқан, қалғаны туыстарына кеткен. Қазір Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жағдай күрделі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан зар­дап шеккен халыққа басу айтып, қа­лыптасқан ауыр жағдайға байла­нысты Үндеу жариялады.
– Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бас­тысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен аза­мат­­тарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Бар­шаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шы­ғындар толық өтеледі. Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шы­ға­руымыз керек. Яғни жіберілген ол­қы­лықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуы­мыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес. Апаттардың алдын алу жұ­мы­­сындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы ор­ган­дар су тасқынымен күресті тиім­ді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қам­та­масыз ету қажет. Бұқаралық ақпа­рат құралдарына, белсенді азамат­тарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпа­рат­тарды таратпау қажет. Қазіргі уа­­қытта билік пен қоғамды ұйыс­ты­ра­тын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақ­­па­рат көздеріне сүйенуге ша­қырамын. Құтқарушыларға, тәртіп сақ­шы­ла­рына, волонтерлерге және апат­пен кү­ресуге атсалысып жатқан барша жұрт­қа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қо­лы­мыздан келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Расында қазір халқымыздың жағ­дайы мәз емес. Бірлігіміз мығым болса, бұл мәселені де еңсереміз. Қазіргі таңда Атырау, Ақтөбе, Ақ­мола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Сол­түс­тік Қазақстан және Павлодар об­лыс­тарында 3 686 жеке үй, 557 аула және 1 822 саяжай су астында қал­ған. Эвакуация пунктерінде 14 мың­нан астам адам тұрып жатыр. Апат-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан ас­там адам, 1 300-ге жуық техника, 7 тікұшақ жұмылдырылған.
Айта кетейік, еліміздегі еріктілерден құралған топтар да сын сағатта қол қусырып отырмады. Еліміздің әрбір қаласынан қарғын судан зардап шек­кен аумақтарға гуманитарлық кө­­мек бе­руде. Олар әлі күнге дейін қа­жет­ті киім-кешектер мен азық-тү­лік­тер жі­беріп жатыр. Тіпті көршілес Қырғызстан, Өз­бе­кс­тан және Түр­кия мемлекеттері де «Біз біргеміз» деп ағайынның қайғысына ортақтасып, азық-түлік, киім-кешек толы жүк көліктерімен келіп жетті.
– Қазақстанның батыс, солтүстік және шығыс өңірлерінде орын алған су тасқыны біздің де қабырғамызды қайыс­тырып отыр. Сел апатынан зар­­дап шеккен барша ағайынмен әр­дайым біргеміз. Оларға қымбатты Му­сиад мүшелері, меценаттар гума­ни­тарлық көмек жөнелтіп отыр. Гума­нитарлық көмек – 110 жәшік азық-түлік және 40 дана кілемнен құралды. Қа­зір – қасиетті Рамазан айының соңғы күндері. Біз осы қасиетті айда зардап шек­кендермен біргеміз, – деді Түркия Республикасының Бас консулы Эврен Мүдеррисоғлу.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, та­биғи апаттан зардап шеккен қазақ­стан­дықтарға жарамсыз болған үй­лерінің орнына жаңадан үй салынып, әр үйге 22 млн теңгеден бөлінеді. Яғни мамандар 80 шаршы метрлік бір үйдің құнын 22 млн теңге деп баға­лаған. Бір шаршы метрі 281 мың теңгені құрайды.
Қысылтаяң шақта осы қолдау­лар­дың өзі әрбір қазақстандықты әбі­гер­ге салмауға көмек берері анық. Әлі-ақ бұл қиындықты халықпен бірге жұмыла еңсереміз. Бастысы, өз арамызда жалған ақпарат таратпай, бірлікте болу маңызды. Ал алдағы уақытта кеткен олқылықтарды түзеп, топан сумен күресуде шетелдік тәжірибелерді қолданып, келесіде бұл мәселелердің қайталануына жол бермеу қажет. Зардап шеккен әр қазақстандықпен біргеміз, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: