Қазіргі таңда елімізде ауылды дамыту мәселесіне қатысты бірнеше бағдарлама қабылданған. Оларды жүзеге асыруға қомақты қаржы да бөлінуде. Бір қуантатыны, ауданымызға қарасты ауылдардың дамуы тұрғысында ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже мен жаңалық жетерлік. Олай болары заңдылық, өткен тарихымыз көрсеткендей, біздің ауыл шаруашылығы мен ауылдың есебінен өмір сүріп жатқан жайымыз бар.
Ауданда өрісті жобалар қолға алынып, қарқынды даму жолына түскен ауылдың бірі – Аққұм. Бүгінде ауыл кәсіпті, шаруашылық жүргізудің озық үлгілерін алып келумен, яғни өз әлеуетіне арқа сүйеу арқылы әлеуметін арттырып отыр.
Қазіргі таңда Аққұм ауылдық округінде 380 отбасында 1845 халық тұрады. Елді мекенде 2 заңды тұлға, 13 шаруа қожалық, 5 бюджеттік мекеме және пошта байланыс бөлімшесі, учаскелік полиция пункті, бір мешіт халыққа қызмет көрсетеді.
Былтыр ауылға абаттандыру мен көгалдандыруға 1 млн теңге бөлініп, елді мекен аумағында билбордтарды жаңарту, әктеу, бояу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ санитариялық жұмыстарға 1 млн теңге қаралып, көшелер қоқыстардан тазартылған. Ауылішілік Желтоқсан, І.Доспанбетов көшесіне түнгі жарық шамдары ауыстырылған.
«Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген тәмсілге сүйенген аққұмдықтар ауылды абаттандыруға өздері де үлес қосуда. Әсіресе кәсіпкерлер бұл тұрғыда белсенді. М.Нұрқожаев көшесі мен орталық алаңға «Бірлік-А» шаруа қожалығы 1,2 млн тенгеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізген. 1986 жылғы ауыл түлектері «Тайман қари» мешітіне 2 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын жасап берген. Тұрғындардың ортақ қорынан жиналған қаражатқа А.Бисенов атындағы №38 орта мектептің ауласына типтік жобада жылыжай орнатылған. Бүгінде орталық алаңға ауыл азаматтары 8 млн теңгеге Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш тақта орнату жұмыстарын жүргізуде.
Ерекше тоқталатын жайт, биыл ауылда жол құрылысы қарқын алған. Аққұмның әкімі Алтынбек Асанбековтың айтуынша, ауылда 14 ішкі көше бар. 10 көшенің жөндеу жұмыстарына 472 млн теңге мемлекеттен қаржы қаралған. Былтыр оның 2-еуі күрделі жөндеуден өтсе, биылғы жылдың еншісінде тағы 8 көше бар екен. Бүгінде мердігер мекеме Лекеров пен Доспанбетов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстарын жасауда.
Сонымен қатар қазіргі таңда ауылда кәсіппен айналысатын азаматтар қатары едәуір артқан. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері 20 кәсіпкерлік субъектісі кірістер басқармасына тіркелген. Мәселен, «Бірлік-А» ШҚ «ҚазАгро Қаржы» ұйымы арқылы «Сыр бойы» қаржы ұйымынан егін шаруашылығына 46,5 млн тенге қаржылай қолдау тауып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Ауыл тұрғыны Майра Смайлова мал шаруашылығына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан 5 млн теңге несие алған. Сондай-ақ 4 ауыл тұрғыны «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2,5 пайыздық несиеге құжат өткізіп, бүгінде қаржыландыруын күтуде. Ал 9 ауыл тұрғыны кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 1 380 000 теңге қайтарымсыз грант алып, екі қолға бір күрек тапқан.
Аққұмдықтар «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деген Бейімбет Майлиннің ұранын өз ұстанымына айналдырғандай. Иә, ауыл ажарланса, қазақтың да маңдайы жарқырағаны, дамудың қарқын алғаны емес пе?
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!